«Районы»: сағынышқа айналған айыптау

77 wide Жаңалықтар

Биылғы жыл Ақан Сатаевтың жұлдызы жоғарылаған жыл. Халықтық киноның үздік үлгісі болған «Анаға апарар жолдың» ізін суытпай ең табысты режиссеріміз тағы бір премьерасын атап өтті. Қызығы, «Районы» «Рэкетирдің» мұрагері сияқты көрінген. Бірақ, мұрагері емес, бастауы, жалғасы емес, басы, сиквелі емес, приквелі болып шықты. Мәселе тіпті жанрда емес, стилистика мен қолтаңбада. Сценарист Тимур Жақсылықовқа тән көше слэнгінің табиғилығы, «жігіттік» юморда. Режиссер Ақан Сатаевқа тән мәдениет пен тартымдылық, жаңа актерлерді ашу қабілетінде. Сатаевтың тұрақты операторы Хасан Қыдырәлиевтің камерасының қисыны да түсінікті. Үш жыл қатарынан «Оскар» алған Эмануэль Любецкидің триумфынан кейін бүкіл әлем операторлары Любецки болғысы келеді. Қазір жер-жерде камера ұстағанның бәрі үзбей түсіретін ұзақ эпизодтарға жүгіреді. «Районы» фильмінде бұл әдісті көргенде еш таңғалғанымыз жоқ. Көше әнін қойған композиторлардың жұмысы да ойдан шықты.

%d0%ba%d0%b8%d0%bd%d0%be

Бірақ… Фильмнің ортасына дейін оқиға қашан басталар екен деп отырасыз. Ортасына келіп, әрекет басталғанда барып, сюжеттегі әр бұрылысты қапысыз болжайсыз. Тонауды ұйымдастырған мына бұйрабас дейсіз. Расында солай. Анау қазір асылып өледі. Тура түсіпсіз. Әлгі қисалаңдап кетіп еді, түбі өліп тынатын шығар. Дәл өзі. Және ол үшін асқан сәуегейліктің керегі жоқ. Киноның білгірі болу да талап етілмейді.

Бар болғаны трейлерін көріп алсаңыз жеткілікті. Бір жарым минуттық видеода спойлер дегенің өріп жүр. Өкініштісі осы, бізде киноның трейлері оның дәл өзіндей маңызды дүние екенін ұмытып кетеді. Трейлердің жеке дара қызықты болуын ғана емес, фильмді көруге кедергі келтірмеуін ойламайды. Мұнда да солай. Бас кейіпкердің түрмеден шығып, мағынасыз қарап тұрған сәтін қайта-қайта көрсетеді. Баяу жылжыған камера, әсерді одан әрі күшейту үшін әдейілеп асықпай адымдаған жігіт… «Рэкетирді» көрген адам, бұл «Районы» фильмінің соңғы көрінісі екенін трейлерден-ақ түсінер еді. Яғни, киноны көріп отырғанда, оқиғаның немен аяқталатыны алдын ала мәлім.

Соған қарамастан, фильм соншалықты іш пыстырарлық емес. Ең алдымен, мектеп жасындағы балалардың көше сөздерін, өздерін сұмдық маңызды сезінетін жасөспірімдік максимализмін, қысқасы, олардың психологиялық күйін дөп басуы қызықты.

Алғашқы көріністе протогонист Арсен (Э.Нұржанов) қазақ киносындағы көптеген кейіпкерлерді еске түсіріп, спортзалдан шығып бара жатады. Келесі көріністе оның анасымен (Г.Дұсматова) келіспеушілігі бар екені белгілі болады. Еркінен тыс әскери интернаттан алып, жаңа пәтерлерге жақын мектепке берген. «Райондағы» алғашқы күні Арсен көше төбелесінің куәсі болады. Көппен бірге полицейлерге тұтылады. Бірақ учаскеде өзіндей көгенкөзді «төбелесті көрген жоқ едім» деп құтқарып жібереді. Жаңа классқа барғанда, сол бұйрабас өзінің парталасы болып шығады. Азамат оны салған жерден жақын тартып, «районның» ережелерін түсін-діреді. Ұсақ балаларды жұмсайды, шамасы келгенді ұрады, айласы жеткенді алдайды, қысқасы, әлімжеттік жасайды. Ақша тартып алады, ақшасы жоқтарға кітап ұрлатып, оны букинистке апарып сатады. Арақ ішеді, темекі шегеді. Арсен оларға ә дегенде қосылады. Ара-тұра ұяты оянатыны болмаса, күні бойы сол топтың ортасында. Бірақ, кейіпкердің екіге жарылатыны нанымды емес. Авторлар оның моральдық диллемасының астарына үңілмейді, бетін ғана сипап көрсеткен.

Көп тұстарында бас кейіпкердің аяқасты жақсы бола қалып, еркінсіп сөйлейтіні, батылдана әрекет ететіні қисынға келмейді. Бұзақы Рашид неге оны тыя алмайды? Түрмеден шыққан Марлен неге бармақтай баланы қарсы сайратып қойып қарап отыр? Қай жүрек жұтқан қаһармандығына бола оны бәрі төбесіне көтеріп құрметтейді? Кинода ғана, мектеп жасындағы бала сондай «батыл» бола алады. Ал, өмірде ондай бала мораль оқыса, «басын жұлып алар еді». Бәрінен де маңыздысы, Арсеннің ішкі мотивациясын оқи алмадық. Есесіне анасымен арасындағы қақтығыстары шынайы. Сенімді. Г.Дұсматова ұлғайыпты, ролінен кәсіби актриса екені бірден байқалады. Олардың өзара диалогтарында екеуі де органикалы.

Келесі кейіпкер, Азамат (Ш.Серік) әбжіл, пысық бұзақы баланың роліне құйып қойғандай. Оның ойынында, өзін ұстау мәнерінде сирек кездесетін актерлік сүйкім бар. Көп тұстарда бас кейіпкерден де өтімді. Сәнді сөздерді теріп сөйлейтіні, Арсенге ғана емес, көрерменге де сексенінші жылдардағы Алматының аула заңдарын таныстыруы қызықты. Ол үшін бәрі түсінікті. Анық. Не ұруың керек, не ұрғызуың керек. Не жеңуің керек, не жеңілуің керек. Бірақ, онда өмірге деген, адамдарға деген өшпенділік жоқ. Бәріне ойын деп қарайтын сияқты. Жеңіл қабылдайды. Ол осы заңдылықтармен келіскен, оған қарсы шықпайды. Бірақ, «нашар жігіт еді»  деп тағы айта алмайсың. Ақылды тентек, уақыты келгенде дұрыс жолға түсіп кететіндей көрінеді де тұрады.

Басты рольдегі режиссердің өзі қызы Мәриям Сатаевадан, қосалқы рольдердің бірінде жүрген «Рэкетирдің» жұлдызы Әсел Сағатовадан Ақан Сатаевтың талғамындағы сұлулықтың қандай екенін бағамдайсыз. Мәриямның бұл алғашқы ролі болса да, камераны бөтенсіп тұрған жоқ. Қаланың ерке, бірақ ақылды қызы екеніне иланасың. Тек мінездемесі жалпылама, оператордың ғана емес, сценаристің тарапынан да ірі пландар жетіспеді.

Рашид роліндегі Данияр Алшынов, милиция роліндегі Әзиз Бейшенәлиев, кинодан киноға өсіп келе жатқан Санұржан Сүлейменов, Әсел Сағатовалар есте қалды. Бірақ, қосалқы рольдегі басқа жігіттердің ешқайсысы ашылмай қалды. Томпақ біреуі бар еді, көккөз біреуі бар еді, ұзынша біреуі бар еді дегендей, жалпы сипаты ғана. Мінез, сөз саптасының ерекшелігі байқалмайды. Топ болып жүретін жігіттер туралы болған соң, сол топтағының әрқайсысы даралануы керек сияқтанып тұрады.

Десе де, түңілмей тұра тұрыңыз. Нұртас Адамбайдың «Таразынан» кейін бұл фильмге ерекше ықыласпен қарайсың. Шеберліктің шыңы болып көрінуі де мүмкін. Бәрін де суреткерлік деп асылық айтпайық, бірақ кәсібилік шешеді екен. Ең бастысы нені түсіру емес, қалай түсіру. Сатаев тағы да дәлелдеді: сексенінші жылдың өзін көзің тоятындай етіп түсіргенде «тақырып ескірді» деп шала бүлінбейсің. Мойындау керек, әдебиетте де, кинода да ауыл, не ауылдан шыққан қазақтың тұрмыс-тіршілігі басты тақырып болады да тұрады. Қалада туып, қалада өскен адам көп зерттелмеді. Осы тұрғыдан қазақтың қаласындағы өмірдің нышандарын сценарийін О.Сүлейменов жазған «Балконнан» көретін едік. А.Сатаев туындысы ондай терең оқиға болмаса да, сексенінші жылдардағы Алматының иісін береді. Фильмнің басты мотиві де сол өткен күнге деген ностальгия, бұрынғы Алматыны сағыну.

Бірақ, бұл картинаның одан гөрі биігірек көтеріліп, әлеуметтік мәселе туралы фильмге айнала алатын потенциалы бар еді. Еріксіз еске талантты режиссер Э.Байғазиннің «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») фильмі түседі. Аталған картина дәл осы тақырыпта еді. Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің түбіне үңілген. Оны мүмкін қылып отырған жүйені әшкерелеген.

Ең өкініштісі, Сатаевтың фильмі сол биікке көтеріле алмады, қолын қанға бояған бейбақ бала туралы ғана болды да шықты. Жалпылау жоқ, масштаб жоқ, жеке адамның оқиғасы ғана бар. Және ол оқиға ешқандай шешімге әкеліп тұрған жоқ. Өкінішті.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз