ДИҚАНСЫЗ ДАЛА: егінші неге жетпейді?
ОБЛЫСТА ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ЖҰМЫС ҚОЛЫ ЖЕТПЕЙДІ. ЕНДІ АЗ УАҚЫТТА БАСТАЛАТЫН КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА СОҚА-САЙМАНЫН САЙЛАҒАН ШАРУАЛАР ЖҰМЫСШЫ ТАППАЙ, ҚАҢТАРЫЛЫП ҚАЛАТЫН ТҮРІ БАР.
ҚАЗІРГІ ЕСЕП БОЙЫНША БИЫЛ МҰНАЙЛЫ ӨҢІРДЕ 320 АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРЫЛЫМЫ 8700 ГЕКТАР АЛҚАПҚА СОҚА САЛМАҚ. ОЛ БЫЛТЫРҒЫ КӨЛЕМНЕН 400 ГЕКТАРҒА АРТЫҚ. СОҒАН ҚАРАҒАНДА, ЖЫЛ САНАП ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЕГІС КӨЛЕМІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ЖАЛДАНАТЫН ЖҰМЫС КҮШІНІҢ ТАПШЫЛЫҒЫН ТУҒЫЗЫП ОТЫР.
Өңірдегі «Дастан», «Агрофеликс», «Қорған» секілді ірі шаруашылықтары бұған дейін өзбек азаматтарының көмегімен өнім алып келгені жасырын емес. Енді жылдағыдай жақын шетелдерден адам шақыруға заң көтермейді. Күні бүгін Өзбекстаннан жұмыс күшін тарту үшін фермерлер 1 218 адамға сұраныс беріпті. Бірақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Атырауға бар болғаны 394 квота бөлген. Ол өте аз. Енді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілердің сұранысын қалай қанағаттандыруды білмей бас қатыруда.
– Көктемгі дала жұмыстарын тиянақты жүргізу үшін 51 шаруашылыққа 1 127 жұмысшы керек екен. Біз жергілікті жерден о сыншама қол күшін шығара алмаймыз. Сол себепті мәселеге ықпал етуді сұрап, тиісті құрылымдарға өтініш жолдадық. Ең болмаса, квотаны 750 адамға дейін көбейтсе тығырықтан шығар едік. Тағы бір амалы – аудандық және ауылдық округ әкімдері арқылы шаруалар жергілікті тұрғындармен келісім-шарт жасауға жұмыстанып жатыр. Бірақ ауыл адамдары азғантай ақшаға аптап ыстықтың астында жұмыс істегісі келмейді, – дейді облыстық басқарманың егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Тілек Әміров.
Шынында да, күнге қақталып мардымсыз айлыққа уақытпен с анаспай жұмыс жасуға құлықсыздық бары даусыз. Тағы бір кілтипан – іргедегі мұнайгаз компанияларынан жұмыс тапқандар ақшаны күреп табады. Тіпті, бір айдың тең жартысын ауысымдық жұмыста өткізіп келгендерді көріп, ауылдағы жас дала жұмысына селқостық танытады. Ал, шаруашылық иелерінің еңбекақыны көтеруге шамалары келмейді. Бүгінде ауыл шаруашылығында орташа айлық – 110- 150 мың теңге шамасында. Оның сыртында еккен өнімінен кеусен ауыстырылады. Жатын орын мен күнделікті үш мезгіл тамақ – тегін. Сөйте тұра, қызығушылық кем. Бұл тек егіс саласында туындаған қиындық емес. Мал ұстайтындардың басында да осы күй. Қазір қай қыстақты барып көрсеңіз де алдыңыздан екіүш ер адам шығады. Еркекқос. Олар барар жер, басар тауы болмағандықтан, амалсыз малға келгендер. Нәпақасын айырса да, мал бағудың қыр-сырына қызығып белсенділік танытпайды. Тіпті, табындап сиыр айдап отырып, қожайыны әкеліп беретін дүкеннің сүтін шайға қататындар да баршылық.
Арыстанбек КЕНЖЕ