Жарнама
Жаңалықтар

ЭКСПО-НЫ ОЙДАҒЫДАЙ ӨТКІЗУ – ЕЛІМІЗГЕ СЫН

 

– Бұл ретте, техникалық сипаттағы түйт­кілдер көп, олар: мәселелерді ше­шудің созылуы және өзара келісіл­меген­дігі, жұмыстың нашар ұйымдастырылуы. Жобалық-сметалық құжаттарды беру кестесінен кешігудің негізгі себебі жобалауды басқару ісінің мүлде жоқтығы болып отыр. Негізгі құжаттаманың бө­ліктерін әзірлеу ісі қосарлы ұйымдар арасында бөлініске түскен. Көрме учаскесі маңындағы жер ресурстары тиімсіз пайдаланылуда. Бұдан бөлек, нысандар құрылысында бағаны тым өсіру орын алып отыр, бұл қаражаттың талан-таражға түсуіне соқтырады. Арнайы айтылуға тиіс жайттың бірі – қаржыландыру. Еліміздің экспорттық тауарларының бағасы төмендеуін ескерсек, бюджетке қажетті қаражат толық түспей отыр. Сондықтан, бізге «ЭКСПО» үшін де, Универсиада үшін де қатаң үнемдеуге тура келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрмені табыс­ты өткізу оның тақырыбының толық ашылуына, елдердің көбірек қатысуына, келушілерді тарта білуге, жаһандық серіктестермен, демеушілермен ойдағыдай деңгейде жұмыс жүргізуге байланысты екеніне тоқталып өтті.

– Бұл орайда көрмені табысты өткізген елдердің – Португалияның 1998 жылғы Лиссабонда, Қытайдың 2010 жылы Шанхайда өткізген көрме­сінің тәжірибесін зерттеу керек. Атал­ған елдерде ұйымдастырушылар бар­лық ұйымдастыру мәселелерін сауатты жүргізіп, нысандардың көрме­ден соң пайдаланылу, оларды жалпы қаланың жүйесімен үйлестіру мәселе­лерін де қамтыды. Сонымен бірге, қателік­терге жол бермес үшін мұндай көрме­лер жұ­мы­сының Испанияның Сара­госа, Оң­түстік Кореяның Ёсу қалалар­ынд­а­ғы­дай нашар болуының да себептерін түсіне білген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінге дейін өздерінің қатысатынын тек 30 ел ғана растап, 5-еуі ғана комиссарларын айқындағанына назар аударды. Бұл ретте, көрмеге қатысу туралы бірде-бір келісім-шартқа қол қойылмаған.

– Мемлекеттік бюджеттің жи­нақ­талуының тетіктері баршаға белгілі. Егер біз шақырып отырған қатысушылар тиісті қаражатты әлі бөлмесе, олар мұны 2017 жылға қарай да жасай алмайды. Сондықтан, шығыстарды жылдық жоспарға енгізулері үшін олардың келісімін алдын ала алу керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы осыған байланысты Сыртқы істер министрлігіне комиссармен бірлесіп, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылардан ресми растау келісімін алу ісін ұйымдастыруды тапсырды. Инвестициялар және даму  министрі Ә.Исекешевке, Энергетика министрі В.Школьникке, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына қатысушы елдермен жұмыс жүргізу кезінде олардың павильондарын, материалдарын қоюды ұйымдастыру, келушілерді тартуға мейлінше көбірек қаражат салулары үшін тақырыпты ашуға жағдай жасау мәселелерін нақтылау тапсырылды.

Қазақстан Президенті баламалы технологияларды қолдану саласындағы негізгі 20 елге ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Сонымен қатар, көрмені ілгерілету және қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін қаражат тарту аясында Қазақстанда жұмыс жасап жатқан ірі халықаралық компаниялардың әлеуетін пайдаланған жөн.

Нұрсұлтан Назарбаев елде және шетелдерде көрмені кең таныту арқылы келушілерді тарту саласында көп жұмыс істелуі тиістігін атап өтті.

– Бүгінде айқын коммуникативтік-медиалық жоспар жоқ, имидждік жұмыс мәселесі жүйелі түрде нақтыланбаған, барлық күш-жігер тек бір жолғы іс-шаралар өткізуге бағытталған. Тек сауатты ойластырылған стратегия ғана көрменің табысты өтуінің тағы бір көрсеткішіне – елге туристер тартып, 5 миллион  адамның келуіне қол жеткізуге мүмкіндік туғыза алады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, әлемдік қоғамдастықтың алдағы көрме туралы ақпараттандырылу деңгейі төмен екендігін атап өтті.

– Елдерді қатысуға шақыру үшін ірі экономикалық, туристік форумдарда, спорт шараларында, алдағы Давос форумында, Санкт-Петербург форумында, Астана экономикалық форумында көрме тақырыбы бойынша таныстырылымдар ұйымдастыру қажет. Бұл ретте,  қатысушылардың 85%-ы өз отандастарымыз болады, сондықтан, біз әр өңірден қанша турист келетінін, олардың қалай жететінін, қайда орналасатынын білуге тиіспіз. Барлық қала және облыстар әкімдері қолдағы бүкіл ресурсты іске қосып, көрмені өткізудің қажеттігі мен мақсатын әр адамға ұғындыруы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа, Инвестициялар және даму  министрі Ә.Исекешевке, сондай-ақ, әкімдерге көрмені халықаралық деңгейде және ел ішінде насихаттау жоспарын әзірлеп, оны сапалы түрде іске асыруды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев келу шілердің күн сайын өте көп болуы қаланың барлық қызметтері үшін айтарлықтай қиындық әкелетінін айтты.

– Визалық қолдауды, кедендік рәсімдеулерді, қонақ үйлер, таксилер мен ресторандар жұмысын ұйымдастыруды қамтитын барлық сервистер мұқият пысықталып, өзара байланысты түрде әрі ең жоғары деңгейде көрсетілуге тиіс. Әсіресе, қызмет көрсетушілердің тілдік сауаттылығына ерекше назар аудару қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Б.Са­ғын­таевқа, ұлттық компанияларға әкім­дермен бірге ел өңірлері халқының ЭКСПО-ға қатысуына тиісті жағдай жасау, квоталармен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 көрмесін ілгерілету жөнінде туристік қоғамдастықпен арадағы жұмысты жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

– Халықты жайғастыру орындарын, көлікті, логистиканы, жол бойы инфрақұрылымын дамытуды қамтитын өңірлік туристік бағдарларды нақтылаған жөн. Туристердің әртүрлі бағыттар бо­йынша Қазақстанның өзге де өңірлеріне бару мүмкіндіктерін алдын ала ойлас­тыру керек. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына «Эйр Астана» және «Қазақстан темір жолы» компанияларымен бірлесіп, ұшақ және темір жол билеттерінің көрмеге тегін бару құқығын қамтуы мәселесін пысықтауды тапсырамын, мұндай жұмысты өзге де авиакомпаниялармен жүргізген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мазмұнды мәдени бағдарламалар әзірлеу қажеттігін айта келіп, келушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі арнайы көңіл бөлуді қажет ететініне назар аударды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көрменің пайда әкелуін қамтамасыз ету тақырыбын да қозғап өтті.

– Жария етілген Тіркеу досьесіне сәйкес, біз демеушіліктен, билет сатудан, тамақтандырудан, қызметтер көрсетуден 330 млн. еуроға жуық кіріс алуды көздеп отырмыз. Бұл ретте, жаһандық демеушілермен арада келісімдерге қол қою ЭКСПО-2017 көрмесінің кірістілігі мәселесін оң шешу үшін бас­ты мәселе болып саналады. Досье жос­пары бойынша, біз тек демеушіліктен, соның ішінде ЭКСПО-ның жаһандық 8 серіктесін тартудан 200 млн. еуродан астам қаражат табуға тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрмеге әлемдік компанияларды тарту оның беделіне оң ықпал етіп, елімізге инвес­тициялар әкелетінін айтты.

– Бұл – көрменің танымалдылығы мен насихаты үшін үлкен демеу. Ол дүниежүзіне белгілі брендтерді әлемдік қоғамдастықтың есіне салып, көрмені әрбір құрлықта насихаттауға көмектеседі. Бүгінде Қазақстан  – экономикалық тұрғыдан тұрақты, инвестиция және ынтымақтастық үшін тартымды ел, бірақ егер құр әншейін күтіп отыра берсек, ешкім де келмейді. Бұл бағытта белсенді түрде жұмыс жүргізіп, қолдағы барлық ресурстарымызды пайдаланғанымыз жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Нұрсұлтан Назарбаев әлемде көпшілік жұрт жиналған іс-шаралар кезінде орын алып жатқан оқиғалардың терроризм қаупін барған сайын өткір мәселеге айналдырып отырғанына тоқталды.

– Елдің құқық қорғау органдары қазірден бастап алдын ала дайындалып, тиісті жоспарларын әзірлеуге тиіс. Күштік құрылымдар блогының бәрінің жұмысы үйлесімді болуы қажет. Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Сырбар» сыртқы барлау қызметіне көрмені өткізуге дайындықтың барлық кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл шараларын қабылдауды тапсырамын, –  деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы алдын ала оқытылатын волонтерлердің дайындығы сапалы болуы қажеттігіне назар аударды.

– Жаңа нәрселерді біліп, көптеген адамдармен кездесетін жастар үшін бұл қызық нәрсе. Бұл ретте волонтерларды тек Астанадан ғана емес, барлық өңірлерден де іріктеп алу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық үдерісіне қатысушылардың бәрінің үйлесімді және тиімді жұмысының маңыздылығын атап айтты.

– Қазір құрылымдар арасында өзара іс-қимыл жоқ екені көрініп тұр. Үкімет тарапынан осы барлық жұмысты үйлестіру мүлде байқалмайды. Әркім тек өзіне тиесілі тар шеңбердегі салаға ғана жа­уап бере алады, тиімді өзара ықпалдастық жоқ. Сондықтан, Премьер-министрден ЭКСПО-2017-ге дайындалуға және өткізуге Үкімет атынан  жауапты тұлғаны бекіту жөнінде ұсыныс енгізуді өтінемін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев eліміздің халықаралық имиджі маңызды мәселе болып саналатынын атап өтті.

– Өте аз уақыт қалды. Барлық мемлекеттік органдар белсене, келісе отырып, жұмыс істеуі керек. Үкіметке және кеңеске қатысушылардың барлығына алға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Көрмені лайықты деңгейде өткізу керек. Бұл біздің қолымыздан келетінін білемін. Бүгінде жағдай жеңіл емес, біз Ұлттық қордан қаражат бөліп отырмыз, әр теңгені тиімді жұмсау қажет. Сондықтан, еліміздің игілігі үшін бірлесе жұмыс жүргізген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев салынып жатқан «Mega» атты  сауда-сауық кешенін «Жібек жолы» (Silk way) деп атауды ұсынды.

Сонымен қатар, кеңес барысында алдағы көрмеге дайындықтың әр бағыты бойынша Астана қаласының әкімі, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ә.Жақсыбеков, министрлер – Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, Энергетика министрі В.Школьник,  Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов, сондай-ақ, түрлі компаниялар мен мердігер ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

«Егемен Қазақстан»

14.07.2015 ж.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button