Azidolla

Домбыраның мойнына алтын ілген Әзекең

Жаңалықтар Мәдениет Рухани жаңғыру

«Атырау» газетінің биылғы 11 қаңтар күнгі  санында «Тағзым» айдарымен «Ескерткіш – ел мұрасы» атты салмағы үлкен шағын хабар жарық көрді. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұнайлы өңірде ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіш мүсіндер бой көтермектігі айтылады. Әбу Сәрсенбаев атамызға, күй дүлдүлі Қаршыға Ахмедияровқа қойылды, енді арқалы ақын Хамит Ерғалиевке, Әйтеке би бабамызға қойылар болса, бұл атыраулық әрбір саналы тұрғын үшін сүйіншілеп жеткізер зор жаңалық.

Азидолла

Осы арада көңіл назы немесе жақсы бастамаға үн қосу ретінде мына бір жайды айта кеткеннің артығы болмас деп ойладық.

Қазақтың қоңыр домбырасының құдіретті үнін әлем елдеріне тұңғыш паш етуші ол – Әз аға, яғни, Әзидолла Есқалиев. Соңынан өз шәкірттері Қ.Ахмедияров, А.Жайымов, А.Үлкенбаева, Қ.Қожабаев, У.Ғұбайдуллин ілескенше Әзекең халық азаттығы өзегіне желі болып тартылған батыстық үлгідегі (Құрманғазы, Дина) адуын күйлерді ұзақ жылдар жалғыз өзі насихаттап келді емес пе? 1955 жылдан Қазақ филармониясынан басталған күйшілік, сазгерлік жолы күні кешегі саулығы сыр берген 2010 жылдарға дейін жалғасқаны айдай анық ақиқат. Ол жайындағы деректерде: «Бұл жылдарда ол өзінің қарқынды, сәнді өнерімен тек қана байтақ Қазақстан жұртшылығын сусындатып, тамсандырып қана қоймай, Германия, Франция, Чехословакия, АҚШ, Алжир, Қытай, Моңғолия, тағы басқа да көптеген шет мемлекеттердің сахна төрінде қазақтың күй өнерінің құдіретін жая түсті. 1962 жылдан бері Құрманғазы атындағы консерваторияда ұстаз, 1998 жылдан бастап профессор. Ә.Есқалиев студенттік шақта-ақ өзінің туабітті дарыны арқасында 1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық орындаушылар конкурсының лауреаты атанып, бірнеше айдан соң VI Бүкілодақтық жастар фестивалінде алтын медальға ие болды. 1960 жылдан «Қазақконцерттің» домбырашы-солисі болып жұмыс істеген. Өмірдің күйін шерткен күйшінің өнері ескеріліп, 1990 жылы Қазақстан Республикасының Халық әртісі деген құрметті атақ берілді. 1993 жылы ҚР Еңбек сіңірген әртісі атанды. Атырау қаласы, Құрманғазы, Исатай аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, бірнеше медальдардың иегері.

Дәулескер күйші өмірден озғанда ол уақытта көзі тірі қазақтың аса дарынды жазушысы, рухани інісіне айналған марқұм Рахымжан Отарбаев: «Әміре Парижде тұңғыш рет қазақ әнінің мойнына күміс ілсе, Әз аға да тұңғыш рет қазақ домбырасының мойнына алтын іліп еді-ау!» деп, ұланғайыр өкінішпен бас шайқағанын көз көрді.

Сонау бір жылы Қаршыға Ахмедияров Құрманғазы ауданына концерттік сапармен келіп өнер көрсетті. Күй өңірі тұрғындары Құрманғазының, Динаның күйлерін соншалықты құбылтып асқан шеберлікпен ойнаған Қаршығаға әбден тәнті болып сағаттап сахнадан түсірмей қойды. Сонда разы болған Қаршекең: «Мені осындай дәрежеге жеткізген ол сіздердің жерлестеріңіз, ұлы ұстазым, қайталанбас күйші Әзидолла Есқалиев! Айналайын ағайын, ниеттеріңе соншалықты разымын, Әзекеме бір қол соғып құрмет көрсетулеріңді өтінемін» – деді парасатты өнерпаз. Көзі тірі болса Қаршекең алдымен жолды ұстазы Әзекеңе берер еді-ау деген де ой келеді.

Демек, қысқа қайырып айтсақ, Қазақстанның Халық әртісі, домбыраның аққу мойнына тұңғыш алтын ілген, әлгі айтылған ұстаздардың ұстазы, ұлы Динаның шәкірті, алдынан Қаршыға, Айтқали, Айгүлдер өткен Әзидолла Есқалиевке бір ескерткіш арнасақ, айбынды Атыраудың абырой-мәртебесі биіктей түспесе, одан аласармасы кәміл.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған