Жарнама
Жаңалықтар

ДИПЛОМДЫ МАМАНДАР БОС ЖҮР… немесе бұл проблема қалай шешіледі?

 

— Болат Сандыбайұлы, бүгінгі жастардың, соның ішінде дипломды мамандардың арасында жұмыссыздықтың белең алуын қалай түсіндірер едіңіз? Мұндай ахуалдың басты себебі не? 

— Оның басты себебі – еліміздің нарықтық қатынастарды таңдауы. Әлемдегі ең дамыған мемлекеттер дамудың осы жолымен келеді. Дүниежүзілік үрдістерден тыс қалғымыз келмесе, біз де солай істеуге тиіспіз. Ал, нарықтың басты талабы – бәсекелестік. Ол экономиканың барлық саласында кездеседі. Жасалатын жұмыс та, өндірілетін өнім де, берер білім де – қысқасы, бәрі де өзгеден оқ бойы озық тұруы шарт. Сонда ғана көштен қалмай, алдыңғы лектен табыламыз.

Мәселен, соңғы деректер бойынша АҚШ-та бір жұмыс орнына үш үміткерден келеді екен. Бұл онда қалыпты жағдай ретінде бағаланады. Ал, біз оған әлі дағдылана алмай жүрміз. Түбі жұмыссыздық әдеттегі құбылысқа айналады. Бұл жақсы жай болмағанымен, соған дайын болуымыз керек.

Ал, дипломды мамандардың арасында жұмыссыздықтың орын алуы, біріншіден, еңбек нарығының толысуынан. Әдетте, сұранысты ұсыныс туғызады. Жаңа жұмыс орындары ашылмаса, бұрынғы кәсіпорындар қуатын арттырмаса, оқу бітірген жастар қайда барады?

Екіншіден, ірі компаниялар, әсіресе бірлескен кәсіпорындар, жас мамандарды қызметке қабылдауға құлықсыз. Орындалуы қиын, тіпті мүмкін емес талаптар қояды. Ілгергі жылдары жасын шектеу, шет тілін білу тәрізді міндетті шарттарды атайтын. Қазір олар заңмен алынып тасталды. Дегенмен, әлі де әлдекімге басымдық берерде қитұрқы қулықтарға барады. Бүгінде республикада 23,7 мың шетелдік жұмыс жасап жүр екен. Ал, солардың бәрі майталман маман ба? Олардың кейбірін жергілікті кадрлармен ауыстыруға болмай ма?

— Сонда, қазіргі мамандардың дені сұранысқа лайық емес пе?

— Мен мынадай мысал келтірейін. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің айтуынша, Елордадағы заңгерлердің 98, экономистердің 85 пайызы сұранысқа лайық емес көрінеді. Демек, мұндай мамандық иелері еңбек нарығы ескерілмей дайындалып жатыр. Яғни олар ертең жұмыссыздар қатарын толықтырады.

Немесе Алматы қаласында университет пен институт түлектерінің 68 пайызы ғана қызметпен қамтылады екен. Ал, кейбір өңірде жоғары оқу орындарын бітіргендердің жартысы жұмыссыз. Мұндай ахуалдың қалыптасуына да еңбек нарығының ескерілмеуі себеп.

Мәселен, Атырауда мұнайшы мамандығын таңдағандардың дені бос жүр. Әрине, көмірсутегі шикізатына бай өңір болғандықтан, аймақта ғасырдан аса уақыт «қара алтын» өндіріліп келе жатқандықтан жастардың мұндай мамандықты игеруге ұмтылуы да заңдылық. Әйтсе де, сол дипломды мұнайшылардың бәрін қайда орналастыруға болады? Бізде жаңадан мұнай-газ өндіретін басқармалар ашылып жатыр ма?

— Сонда жастар мамандық таңдауда қателескені ме?

— Кеңестік кезде мектептердің жоғары сыныптарында мамандық таңдау кештері өтетін. Әрине, түлектердің дені жоғары оқу орындарына түсуге талпынатын. Бірақ, араларында жұмысшы болғысы келетіндер де кездесетін. Мұғалімдер бағыт-бағдар беретін. Турасын айтқанда, сол жастардың көбі қателеспейтін. Қазір мектептерде осындай шаралар өте ме, жоқ па – білмеймін, бірақ түлектердің дені әйтеуір әрі қарай оқысам деп ойлайтын секілді. Мен оларды бұл ұмтылыстары үшін кінәламаймын, дегенмен ертеңгі күні қажеттілікке жарамай қалудан сақтансын.  

— Қазір жастарға екінші мамандық алу қажеттігін айтып жатырмыз. Бірақ о баста қалаған мамандығы бойынша қызмет таба алмау жастарға обал емес пе? Олардың алғашқы алған білімдері текке кеткені ме?

— Екінші, тіпті үшінші-төртінші мамандық алу – қазіргі заман талабы. Нарықтық қатынастардың біз білмейтін құпиясы көп. Осы бағытта құрылған экономика құбылмалы келеді. Соған әр кез дайын болу шарт. Мәселен, Жапонияда адамдар бір мамандық бойынша жұмыс көлемі таусылса, екіншісіне  ауыса қояды екен. Өйткені, бірнеше мамандыққа ие. Бізде ше? Мәселен, Теңіз кенішіндегі немесе «Болашақ» зауытындағы құрылыстар мәреге жетіп еді, жүздеген адам бір-ақ сәтте жұмыссыз атанды. Өйткені, олардың құрылысшыдан өзге мамандығы жоқ. Егер слесарь, сантехник, дәнекерлеуші, т.б. мамандықтарды меңгерсе ше? Онда осылардың кез келгенін атқарар еді ғой.

Жалпы, бастапқы білім түбі пайдаға асады. Кешегі кеңестік кезде училище мен техникумдар біліктіліктің іргетасы еді ғой. Қазіргі колледждерде де солай. Күнде сабақ сұралады, баға қойылады. Демек, негізгі білім осы орта арнаулы оқу орындарында беріледі.

Ал, қалаған мамандығы бойынша жұмыс таба алмау – жас маманға өте қиын. Қолына дипломын алып, енді өз өмірін бастағалы отырған жанды кеудесінен кері итеру – ауыр соққы. Мен өзімнің әр түлегім үшін жаным ауырады. Олардың әрқайсысының тұрақты жұмыс тауып, аяқтанып кеткенін қалаймын. Бірақ әр кез ойымдағыдай бола бермейді.

Жалпы, менің ойымша, оқу орындары жастарға білім берумен шұғылданады. Сонау кеңестік кездегідей дипломды маманға жолдама беріп, оны міндетті түрде қызметке орналастыру талабы қазір жоқ. Бүгінде еңбек нарығын қадағалап, жас мамандарды, жалпы жұмыссыз жандарды қызметпен қамтуға жауапты уәкілетті орындар бар. Міне, жұмыссыздық мәселесімен солар шұғылдануы  тиіс.  Рас,  қайталап  айтқанда, өзіміз білім беріп, тәрбиелеген мамандарымыздың тағдыры біз үшін қымбат. Оларды әр кез ойлап жүреміз. Әйтсе де, әр мекеме өзіне тапсырылған іспен айналысқаны абзал.

Ірі компаниялар мен бірлескен кәсіпорындардың жас мамандарға жоғары талаптар қоятындығын айттым ғой. Солардың бірі – міндетті түрде тәжірибесі болуы. Ал,егер студент оқу процесі кезінде өндірістік тәжірибеден өтпесе, мұндай тәжірибені қайдан алады? Кеңестік кезде мұндай шара бірнеше мәрте ұйымдастырылатын. Өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан жасқа жалақы да төленетін. Оларды үйрету үшін тәлімгерлер тағайындалатын. Міне, осы оң үрдіс қазір қажет емес пе? Неге соны қайтадан жандандырмаймыз? Ескінің де бүгінге жарамды тұстары ескерілуі тиіс. Оның бәрін лақтырып тастау жараспайды.

— Осы орайда колледж түлектерінің қызметке орналасуы қалай?

— Ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз бар. Рас, бәрі бірдей өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмайды.  Бұған, жоғарыда айтқанымдай, еңбек нарығының тым толығуы себеп. Дегенмен, дені қызметпен қамтылды. Мәселен, былтыр техник-механик мамандығын алған 85 түлектің 66-сы жұмыс тапты. Соның 51-і өз мамандығы бойынша орналасты. Қазір, жасыратыны жоқ, қаладағы көліктерге техникалық қызмет көрсететін стансалардың денінде біздің балалар жұмыс жасап жатыр. Ара-тұра барғанда көреміз. Техник-құрылысшы мамандығы бойынша 52 жас бітірген екен. Солардың 48-і қызметпен қамтылса, 42-сі өз мамандығы бойынша істеп жатыр. Техник-технологтардың 45-сі жұмыс тапса, 36-сы мамандығын кәдеге асырғандар. Мұндай мысалдар көп.

Қалада сонау жылдары теміржолшыларды дайындайтын техникум болды. Кейін ол түрлі себептермен жабылды. Соның салдарынан осы мамандық иелеріне сұраныс күрт артты. Міне, осы олқылықты толтыру мақсатында бізде темір жол саласы мамандарын даярлайтын бөлім ашылды. Бірер жылдан соң оның алғашқы түлектерін ұшырмақпыз. Олардың сұранысқа лайық боларына сеніміміз де мол.

— Жалпы, «Жастар тәжірибесі» тәрізді шаралар өзін ақтай ма? Аз ғана ақшаға дипломды мамандарды пайдаланып, жарты жылдан кейін қоя беретін мекемелер бар. Оларға қандай талап қоюға болады?

— Мен сонау жылдары Америка Құрама Штаттарында боғанмын. Сөз ретінде айтар босам, сондағы Линкольн қаласының Құрметті азаматымын. Әлемдегі ең дамыған ел саналатын АҚШ-та да жұмыссыздық бар. Онда да кедейшілік тұрмыс кешіп жүрген жандар жетерлік. Бірақ, қызметсіз қалған адамдарды қолдау да жақсы ұйымдастырылған.

Міне, біздегі «Жастар тәжірибесі», «Жол картасы» шаралары да сондай қамқорлық жемістері. Мұның бәрі, әрине, жақсы. Әйтсе де, мәселе – соны ұйымдастыруда. Жастар мекемелерге мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға жіберіледі. Ал, кәсіпорын басшылары жас мамандарды анда бар, мында кел секілді шаруаларға жұмсамай, алған білімін тәжірибемен толықтыруға көмектесулері керек. Тәлімгер тағайындауы тиіс. Мерзімі біткенде мүмкіндігіне қарай қызметте қалдырғаны жөн. Әйтпесе, «Жастар тәжірибесі» тәрізді игі шара күткендегідей нәтижесін бермейді.

Жалпы, жастардың барған жерінде нендей іспен шұғылданып жатқандығын соған жолдама берген уәкілетті органдар өкілдері тұрақты тексеріп тұруы тиіс. Кәсіпорын басшыларынан дипломды мамандардың мамандығы бойынша тәжірибе жинақтау мүмкіндігін туғызу талап етілуі керек. Міне, жастарға осындай  екі  жақты қолдау қажет.   

— Ғалым ретінде жұмыссыздықтың қоғамға тигізер кеселі қандай деп бағалайсыз?

Алдымен, адам ретінде жұмыссыздықтың үлкенге де, кішіге де ауыр соққы екендігін айтқым келеді. Кісі қатарынан кем қалғандай көрінеді. Өзгелер оқ бойы алға кетіп қалғандай сезіледі.

Одан әрі, қоғамда тұрақсыздық пайда болады. Анау Украинада жылдар бойы алаңға жиналып, дүрбелең туғызып жатқандардың дені – жұмыссыз жастар. Егде немесе орта жастағылар аз кездеседі. Тұрақты табысы жоқ жан өзін де, отбасын да асырай алмайды. Ал, аш адам қандай да қадамға барады.

Жұмыссыздық, сонымен қатар,  жергілікті бюджетке түсетін түсімді азайтады. Демек, әлеуметтік салаларға бөлінетін қаражат көлемі кемиді. Қарттардың зейнетақысы, қызметкерлердің жалақысы, мұқтаж жандардың өтемақысы уақытында берілмейді. Бұл да әлеуметтік ахуалды әлсіретеді.

Ақырында, тұрақты іспен айналыспау адамды масылдыққа итермелейді. Үкіметтен берілетін жәрдемге ғана сүйеніп отыруға болмайды ғой. Аш адамға дайын балықты бергенше, қолына қармақ ұстатқан жөн. Сонда ол балықты қалай ұстап, оны қалай  тамақ етуді үйренеді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button