«Дүрбелеңде дүние төңкерілгендей болды…»
Қаралы қаңтарда қайран жұртымыз астан-кестең бола жаздады. Дүрбелеңде дүние төңкеріліп, қаншама азаматымыз құрбан болды, боздақтарымыз қыршын кетті.
Тіршіліктің тұрлаусыз, бақтың баянсыз, достың опасыз, дүниенің де жалған екенін көрдік. Осы оқиға көкейімізде көп жайтты түюге, оңаша қалып жүрегімізге бойлап, ар алдында арылуға, сабақ алып, сабаға түсуге сеп емес пе?
Кісілік кілтіне талпынған данышпан Лев Толстой кезінде шіркеу тарапынан тыйым салынған «Исповедь/Тәубе» деп аталатын әйгілі еңбегінде «Біз адамзаттың иігілігі үшін мейлінше жиі-жиі айтуға, тез-тез жазуға, толассыз басып тарата беруге тиіспіз деген нық сенімде болдық. Баршамыз жалықпастан жазып жариялап, басқаларды үнемі үйретумен болдық. Бірақ өзіміздің ештеңені білмейтінімізді аңғара алмадық, қарапайым ғана жақсылық пен жамандықтың айырмасын ұқпасақ та, басқаларды дамылсыз үйретумен болдық… Мың сан жұмысшы біздің жазған сан миллион сөздерімізді күн-түн демей соңғы күшін сарп етіп баспаханаларда жедел терді, басты, жариялады, пошталар тасымалдап таратты, біз кідіріссіз жойқын үйретуді жалғастыра бердік, үнемі үйретумен болдық, бірақ баршаны толық үйретуге сонда да үлгермей қалдық, содан кейін ақырында бізді бұлар аз тыңдайды деп ашуға булығып, қапаландық», деп жазған екен. Кемеңгердің бұл пайымы бүгінгі халімізді айна-қатесіз баяндап тұрғандай. Қазір бізге тіпті қағаз да, әріп теруші, типография, пошташы да қажет емес, алақандағы смартфоныңа ойыңа не келсе соны жазасың да, жалпақ жаһанға бір мезетте тарата саласың. Әлбетте әрі қарай толассыз үйрете бересің, үздіксіз жазасың, арасында үйренушілерді кінәлап қойып, жалықпай жалғастырасың.
Рас, баршамыз жазарманға айналдық. Қолымыз пернетақтаға тие қалса, үндеу тастаймыз, жолдау жазамыз, оған қолдауды қосақтаймыз, ұранды ұранға ұластырамыз. Әйтеуір әлеужеліні көбік сөзге, көпірме лебізге лезде толтыра саламыз. Бұрын сөз шіркін ем болса, енді желге айналды. Қаламға серт берген қауымның қалың дүрмектің ішінде қадірі кетіп, құты қашқандай. Сөздің киесі, пайым-қисынның жүйесі сетінегендей. Осындай халге тап келсек те, бірімізді біріміз тыңдамайтын, тіпті оқымайтын, оқысақ та селт етпейтін бойкүйездікке душар болсақ та, әйтеуір жазудан жалықпайтын, айтудан айнымайтын тежеусіздікке бой алдырдық.
Қаңтар қасіретінен кейін де бір сәт сабамызға түсіп, сабыр мен тәубеге келе алдық па? Жоқ, баршамыз айғайға сүрең қосып, жын соққандай, қырқын мінсе, қыр аса алмайтын қысыр сөзді сапырып отырған жоқпыз ба? «Өнер алды – қызыл тіл» деп, бар қазынадан асыл сөзді ардақты санайтын, «жақсы сөз – жарым ырыс» деп лебізін құтқа балайтын баталы жұрттың ұрпағы аталы сөзге құлақ аспайтын бейдауа күйге неге түсті? Бір сәт те іркілмей баршамыз қарасөзді қара құйындай ұйытқытып отырмыз. Мұндайда сөзге салық салынбайтыны қандай жақсы.
Жазарманның жауапкершілік жүгін сезінбей, өлермендікпен, өршелене жаза түсеміз. Барлық сала бойынша сұңғыла сарапшы, майталман маманбыз. Біреуіміз білетінімізді дәлелдеу үшін, енді біріміз масаттанып мақтану, кейбіріміз біреуді мақтау яки даттау үшін, келесіміз жағыну, жарамсақтану үшін жазып жатырмыз. Арада отқа май құйып отырғандар да жеткілікті. Мерейтойлық мақалаларда тіпті есеп жоқ. Сонда жан дүниеміздің қалауына көңіл бөліп, түпкі қалпымызға оралып, ізгілікті іздеуге қашан бет бұрамыз? Ал ақиқатты айқайлап, аласұрып іздемес болар. Бір сәт жүрек түкпіріне үңіліп, ар іліміне жүгініп көрсек…
Бізге отыз жыл бұрын арылу, сананы сауықтыру қажет еді негізі. Арыла алмадық. Сондықтан сөзіміз бен ісіміз үйлеспей, ақиқаттан алшақтап, шынайы адамдық болмысымызға көлеңке түсті. Абайдың асыл қасиетін жиі дәріптесек те, ішкі сарайымыз мұнтаздай болып жайнап тұрмаған соң, өнегесін өзегімізге дарыта алмадық. Не керек, тәубеміз жүректің ішінде емес, еріннің ұшында болды. Дана бабамыз «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес. Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» деп парасат мұнарасынан ізгілікпен үн қатады. Шын мәнісінде, сөздің киесі ғана емес, кісілік келбетіміз, адамгершілік алтын арқауымызға ақау түсіп, рухани нәріміз солғын тартса, құндылықтарымыз құлдыраса, бұған кінәліні сырттан іздемеу керек. Әсіресе сөзіміз тозып, тосаң тартса, соған сөздің тұтқасын ұстаған жазармандар, соның ішінде алдымен біз өзіміз кінәлі емеспіз бе? Бәлкім шындық пен алдаспан ақиқатты дер кезінде айта алмай кібіртіктеп қалғандықтан сөзімізде салмақ, бәтуамызда байлам қалмай абдырап отырған болармыз?
Толстой ақиқаттың мәнін іздеп, арылып, тіршіліктің тұрлаусыз екенін ұғынып, тәубеге келген кітабын «оянып кеттім» деп аяқтаған екен. Бізге де өткеннен сабақ алып, ар алдында арылатын, ұжданымызды тазартып, тәубеге келетін мезгіл жеткен сияқты. Өліара шақта өткенге салауат айтып, өкпе-ренішіміз болса кешісіп, үлкеніміз бен кішіміз, жүміле жұртымыз бір сәт оңаша ойланып, жаппай арылуды бастан кешсе, ұлағатты ұлтымыздың сілкініп қайта түлері хақ. Бұл ретте арылу, тәубе ету – кешірім сұрап, ақиқатпен беттесу ғана емес, сол қателікті екінші рет қайталамауға серттесу екенін де қаперде ұстаған жөн…