Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Экономиканы  долларсыздандыру: теңгенің позициясын қайтсек нығайтамыз?

Әлемдік нарықтағы мұнай бағамының күн санап құбылуы, әсіресе дамушы мемлекеттердің экономикасына оңай тимей отыр. Кей валюталардың әлсіреуіне әкеліп соққан жағдайдан соң көршілес Өзбекстан, тіпті, ішкі нарықтағы доллар операциясына тыйым салу қадамдарына дейін барды.

Коллаж доллар

Жағдай Қазақстанға да әсерін тигізді. Жанармайдан бұрын азық-түлік, күнделікті тұтынатын тауар бағаларының күрт өсуі сынды жағдайлар қоғамдағы ахуалды әрі-сәрі күйге түсірді. Жағдайға байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев отандық экономиканы долларсыздандыру механизмін одан әрі жеделдетуді тапсырды.

Осылайша, ҚР Ұлттық Банкі теңге валютасымен депозит ашқандарға өтемақы төлеу операциясын бірінші болып бастады. Теңгенің тартымдылығын нығайту мақсатында  ұлттық валютадағы салымдар сыйақысы 10-нан 14 пайызға дейін артты. Керісінше, шетел валютасындағы депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі үштен екі пайызға дейін азайды.

Тақырыпқа байланысты ҚР Ұлттық Банкке сауал да жолдаған едік. Жауап-хатта «Экономиканы долларсыздандыру — АҚШ валютасына мүлде тыйым салу немесе қолданыстан алып тастау деген сөз емес. Біз экономикадағы теңгенің позициясын нығайтып, валюта ретіндегі төлем қабілетін күшейтуді көздеп отырмыз» деп атап өтіпті Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев.

Бас банкирдің айтуынша, бұл бағытта макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жылдық инфляция деңгейін біртіндеп түсіріп отыру және қолма-қол төлем операцияларын азайту көзделіп отыр. «Қазақстандағы төлем деңгейінің 90 пайыздан астамы қолма-қол жүргізіледі. Бұл жағдай салықтан жалтару оқиғаларының көбеюіне алып келеді» дейді Ұлттық Банк төрағасы. Сол себепті, елімізде, әсіресе, ірі көлемдегі сауда-саттықты ұлттық валютада банктік есеп-шот арқылы жүргізуге басымдық берілуде. Тіпті, үйдің немесе жердің сатылатындығы туралы хабарламаны интернет-сайттарға, дәстүрлі медиаға орналастыру үшін бағамды теңгемен көрсету — Ұлттық экономика министрлігінің арнайы ережесімен бекітілді.

Сарапшылар отандық экономиканы долларсыздандыру саясатының ұзақ уақытты қажет ететін үрдіс екендігін айтады. «Дәл қазіргі таңда экономиканы долларсыздандыру — теңгемен несие беруді жеңілдету, несие саясатында теңгеге басымдық беру және экспорт-импорт операцияларын доллардан тыс валюталармен жүргізу сынды қадамдармен іске асуда. Егер  АҚШ валютасының айналымдағы ықпалын 40 пайызға дейін түсірсек, нарықта тепе-теңдік орнар еді. Бірақ, бұл – уақыт еншісіндегі мәселе,» дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаев.

P.S. Ұлттық экономикадағы теңгенің позициясын күшейту үшін отандық өндірісті дамыту да керек. Және қосарымыз, халықтың екінші деңгейлі банктерге деген сенімін қайтару қажет. Ислам банктері, әдетте, салымшыларын депозиттің пайыздық үстемесіне ғана қаратып қоймай, олардың түрлі әлеуметтік жобаларға инвестор болып, қаржы салуына мүмкіндік береді екен. Осындай тетіктерді іске қосу бізге де артық етпейтін сияқты…

Асқар ЕЛЕМЕСОВ, Қазақстан Қаржыгерлері Қауымдастығының төрағасы:

Банк  секторындағы  саясат өзгеруі  керек

2000 жылдары қаржылық дағдарыстан аса қиналмай шығып кеттік. Себебі, біздің экономикаға бидай, металл мен мұнай көмекке келді. Қазіргі таңда өндіріс нарығын, бөлшектік сауданы және тұрғын үй құрылысымен айналысатын  мемлекеттік емес секторды дамыту керек.

Ал, екінші деңгейлі банктер несие беру, депозит сақтаумен  шектеліп қоймай, экономикадағы рөлін күшейтуі тиіс. Пайыздық үстеме қосумен айналысуды қойып, тұтынушыларының бизнесті кеңейтіп, дамытуына мүмкіндік беруі керек.

Данияр АҚЫШЕВ, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы:

Мақсат – теңгенің төлем қабілетін күшейту

Шетел валютасын ел ішінде төлем құралы ретінде пайдалануды шектеу және ақшаны ұлттық валютамен жинақтауды ынталандыру жөніндегі шаралар Ұлттық Банктің және Үкіметтің Қазақстан экономикасындағы долларлану деңгейін төмендету жөніндегі бірлескен жоспарында көзделді. Қабылданып жатқан іс-қимылдар экономикадағы жүйелік проблемаларды шешуге бағытталған.

Соның ішінде ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру және еркін өзгермелі айырбастау баға режиміне өтуге байланысты жеке тұлғалардың депозиттеріндегі айырманы өтеу бағдарламасы іске қосылды. Бірақ, халықтың өз жинақ ақшасы мен операцияларын өзге валютамен жүзеге асыруына шектеу болмайды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button