«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушылары несиелерін Отбасы банк арқылы өтейді
Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Данияр Тайшекенов баспасөз брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес 2023 жылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті болып Отбасы банкі тағайындалды. Жоба тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға кредит беруді және көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді.
— Осы жылы Отбасы банкі «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті болып тағайындалды. Ендігі кезекте «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушылары несиелерін Отбасы банкі арқылы өтейді. Сондықтан қазір қазақстандықтарға, «Дипломмен – ауылға» жобасының қатысушыларына, банктің клиенті болып үлгеру маңызды. Егер бұл әрекет жасалмаса, заемды уақытында өтеу мүмкін болмайды және несие бойынша төлемді кешіктіру қаупі туындайды. Банк клиенті болудың бірнеше жолы бар. Ең алдымен «Otbasy bank» мобильді қосымшасын жүктеп алып, оны шот пен депозит ашу үшін пайдалану қажет. Екінші кезекте ұялы телефоннан 300 нөміріне тегін қоңырау шалу керек. Содан кейін жақын жердегі банк бөлімшесіне немесе кеңес беру орталығына хабарласу міндетті. Міне, осы үш этап арқылы сіздер біздің банктен шот аша аласыздар. Банк клиенті атанған қазақстандықтарға несие шарттары бойынша еш өзгеріс енгізілмейді, олар заемдарын төлеуді жалғастыра береді, — деді Д.Тайшекенов.
Сондай-ақ ол, азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін «Дипломмен ауылға» жобасы цифрлық форматқа ауысқанын жеткізді. Енді қазақстандықтар өз өтінімдрін otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде бере алады.
⠀