ЕАЭО БІЗДІҢ САЯСИ, ӘСКЕРИ ЖӘНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ БІРЛІГІМІЗДІҢ НЕГІЗІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС – А.ЛУКАШЕНКО
«Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылу үдерісі өте қиынға соғып, ұзаққа созылды. Бұл жолы біз біреулерді жоғалтып жатсақ, Армения мен Қырғызстан сияқты елдер қатарымызға қосылды. Бұл онжылдықтар ішінде көптеген оқиғалар орын алды, дегенмен біз тоқтамай тек алға қадам бастық. Біз болашаққа сеніммен қараған едік. Еуразиялық ықпалдастық майданындағы бірлескен жұмысымыздың жемісі – Беларусь, Қазақстан және Ресей арасындағы Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге қол қойылуы болып отыр. Бұл құжаттың пайда болуына біз зор үміт артып отырдық. Бұл ретте еуразиялық ықпалдастық аясында Беларусьтің өз мақсаттары мен міндеттерін нақты реттегенін атап өткім келеді. Біздің алдымызға қойып отырған басымдықтарымыз белгілі және оны біз жасырған жоқпыз. Бұл кей кезде біздің мемлекеттеріміздің шектелген топтарында наразылық тудырып жатты. Келісімді даярлау барысында атқарылған жұмыстарды, оның ішінде Мемлекет басшылары деңгейінде жүргізілген істерді ескере отырып, Беларусь бүгін бұл ғаламдық құжатқа қол қойды», -дейді А.Лукашенко.
Беларусь Президенті оңайға түспеген келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімдерді толық іске асыру жолында жүйелі және міндетті түрде алға басуға даярлығын білдірді.
«Біз ең алдымен өз халықтарымызға бұл бағытта дұрыс қадам жасағынымызды дәлелдеуіміз керек. Бұл бұған дейін біз тап болған және бірден шеше алмаған мәселелерімізді болашақта шешу үшін қажет. Еуразиялық экономикалық одақты құру жолындағы қадамдарымыздың оған мүше мемлекеттер арасындағы өзара саудасына айтарлықтай ықпал ете алатын мәселелердің шешілуімен байланысты болуы тиіс. Экономикалық одақтың болашақта біздің саяси, әскери және гуманитарлық бірлігіміздің негізіне айналатынына сенімдіміз», — деп толықтырды ол өз ойын.
Сөз соңында Беларусь Президенті ЕАЭО құру туралы келісімге қол қойылу тарихи оқиғасымен үш мемлекет халықтарын құттықтады.
Диана ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА