Жарнама
Жаңалықтар

«ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ТАБЫСЫ ЕЛБАСЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫ»

Тұтас Батыс Қазақстан атынан Елбасын бірінші болып Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтады. «Нұр Отан» партиясының 15-съезінде берген нақты тапсырмаларыңыз орындалу үстінде. Партия құрамы тәжірибелі, білікті кадрлармен жаңартылды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ірі өндіріс ошақтары, көлемді агрокешен жобалары іске қосылды. Облыс экономикасын индустрияландыру саясаты одан әрі де жалғаса береді» деген облыс басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты атаулы мерекемен және «Нұр Отан» партиясының Астанадағы қабылдау ғимаратының ашылу салтанатымен құттықтады. Елбасын құттықтаушылар легінде Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары, Алматы қаласының әкімдері болды. Барлық облыс әкімдеріне ризашылығын жеткізген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандастарын негізгі мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Тікелей байланыс соңында Елбасына Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа партия билетін табыстады.
Астанамен тікелей байланыс аяқталған соң, облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов журналистерге сұхбат берді. «Қазақстанның бүгінгі жетістіктері Елбасымен тікелей байланысты. Ғаламдық қауымдастықтан өз орнын алған Қазақстан экономикасының локомотиві саналатын Атырау облысына бүгінде миллиардтаған теңге инвестициялар тартылып, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірнеше жобалар қаралуда. Шағын және орта бизнес дамып келеді. Мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлер салынып, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бірнеше жобалар іске қосылды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жоғары» деп атап өтті өңір басшысы.
«Берсең, балаға бер» демекші, атаулы мереке күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов С.Қазыбаев атындағы балалар үйінде болып, бүлдіршіндерге автобус көлігін сыйға тартты. Үш жастан 18 жас аралығындағы барлығы 100 бала тәрбиеленіп жатқан мектеп-интернатта заман талабына сай жабдықталған кітапхана, компьютерлік, хореографиялық залдар бар. Басты жаңалық сол, балалар үйі қызметкерлерінің айтуынша, соңғы жылдары мұндағы тәрбиеленушілер саны едәуір азайған. Асырап алушылар, патронаттық тәрбиеге алушылар саны өсіпті. Мәртебелі меймандарды зор ілтипатпен қарсы алған балалар үйінің директоры Сәния Мусиева бірінші қыркүйектен бастап интернат тәрбиеленушілерінің жалпы білім беретін мектептерге бөлінгендігін қуанышпен жеткізді. «Баланың иісі – жұмақтың иісі» деген сөз бар. Балаларым мемлекет қамқорлығына қайтарыммен жауап беріп келеді» деген ол баскетбол, футбол сынды республикалық сайыстарда тәрбиеленушілердің екінші орын алғандығын, жалпы балалардың қоғамдық жұмыстарға деген белсенділігінің жоғары екендігін атап өтіп, облыс басшысына зор қамқорлығы үшін алғысын жеткізді.
Балаларды айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі: «Егемен еліміздің жетістіктері Елбасымен тікелей байланысты. Қазақстан басшысы елімізді әлемге танытты» деп атап өтіп, ел Президентін балаларға үлгі етті. Кезінде өзінің де интернатта оқығандығын айтқан ол тәрбиеленушілерді оқуда озат болуға, спортпен шұғылдануға, ел үмітін ақтауға шақырды. Одан әрі балаларға спорттық доптар мен үстел теннисінің ракеткаларын табыстады.
Қалай десек те, Елбасының тәуелсіз Қазақ мемлекетін қалыптастыру жолындағы тарихи еңбегі талассыз. Қайраткерлік деңгейге көтерілген Елбасы нендей құрметке де лайық. Барша атыраулық көтеріңкі көңілде қарсы алған Тұңғыш Президент күнгі шаралар Исатай-Махамбет алаңындағы мерекелік концертпен жалғасты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button