
Дуалды оқыту: Жастар өндірістік тәжірибемен қамтамасыз етіледі
Бүгін С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен AYACOM компаниясы және Nomad Insurance сақтандыру компаниясы арасында дуалды оқыту жүйесін дамытуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – білім алушылардың теориялық білімдерін өндірістік тәжірибемен ұштастыру арқылы кәсіби шеберлігін арттыру және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
Меморандум аясында университет студенттері AYACOM және Nomad Insurance компанияларында өндірістік тәжірибе мен тәжірибелік сабақтарға қатыса отырып, нақты жұмыс процесіне араласады.
Бұл олардың болашақ маман ретінде қалыптасуына, салалық тәжірибе жинақтауына және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді.
Университет басшылығы мен серіктес компаниялар дуалды оқытудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, алдағы уақытта да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
-Мұндай ынтымақтастық студенттер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Олар шынайы өндірістік ортада білімдерін сынап, тәжірибе жинақтай алады. Біздің оқу орнымызда дуалды оқыту бағдарламасы 2-курстан бастап қолжетімді. Колледжден кейін ЖОО-на түскен студенттер де осы жүйеге қатыса алады, — деп атап өтті С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің проректоры Еламан Абежанов.