Диплом – жаңа үлгіде!
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Халықаралық ашықтықты қамтамасыз етуге, объективті академиялық және біліктіліктің кәсібилігін мойындату үшін Еуропалық үлгідегі дипломға қосымша атауын алды.
Бұл құжат биылғы оқу жылын бітіріп жатқан студенттер мен магистранттарға алғаш рет салтанатты жағдайда табыс етілді.
Өткен сенбіде «Жайық» спорт кешенінде ұйымдастырылған шарада оқу орнының ректоры Абзал Талтенов барша жиналғандарды диплом алу рәсімімен құттықтады. Түлектерге өздері таңдаған мамандықтың алтын қолды иесі атанып, еліміздің бір кірпіші болып қалануларына тілек білдірді.
Оқу жылын аяқтап жатқан күндізгі бөлімнің 643 студентіне және 186 магистрантқа аталған үлгідегі дипломды табыс етті. Сондай-ақ, «Жаңартылған білім мазмұнының теориясы мен практикасы» атты білімдік курсынан өткен 200 студентке арнайы сертификат берілді. Өткен жылы «Тарих» мамандығының бейіндік магистратурасына қабылданып, «Құқық тарихы және мемлекеттік қызмет көрсетуді құқықтық реттеу мен қамтамасыз ету» атты білім бағдарламасын толық аяқтап шыққан төрт магистрантқа мемлекеттік үлгідегі дипломнан бөлек, университеттің магистрлік дипломы табысталды.
Айта кету керек, биыл оқу орнын барлығы 1727 білім алушы бітірді. Оның ішінде кешкі бөлімді – 784, сырттай бөлімді 114 студент тәмамдады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: asu.edu.kz сайтынан алынды