«Домбыра Party» маусымы ашылды
Халықаралық форум—фестиваль шеңберінде өткен шаралардың бірі – «Домбыра Party» болды. Қала орталығындағы «Baizaar» ойын—сауық орталығында ұйымдастырылған жастар акциясына қос ішектің құлағында ойнаған еріктілер қатысты.
Акцияны ұйымдастырушы «Жас Отан» жастар қанаты Атырау қалалық филиалы мамандарының айтуынша, аймақта дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шараға атыраулық жас буын өкілдері белсендірек атсалыса бастаған. Мұнда қатысушылар күй тартып қана қоймай, терме де айтып, қысқаша айтысып та үлгерді.
«Домбыра Party»-де халық шұбат, наурыз көже, бауырсақ және тағы да басқа ұлттық тағамдардан дәм татты. Қала тұрғыны Аяулым Серік бүгінде жастар арасында даңғаза дискотекалардан гөрі өз дәстүрімізді дәріптейтін осындай акциялар жиі өткізілсе екен дейді.
– Бұған дейін «Домбыра Party»-дың облыс орталығында ұйымдастырылып жүргенінен хабардар едім. Биыл бірінші рет өзім де қатысып, куә болдым. Тәрбиелік мағынасы зор. Күн райының салқындығынан болса керек, шара орталықта өткізіліп отыр. Жаз мезгілінде табиғат аясында ұйымдастырылса, оның да әсері ерекше болары сөзсіз. Акция бізге шынымен де мерекелік көңіл-күй сыйлады, — деп пікірін білдірді.
Мәлике МӘЛІК