ЕЛ АСТАНАСЫНЫҢ «НҰРСҰЛТАН» ДЕП АТАЛУЫН КӨЗДЕЙТІН ЗАҢДЫ ҚОЛДАЙМЫН
Atr.kz/20 наурыз, 2019 жыл. «2019 жыл, 19 наурыз, Астана уақытымен 19-00. Бұл сәт Елбасының ең маңызды мәлімдемесі жарияланған күн ретінде тарихта қалды» дейді атыраулық ғалым, тарих ғылымдарының докторы Жәмиға Таңатарова.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзі айтып өткендей мәлімдеме кез келген уақытта жасалмайды, — дейді ол. – Бірақ көпшілік оны бұл жолы да жақсылыққа жорыған еді. Алайда, күтпеген шешім естіп, біраз есеңгіреп қалғанымыз шындық. Осындай шешімі арқылы Елбасы өзгелерге үлгі көрсетті деуге болады. Президенттің өз еркімен өкілеттілігін тоқтатуы – бұл рухтың мықтылығы. Өйткені, әлем тарихында өз еркімен биліктен босатуын сұраған мемлекет басшысы бұрын-соңды болған емес.
Сондықтан, енді Елбасы есімін мәңгілік ұлығылауға жұмыстануымыз қажет. Осы орайда, ел астанасының «Нұрсұлтан» деп аталуын толықтай құптайтынымды жеткізгім келеді. Елімізді қиын кезеңдерден бері басқарып келе жатқан оның жаңа тұрпатты қазақ мемлекетін орнатудағы үлесі зор. Ол бар жан-тәнімен халқын, Отанын, жерін, тарихын сүйген жан. Ерік-жігері , үлкен жүректі азамат. Осыны ойлағанда, көңілімізде ерекше толқыныс пайда болады екен. Олай болса, оған деген үлкен құрмет есебінде біз ел астанасын «Нұрсұлтан» деп атауымыз қажет-ақ.