Екі адам қаза тапты: Атырауда биыл 32 өрт оқиғасы тіркелген
Жыл басталғалы облыс аумағында 32 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 адам қаза тауып, 2-уі жарақат алған.
Өрттің басым көпшілігі тұрғын үй алаңдары мен автокөліктерде болғаны анықталды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, тұрғын үй алаңдарында жиі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Соған қарамастан тұрғындар арасында қарапайым өрт қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарайтындары кездеседі. Өрт қауіпсіздік қағидасында пеш мұржасы тоқсан сайын тазартылу керектігі айтылса да тұрғындардың көпшілігі аталған ережеге құлақ аспайды, Ал, оның соңы қайғылы жағдайларға ұрындырып жатады.
Өткен аптада Мақат ауданы, Доссор кентінде жылыту пешін пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелері сақталмауынан пәтер иесі мен оның жақын жолдасы көмір қышқыл газына уланып қаза тапқан. Мамандар бұл жағдайға жылыту қазандығының мұржасына мұз қатып, түтіні тартпауы себепші болуы мүмкін деген пікірде. Жағдайдың нақты себебін анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалған. Ал, осы аптада Томарлы ауылындағы үйден көмірқышқыл улы газына улану дерегімен екі адам облыстық ауруханаға, олардың кәмелетке толмаған қызы облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілген. Қыз бала дәрігерлік көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілсе, ата-анасы дәрігерлердің қарауында екендігі айтылды.
– Тұрғын үйде өрт болған жағдайда, «Өрт қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін» кінәлі деп танылған жеке тұлғаға 5 айлық есептік көрсеткіш шарасы көзделген. Ал, егер материалдық шығын келтірілетін болса, қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары алынады, — деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Назымбек Балтабеков.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ