Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Домбыраның «Паганиниі»

Қасиетті де, киелі Атырау топырағынан түлеп ұшқан қазақтың кәсіби аспаптық музыка өнеріндегі дара тұлға, республикамызға танымал үлкен өнер иесі, Астана қалалық мемлекеттік филармониясы Академиялық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Атырау облысының  Құрметті азаматы, домбырашы-дирижер, композитор, профессор Айтқали Тілепқалиұлы Жайымов – Алаштың мақтан тұтар перзенті.

i

Өнер өрінде

Ол 1947  жылы 5 мамырда Жылыой ауданы, Рәкөш ауылында дүниеге келген. Әкесі  есепші болып қызмет жасады. Ал, анасы Күмісай – дүниеге он перзент әкелген көп балалы ана. «Балалы үй – базар» дегендей, құлын-тайдай тебісіп, бір жанұяда өскен балалардың ішінде Айтқалидың домбыраға құштарлығы, зеректігі 6-7 жасынан байқалып, ауыл ішінде «өнерлі бала» атанады.

1966 жылы Құлсары қаласындағы орта мектепті бітірген жасөспірім жігіттің бойындағы әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған ерекше музыкалық қабілетін байқаған басшылық оны сол жылы өзі түлеп ұшқан оқу ордасына ән сабағынан дәріс беруге оқытушы етіп қалдырды. Нота білмесе де, тума талантымен танылған ол тек домбырада ғана емес, баян, мондалина тәрізді басқа да музыкалық  аспаптарда шебер  ойнап, елдің көзіне ілігеді. Оркестр ұйымдастырып, мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесін бірден жандандырып жібереді. «Өнер адамы болсам!» деген асқақ арман Айтқалиды шалғайдағы ауылдан қалаға жетелеп, 1968 жылы  Гурьев музыка училищесіне оқуға түседі. Оның училищедегі мамандық пәні бойынша ұстаздары – республикаға танымал өнер иелері  Сейілхан Құсайынов пен Боздақ Рзаханов болатын.

Айтқали Тілепқалиұлы 1972  жылы Гурьев музыка училищесін жақсы тәмамдаған соң Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетіне оқуға түседі. Онда екі мамандық бойынша (домбыра, композиция) білім алады. 1978 жылы консерваторияны атақты педагог, «ұстаздардың ұстазы», профессор Құбыш Мұхитовтың сыныбынан үздік бітіреді. Дирижерлау мамандығы бойынша белгілі маман О.Готманның класында оқып, «сиқырлы  таяқшаның» қыры мен сырын үйреніп шығады. Одан кейін атақты дирижер Фуат Мансуровтан сабақ алады.

Өзінің айрықша талантымен, домбыра аспабында жоғары дәрежедегі кәсіби ойнау шеберлігімен, виртуоздық техникасымен ерекшеленетін домбырашы атанды. Есімі төрткүл дүниеге танымал Фуат Мансуровтың өзі ол консерваторияны бітіргенде  мемлекеттік емтиханда домбыра аспабында ойнау техникасына ерекше риза болып, «Бұл жігіт – домбыраның Паганиниі ғой, болашағы зор музыкант болады!» деп шаттанып, «бестік» баға қойған екен. Әлем мойындаған үлкен тұлғаның ыстық ықыласына бөленген оны алда алар өнер асулары мен биік белестері күтіп тұр еді.

Сол кездегі консерватория ректоры, КСРО Халық әртісі, композитор Ғазиза Жұбанова халық аспаптар факультетінің домбыра кафедрасына оқытушылық жұмысқа қалдырады. Бір жылдан соң КСРО Мәдениет министрлігі  жолдамамен Моңғолия еліндегі Баян-Өлгей аймағындағы қандастарымызға мәдени-рухани көмек беру үшін Ұлан Батор қаласындағы ұлт-аспаптар оркестрін басқаруға, дирижер, кеңесші, әрі ұстаздық қызметтерді қоса атқаруға жіберді. Бұл міндеттерді абыроймен атқара білген ол 1981 жылы консерваторияға қайта оралып, оқытушылық жұмысын жалғастырады. Консерваторияның халық аспаптар факультетінде аға оқытушы, 1987-1989 жылдары домбыра кафедрасының меңгерушісі, кейін доцент, профессор атанып, 1994 жылы «Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері» құрметті атағын иеленді.

Ол – менің де ұстазым

Әлі есімде, 1979 жылдың маусым айының аяғында асқар Алатау бөктеріндегі сұлу Алматыға аттандым. Арманым – алты алашқа әйгілі өнер әлеміндегі небір дарабоз тұлғаларымыз оқыған, небір арыстарымыз дәріс берген консерваторияға оқуға түсу. Құжаттарымды тапсырып, сол кездегі ереже бойынша мамандық пәнінен алғашқы дайындық, ақыл-кеңес алу сабағына бардым. Консерватория ғимаратындағы академик А.Жұбанов дәріс берген №22 аудиторияда орта бойлы, қыр мұрынды, әдемі қияқ мұрты бар, жасы 32-33-тер шамасында Айтқали аға әрбір талапкерлерді жеке-жеке қабылдап,  дәріс, ақыл-кеңес беріп отыр екен. Мені  жылы шыраймен қабылдады. Гурьевтен екенімді білгеннен кейін: «О, өзіміздің ауылдан екенсің ғой» деп, тіпті қуанып қалды. Елдің амандығын, өзі оқыған училищедегі ұстаздар жайлы сұрап жатыр. «Кімнен бітірдің?» деді. Мен, «Ұстазым – Бағила Мұхтарқызы» дегенімде «Білемін, жақсы ұстаздан тәлім алған екенсің» дегені әлі есімде. Шындығында, мен консерваторияға сырттай оқуға түсуге барғанмын. Алайда, Айтқали ағаның ақыл-кеңесімен ойымды өзгертіп, құжаттарымды күндізгі бөлімге тапсырдым. Бағдарламамды жақсы дайындағаннан кейін қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтіп, консерваторияға оқуға түстім.

Қыркүйек айында оқуға келгенімде біраз уақыт Айтқали ағаны көре алмай жүрдім. Сұрастыра келсем, ол жазда Моңғолия еліне екі жылға Баян-Өлгей аймағына жолдамамен жұмысқа жіберілген екен. Мені сол кездегі консерваторияның тәртіп-ережесі бойынша белгілі домбырашы, профессор Айтжан Тоқтағанның сыныбына бөліпті. Алайда, 1981 жылы Айтқали аға Алматыға оралған соң  консерваториядағы оқытушылық жұмысын қайта жалғастырып, мені өз сыныбына оқуға алды. Сөйтіп, оқу ордасын 1984 жылы  бітіріп шықтым.

Дарабоз домбырашының  сыныбынан бітірген шәкірт-терінің өзіндік күй ойнау ерекшеліктері бар болатын. Мұны музыка тілінде «қолдың қойылымы» дейді. Яғни, аспапта ойнағанда екі қолдың да ойнау әдістері ұстазының қолындай болуы шарт. Ұлағатты ұстаздан дәріс алып, ойнау техникасын терең меңгерген, мақтаныш тұтар шәкірттері көп-ақ. Олар – бұл күндері есімдері республикамызға танымал домбырашылар, консерватория ұстаздары – профессор Б.Ысқақов, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Үлкенбаева, өнертану ғылымының докторы  Ж.Нәжімеденов, ғылым кандидаттары Ж.Еңсепов, Е.Тұңғышұлы, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары Т.Естаев, Т.Тоғжанов, Ә.Шоқанбаев, мәдениет қайраткері, домбырашы-дирижер Е.Нұрымбетов,  «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжі халық аспаптар бөлімінің  жоғары санатты оқытушысы  Г.Әбділдиева және тағы басқалар.

Оның оқытушылық, домбырашылық, күйшілік өнерімен қатар, өнерсүйер қауымға танымал тағы бір ерекшелігі – жоғары дәрежедегі кәсіби дирижерлік шеберлігі. Кез келген домбырашы осы екі қастерлі мамандықты қатар алып жүре алмайды. Бұл – Айтқалидай үлкен өнер иесінің маңдайына жазылған бақыт. ол – «сиқырлы таяқшаның» құді-ретін шебер меңгерген дарабоз дирижер. 1991 жылдан атақты Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, әрі көркемдік жетекшісі ретінде атақ-даңқы асқақтаған өнер ұжымы құрамында ТМД елдерінде, Кубада, Жапонияда, Қытайда, Францияда, Түркияда және басқа да мемлекеттерде гастрольдік сапарлармен өнер көрсетті. Қазіргі уақытта Айтқали Тілепқалиұлы – 2008 жылы құрылған Астана мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, әрі көркемдік жетекшісі. Бұл айтулы оркестрмен де АҚШ, Қытай, Корея, Түркия, Еуропа, Араб  елдерінде болып, қазақ өнерін бүкіл әлемге танытты.

Жігітке жеті өнер де аз

Өнер тарланы – халық оркестрімен, жеке аспаптарға, хорға көлемді, ірі шығармалар жазып жүрген республикамыздағы көрнекті композитор. Ол – Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, домбыраға арналған көптеген оқу-әдістемелік жинақтар мен әндердің авторы. Оркестр мен жеке аспаптарға арналған концерттік шығармалар жазуда консерваторияның профессорлары С.Мұхамеджанов, Х.Тастанов, М.Қойшыбаев, М.Әубәкіровтің ізін жалғастырған ірі тұлға, өнер қайраткері. Ол – ІІІ бөлімді «Балдәурен», «Дамылсыз қозғалыс», «Күй-экспромт», «Шалқыма», «Ереуіл атқа ер салмай», «Поэма», «Отпантау», басқа да көптеген ірі шығармалар мен «Домбыра ойнау өнері» (I-II кітап), «Домбыра үйрену мектебі, «Домбыра мен қобызға арналған пьесалар», «Домбыраға арналған бағдарлама» атты әдістемелік оқулықтардың, «Шаттанамын» күйлер жинағының «Ана», «Күйші қуанышы», «Ел толғау», «Ақ желең», «Желдірме», «Еркін елім», «Қос басар» күйлерімен танымал. «Қызғалдағым», «Атырау әнім», «Жылыойға сәлем» әндерінің авторы.

Ол – күйді бірден шығару, суырыпсалмалық әдісті терең меңгерген бірден-бір  композитор. Ірі көлемді концерттік шығармалары, күйлері дәл бүгінгі күні консерватория, жоғары оқу орындары музыка факультеттерінің, музыкалық колледж студенттерінің оқу бағдарламаларына еніп, республикалық домбырашылар конкурстарында орындалып жүр. бірнеше рет халықаралық «Шабыт», «Құрманғазы», Дина, М.Өскенбаев, Н.Тілендиев атындағы және тағы басқа республикалық домбырашылар, дирижерлар конкурстарының қазылар алқасының, колледжімізді бітірген түлектерімізге мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды.

«Әкеге қарап, ұл өсер» дегендей, Айтқали Тілепқалиұлының ұлы Арман да әке жолын қуған. Бұл күндері есімі өнерсүйер қауымға жақсы танымал композитор Арман Жайым консерваторияның композиция бөлімін бітірген. Домбыра аспабына лайықтап жазған бірнеше концерттік шығармалардың авторы.

Бүгінде жетпістің биігіне шығып отырған өнердегі дарабоз тұлғаны мерейлі жасымен  құттықтап, алар асулары әлі де көп болсын деген тілек айтамыз.

Нәсіпқали ТӨЛЕГЕНОВ,

«Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка

Академиясы» Атырау музыка колледжінің

оқытушысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button