img 20210802 wa0085 920x425 1

ДОССОР КЕНТІНІҢ АСФАЛЬТ ЖОЛМЕН ҚАМТЫЛУЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ 99 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ

Жаңалықтар
47 / 100

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапарымен Мақат ауданында болып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Мақат кентіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйді аралап көрді. Негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған, қазір ішкі өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқан тұрғын үйді ағымдағы жылдың аяғында тапсыру жоспарланып отыр.


Сондай-ақ, Махамбет Досмұхамбетов аудандағы жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысты.
Доссор кенті, Бірлік аулындағы автокөлік жолының құрылысы енді ғана басталған, жоспар бойынша 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Жоба бойынша 23,6 шақырым автокөлік жолын және 5,6 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу қаралған.
Жол инфрақұрылымының екі жобасын биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Ұзындығы 5,6 шақырым Доссор кентіндегі айналма жол құрылысы (құны – 2 млрд. 378 млн. теңге) аяқталауға жақын, қыркүйек айында іске қосылады деп күтілуде. Бұл жұмыстар республикалық маңыздағы Ақтөбе – Атырау-РФ шекарасы тас жолын қайта жаңғырту аясында жүргізілуде.
Доссор кентішілік автокөлік жолының құрылысы аталған елді мекендегі жолдардың жағдайын едәуір жақсартпақ. Бұнда 5,8 шақырым тас жолынан бөлек, 3,4 шақырым жүргіншілер жолын салу қаралған. Нысанды осы жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарланып отыр. Жалпы, келесі жылы Доссор кентінің асфалть жолмен қамтылуы 99 пайызға жетеді.
Облыс әкімі М.Досмұхаметов инфрақұрылымдық жобалар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға зор ықпал ететінін атап өтіп, мердігер мекемелерге салынып жатқан объектілерді уақытылы және сапалы аяқтауды, тиісті мемлекеттік органдарға бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Өз кезегінде Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкін өңірдегі атқарылған жұмыстармен бірге алда жоспарланған шаралар туралы да баяндап, соның ішінде әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау басым назарда екенін атап өтті.
Ауданның әлеуетін арттыру бағытында біршама жұмыстар жасалып жатқанын атап өткен аймақ басшысы ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту мен халықтың жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру керектігін айтты. Сондай-ақ аудан басшысына жаңа оқу жылына мектептердің дайындығын пысықтап, оқушылардың қауіпсіздігі үшін педагогтердің толықтай вакцина алуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жалпы, күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты да тұрғындарды вакциналау жұмысын күшейту қажеттігін атап өткен М.Досмұхамбетов, сондай-ақ, медициналық мекемелердің тиісті деңгейде дайындығын, соның ішінде, дәрігерлермен, қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтылуын ұйымдастыруды аудан басшылығына жүктеді. Сондай-ақ, қажеттілікке қарай, коронавирус жұқтырған адамдарды емдеу үшін қосымша орындар дайындау мүмкіндігін қарастыруды жүктеді.
Сапар барысында М.Досмұхамбетов жол бойында орналасқан әйгілі Оңай атаның басына соғып, жай-күйімен танысты. Облыс әкіміне ауыл ақсақалдары аруақты атаның басында санитарлық ахуалдың нашарлығын айтып хат жазған болатын. Аудан әкімі Ш.Кейкиннің сөзінше, жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізілген. Кәсіпкерлік нысандары, оларға жапсарлас түрлі құрылғылар мен әжетханалар Оңай атаның бейітінен бір шақырымдай жерге ығыстырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов бұған дейін Исатай ауданында, Құлсары қаласында болып, олардың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, халықтың тұрмыс-тіршілігін көзімен көрген болатын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған