Доссор: 5,6 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталды
Атырау облысы Доссор кенті тұсында салынған 5,6 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталды.
Өткен жылы басталған жол қараша айында пайдалануға беріледі. Республикалық маңыздағы жолға тапсырыс беруші «ҚазАвтожол» АҚ. Құрылыс жұмыстарын «АнтИнШаат МаденСанайиАШ» мердігер мекемесі жүргізді.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облысы бойынша филиалының инженері Қуанышбек Шортабаев жаңадан салынған жолдың 487-504 шақырымына барып тексерді. Соңғы күндері бұл жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген болатын. Филиал зертханасына құрылыс материалдарынан сынама және керн кескіндер іалынды. Енді жақын күндері айналма жолға жарық шамдары, жол белгілері орнатылады. Бұл жол пайдалануға берілген кезде Ақтөбеден шыққан жолаушының Доссор кентіне кірмей Ақтауға жетуіне және ауыр жүк көліктерінің айналып өтуіне мүмкіндік бар.