«ДОСТЫҚ» ОРДЕНІНЕ – ДОСТАР ҒАНА ЛАЙЫҚ

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин  және бір топ Парламент депутаттары, қазақстандық мұнайшылар мен кәсіпкерлер көршілес Башқұртстанның астанасы Уфа қаласына барды. Делегация құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Р. Ахметов пен «ҚазТрансОйл» АҚ басшысы Қ.Қабылдин болды. 

Бұған дейін Елбасының Жарлығымен осындағы Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінің ректоры Айрат Шаммазов екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған-ды. Осы оқиғаға орай өткен университеттің кезектен тыс ғылыми отырысында Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Мемлекет басшысының Жарлығын оқыды. Содан соң  жоғары награда салтанатты жағдайда иесіне табыс етілді. Уфалық ғалым мұндай құрметке Қазақстан мен Башқұртстан арасында білім мен ғылым саласында берік байланыс орнатуға, екі ел арасында достық қарым-қатынастарды орнықтыруға  қосқан зор үлесі үшін ие болды.

 Салтанат алдында қонақтар Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінде оқып жатқан қазақстандық студенттермен жүздесті. Мұнда біздің елімізден үш жүз шамалы жас білім алуда. Осындағы студенттер саны Ресейдің барлық жоғары оқу орындарындағы қазақстандық қыз-жігіттерден көп.

 Жастармен жүздесу барысында республиканың бас мұнайшысы Ұзақбай Қарабалин олардың күллі ТМД бойынша ең үздік жоғары оқу орындарының бірінде дәріс алып жатқандығын атап айтты. Оның үстіне, елімізде мұнай-газ өндіру көлемі жыл санап артып келеді, бұрынғы мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылуда, аса ауқымды мұнай-химия кешенінің құрылысы басталды, өзге де іргелі жобалар қолға алынбақ. Демек, қазіргі заман талабына сай терең теориялық біліммен қаруланған отандық мамандар қажет-ақ. Оларға алдағы уақытта сұраныс еселеп артпақ. Яғни, бүгін тәлім алушы жастар алған білімдері мен біліктерін ертең ел игілігіне, халық қажетіне жұмсамақ.

Осында оқып жатқандардың қатарында атыраулықтар да көп. Оның үстіне, өткен жылғы жазда Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінің басшылығы Атырауға келгенінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов олардың санын алдағы уақытта еселеп өсіру керектігін айтқан. Біздің аймақ басшысының өзі де осы оқу орнын сонау 1971 жылы бітірген. Әрине, содан бері көп нәрсе өзгерді. Бүгінгі жастарға жан-жақты білім алуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан, өзінің студенттік кезінен естеліктерімен бөліскен Бақтықожа Салахатдинұлы оларды терең білім алуға, спортпен шындап шұғылдануға, өз біліктіліктерін арттыруға шақырды.

Әрине, студенттер де елден келген лауазым иелеріне сауалдарын жолдап жатты. Мәселен, «шет елдерде білім алатын студенттерді мемлекет тарапынан қолдау жалғаса ма? Әлемдік деңгейде толымды тәжірибе жинақтау мәселесі қалай шешілмек?» Жастар қызметтік өсу сатысын қандай деңгейден бастау керектігін де сұрады.

Сапар соңында қазақстандық қонақтар университеттің оқу корпустарын аралап, мұражайда өңір тарихымен танысты.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз