Ең үздік дәнекерлеуші анықталды
«Келешек-Атырау» қоғамдық бірлестігі «АтырауНефтеМаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Үздік дәнекерлеуші» байқауын ұйымдастырды.
Барлығы он үміткер бақ сынады. «Мұндағы мақсат – жастар арасында жұмысшы мамандығын насихаттау, осы бағытта өзара бәсеке алаңын қалыптастыру. Оларды бұған қазірден машықтандыра берген жөн. Өйткені, ол келешекте зор сұранысқа ие болады. Жасыратыны жоқ, қазір тепсе темір үзер жігіттер күзет мекемелерін жағаласа, көзі ашық, көкірегі ояу қыз-келіншектер көмекшілік не кеңесшілік қызметтерден әрі аса алмайды. Бұл – ащы да болса шындық»,-дейді ұйымдастырушылардың бірі Олжас Сұлтанов бізбен әңгімесінде.
Сайыста дәнекерлеудің әр түрі бойынша тапсырмалар берілді. Қатысушылардың қай-қайсысы да жоғары дайындық деңгейін көрсетуге тырысты. Нәтижесінде, қазылар алқасының ортақ шешімімен дәнекерлеудің аргондық түрінен – Салауат Қайыржан, ал, электрлік түрінен – Мерей Мекебаев жеңімпаз деп танылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ