Екінің бірі – Құнанбай емес, Құнанбай – Құдай емес
Atr.kz/20 қараша, 2019 жыл. Белгілі ақын Аманқос Ершуов туралы кезінде тұстастары былай деп жазған: «Ол кішкене стансада отырып, «Тынық дон» іспетті туындыларын жазған әлемдік жазушы Михаил Шолоховша, өзінің кіндік қаны тамған Ақкиізтоғайында тұрып жүректен арғымақты жырларын халқына арнап жатыр».
КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Баспалар сыйлығының екі дүркін лауреаты, ондаған кітаптың авторы Аманқос ЕРШУОВТЫҢ дүниеден өткеніне жүз күн толуына орай оның жеке архивінен екі әдеби мақаласын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Ақынның ой-толғамдары ешкімді де бейжай қалдырмасы анық.
Екінің бірі – Құнанбай емес, Құнанбай – Құдай емес
Сіз, осыған келісесіз бе? Келіссеңіз де, келіспесеңіз де кезі келгенде айтып қалатын шындық осы. Шындықтың шылбырын қолға ұстатқан жазушы Мұхтар Омарханұлының өзі.
Құнанбайдың көкжалдығын көрсететін қанды оқиғаның бірі – Қодар хикаясы. Кітап желісі мола басында жылап отырған екі бейшараның – Қодар мен Қамқаның өлім жазасына апарады. Онда бұрынғыдай ат құйрығына байлап өлтіртпейді, ондайлар болған. Құнанбай мықтылығын көрсету үшін жаңа жаза, жаңа әдіс ойлап оны дарға астырады, келіні Қамқа мен Қодар өлі мен тірінің арасында жатыр. Енді осымен бітпес пе?!
Жоқ, шалажансар Қодарды құз басынан лақтыртады. Ол енді қырық рудан қырық адам алып, әрқайсысының қолына бір-бір қарғыс кесегін алғызып, сонымен Қодарды ұрғызбақ. Сөйтіп, Қодарды өзі өлтірген емес, барлық ел болып жабылып өлтірген болып шықпақ. Солай істеді. Одан кейін өлген адамды көмдірмей, ит пен құс жеп кетуі үшін, жұрттың үрейін ала түсу үшін, оны сол бойы далаға тастап кетеді. Бірақ, автор бұл сюжетті әлі тоқтатқан жоқ еді. Трагедияны тағы сөз етеді. Нақ сол оқиғаның үстіне Абайды әкеледі. Оның көз алдына сұмдықтың үрейін арттыра, трагедияны қоюлата түседі…
Қодарың кім? Құз басынан құлатар, Жан біткенді осыншама жылатар. Заманында нәпсіге ерген пенделер Құранға жат болған шығар күнәһар. Жазықтыны жазалаған тап солай, Жандарынан таспа тіліп таспадай. Құнанбайдың қыра кездік мінезін Жазды Мұқаң қостап және қостамай, — деп те сөйлеп кететін кездерім болады. Қодарды қолдан өлтіріп, оның қылмысты екенін өздері куәландырып, оған тас атқан сүйіндіктер. Жарайды, бір жаман өлсе, өлер, бірақ, бар пәле осымен кетсінші дескен де, ұпайын жібермей арбасатын Құнанбай Қодар ісін баспалдақ қылып, бәлені жаңадан бастайды.
Қонысынан айрылған Бөкеншілер кеуде көтере бастап еді. Құнанбай құрығын көріп қайта бұғысты. Оның үстіне айлалы Құнанбай оларды жекелей қуып жүнжітіп жіберді. Жіті, залым, айлакер Құнанбай бөрі кеуде Бөжейді де белден басып, байлап алды. Бәсеке, барымта, ру тартысы жүріп жатыр. Осының бәрінде Құнанбай қырдың өзінде атқамінерлерінен озық тұрды. Барды ішіне бүгіп, буынып құрсаулы қылды. Мұның бетіне екі рет көлденеңнен қарап өткен Алшынбай таңдана түсіп, сүйсініп қалды. Бүйрегі без емес, тас болар…
Бұл әрине Құнанбайдың осы жерден сыры ғана емес, оның бар жердегі осындай керек ететіндегі мінезі, қаттылығы. Әрине, Құнанбай Құдай емес,оның да мұңы, күйініші, сүйініші, тіпті көрмеген қызығы, қол жетпеген арманы бар. Ендеше біз осы Құнанбай, Абай тұлғаларын шәкірттерге қалай оқытып, түсіндіріп келдік, енді қалай бағалаймыз? Заманында ел тізгінін ұстаған оның қаттылығы тарих тақиясына шақ па? Қаттылығы ұрықарыны тыйып, етекастылыққа жол бермей, ұрпағын аздырмау үшін аға сұлтанның өзіндік саясаты емес пе екен?
Темір қазықтарымыз болмай жатқанда киіз қазықтарымызды жерге кіргізер мақұлық па екен? Сәт сайын ауысып жатқан алмағайып заманда мектеп оқулықтарының, оның ішінде қазақ әдебиеті оқулығының олқы тұстары бар ма? Әлде тер төге еңбектеніп, архивтерді ақтарып, қосымша материалдарды пайдалану керек пе?!
Әрине, соңғысы соны соқпаққа бастар еді. Біз осы күнге дейін Абайды сөз еткенде, оны әкеге қарсы сөйлейтін, үлкеннің тілін алмайтын бірбеткей деп дәріптеп келдік. Ата дәстүрді ардақтап, салт-сананы қайта тірілтіп жатқан заманда әкесін жер қылатын Абайды ойшыл, кемеңгер деп қазіргі балаға түсіндіріп көр.Тап осылай тарта берсек, Абай абыройына жағылған күйе болып шықпай ма? Кезінде Мұқаң кеңестің үкімінен жасқанып, Құнанбайға қара шекпен кигізіп қойған.
Ал, сол шекпеннің астары тұтас қара ма? Жоқ, боз, ақшыл түс. Бұл жазушының амал-айласы,онсыз «Абай жолы» эпопеясы шықпас та еді. Шынында, әке мен баланың тартысында табысу да, алшақ кетіп, қайтадан қосылу да бар.Тағы бір жай – Абай құдайсыз, имансыз, дінсіз деген пікір де бой көрсетіп қалады. Бүгінде жастарды ұлттық дәстүрде тәрбиелеп жатқанда, Абайдың бойынан осындай ауытқушылық табылуы бізді қатты алаңдатады. Қат-қабат тарихы бар, замана жүгін көтеріп тұрған осынау тұлғаларды біздің мұғалімдеріміз қалай түсіндіреді? Жасыратыны жоқ, іркіліп қалады.
Бірінің тәжірибесі жетпейді, екіншісінің батылы бармайды. Әдетте көркем образдарды талдаған уақытта сыншылардың жазғанына «әзір асқа тік қасық бола қалу» оқытудың желісі емес. Оқушы оны түпнұсқаның өзінен іздеуі керек. Абай да ана мен әкеден туып, отбасы тәрбиесін алған. «Абай өз әкесінің өзге атқамінерлер атаулыдан мықты, қайратты екенін сезеді. Қазір көп ойлап, көп бағып-білгісі келетіні де өз әкесі» («Абай жолы», 1 кітап, 77-бет), «Құнанбай Қарқаралыда Хасан молда арқылы бірталай қызық кітаптар алғызған еді. Оны елге жеткізген.
Бірақ, Абай бізге беріңіз деп сұрағанда: — Қасыма отырып, өзіме естіртіп оқып бер» дейді (1 кітап, 105 бет). «Тегінде балаға ат қинайсың, зорықтырып өлтіресің, шаруаға күйгелексің деп Құнанбай ешуақытта тарлық еткен емес (1 кітап, 124 бет). Біз жоғарыда Құнанбай Құдай емес дедік қой. Жалғыздық жаратқанға жарасқан. Құнанбай да күрсінеді, үй-іші жанұясын, алыс-жақынын мұңайып ойлап тоқтамға келеді. Құнанбай Құдай жолын берік ұстаған адам.
Осы дағдыны Абайға үйретіп, Меккеге қажылық сапарға барғанда, Абайдан ақыл сұрап, жол-жабдығын басқаға емес, баласына жасатты. Құнанбай көз көрмес қиын сапарға аттанып бара жатқанда алыс-жақын, тума-бауыр, үй-ішімен қоштасқан сәтінде беріктік танытты. Мұнысы Құдай емес, пенде екендігін көрсетті. Қанша қатты болғанмен, іші қан жылап тұрса да, өз биігінен төмен түсіп осалдық көрсеткен емес.
Кәне, оқып көрейік: «Бұл сапар менің ендігі қалған тіршілігімнің мұраты. Бәріңе айтар бір өтініш, осы жолда ақ ажал қаза тапқаным естілер болса, сол шақта бір-бірің мені аяп, мүсіркеп «әттең, әкем өлді-ау, арманда кетті-ау деп еске алма» дейді балаларына. Ол осынау ақылды сөзбен өзіне де, өзгеге де қажыр-қайрат, берік байлам жасады. Біз осылай текспен жұмыс жасай отырып, оқып талдасақ жазушы мүсіндеген жұмсақ та қиын бейне Құнанбай бейнесі ашыла түседі.
Осы тұлғаның астарына терең үңілсек, Құнанбай бейнесін тани түсеміз Пайғамбар Мұқаң адамзаттың абызы «Абай жолын» дүниенің тоқсан тоғыз торабына таратты. Ол сомдаған жағымсыз бейненің өзі – екінің бірі – Құнанбай емес, Құнанбай – Құдай емес.
Жұмекеннің биігі
Зоология пәнінің мұғалімі бір оқушысынан «Тышқан қанша жасайды?» деп сұрайды. Ол да нағыз қыңырдың өзі екен. «Оны мысықтан сұрау керек» депті. Болды. Бітіп тұрған мысал.
Бірақ, Жұмекен дәл осы бітіп тұрған жерден өлең табады. Бақса, бұл жерде «Мысық – тәбет, мысық – тілек, мысық – тірлік, мысықтабан саясат» жатыр екен. Оны Жұмекен ғана көріп, Жұмекен ғана ашыпты.
«Жауыздық пен арамзалық бүгінде,
Әр есіктің түбінде.
Аузын аңдып әр іннің,
Аш мысық боп дүниені кезіп жүр».
Оның бұл тұстағы айналадағы құбылыстарды қабылдауы және оларды сөзге көшіруі де әдеттегіден өзге, құлаққа тосын естіледі.
– Т асбақалар табысты кісінесіп немесе:
– Саусағымен ауаның,
Қара бұлтты ақ шыңға,
Байлап қойып сауамын.
немесе
Ал табиғат қайрат жұмсап біз үшін,
Әр бұтасын мүйіз етіп сүзісіп,
Газ бен удан тұр қорғап… («Темірқазық»).
Сөз жоқ, бұл жолдарды кез келген оқушы, тіпті, оқыған-тоқығаны көп деген оқушының өзі бірден қабылдай қоймайды. Бұл жерде халықтың ойына, мүддесіне, арманына қызмет еткен ірі ақындардың ешбірі де талғамға қызмет етпегенін мойындауымыз керек.
Халыққа қызмет ету – талғамға қызмет ету емес. Нағыз ақын оқырман талғамын ылғи да байыту үшін, жаңа биікке көтеру үшін қызмет етеді. Ол оқырманының соңынан салпақтап еріп отыратын көнбістік мінезге емес, мүйізі қарағайдай болып көш бастар серкелік мінезге ие. Міне, Жұмекен ақын Москвадағы Пушкин ескерткішінің түбінде тұр. Ақын ақынмен сұхбаттаспақ. Ол өзін, халқын таныстырды. Дала атынан сөз сөйледі. Бірақ, Пушкин үнсіз. Оның «көзіндегі ұлы қайғы қабағын көтертпейді».
Жаңа заманның, жаңа тірліктің келгенін хабардар еткен ақын енді Пушкинге жарының жазығы жоғын айта келіп:
– Өсек, ғайбат өрбіткен қай оңбаған,
Музаң сынды,
Жарың саған болды адал! — деп араша түседі.
Осы кезде Пушкин ескерткіші қалай тебіреніп кетті дейсіз ғой:
– Бұйра басын сілкіп тастап ұлы ақын,
Жүрегінен оң қолын ап,
Сұрапыл Ырзалықпен созды маған
Бір оймақ Қуаныштың шықты бетке нұры ойнап.
Менің ыстық алақанымды ұстады,
Қабыршық боп тастар сынып түсті, әне.
Жазылды да желеңінің қат-қаты,
Тас тұғырдан түсіп келе жатты ақын.
Жұмекен Нәжімеденовке осындай тас ескерткіштің өзін тебірентіп, тас тұғырдан түсіретін құдіретке ие ақындық мінез тән. Өлеңмен өзегі өртеніп, теңеулердің буулы теңін ақтарып, асыл сөз іздеп, жыр аспанында оқшау ойлары найзағайдай жарқылдаған арынды ақын Жұмекенді оқығанда әркез ойланып, тебіренемін. Жұмекеннің жұмбағын түсіну талай жұмыр бастың арманы шығар…