Әділдік шырақшысы
«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Жоғарғы Сот судьясы Назым Таңатарқызы Суханова «Құрмет» орденімен марапатталады» деген сөзді естігенінде Назым Таңатарқызының сәл абдырап қалғаны рас. Өйтпегенде ше?! Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан еліміздің жоғарғы наградасын алғалы отыр. Бұл – екінің бірінің басына қона бермейтін бақыт.
Қуаныш пен толқудан дүрсілдей соққан жүрегін сан жылдар бойы қалыптасқан салқынқандылығы мен сабырлылығының жетегіне көндіріп, орнынан көтерілді де Елбасы тұрған жерге бет алды. Екі орта онша көп қашық емес. Мерекелік салтанатқа жиналғандардың қошамет-қолдауымен межелі орынға жеткенше кемінде 20-30 секундтай уақыт өткен болар. Осынау көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәтте бүкіл өмір жолы көз алдынан бейнебір кино лентасындағыдай өте шықты…
…Назым Таңатарқызының балдәурен балалық шағы сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырау қаласында өтті. Өзге де құрбылары секілді ол да жоғары білім алуды армандады. Оған себеп те жоқ емес. Орта мектепті негізгі пәндер бойынша «өте жақсы» деген бағалармен бітірді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Сыныптастары арасында көздеген мақсатына жеткенше тыным таппайтын, бірбеткейлігі һәм ізденімпаздығымен ерекшеленді. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор бола білуінің арқасында өскен ортасында абыройлы болды. Сондықтан шығар, ұстаздары да, кластас құрбылары да оның көп кешікпей студент атанатынына сенімді еді.
Алайда, Назым Таңатарқызы «көздеген мақсатыма еңбекке араласып, өмірлік тәжірибе жинақтау арқылы қол жеткізуім керек» деп шешті. Сөйтіп, Гурьев қаласындағы аймақтық агрохимиялық зертхананың лаборанты болып жұмысқа орналас-ты. Қаршадайынан үйдің де, түздің де тірлігіндегі ыстық-суықпен біте қайнасқан ол жаңа ортада өзін жақсы жағынан көрсете білді. Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын іскерлігі, тындырымдылығы, білмеген, түсінбеген жерлерін сұраудан жалықпайтын ізденімпаздығы басшыларының назарына іліктірді. Өндірістік жиналыстарда есімі озаттармен қатар аталып, жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынылды.
1967 жылы зертхана басшысына кіріп, өзінің университетке оқуға түсіп, заңгер болғысы келетінін айтқан. «Бізге де жақсы мамандар керек. Бірақ, болашақ – білімде, өзің сияқты жастардың қолында. Толықтай қолдаймын. Алдыңнан жарыл-қасын!» деп ақжолтай тілегін айтты. Дереу кадр бөлімінің басшысын шақыртып, мақтаулы өндірістік мінездеме жаздырып берді.
Сол жылы талай жастың арманы болған ару қала Алматыға келіп, С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне құжаттарын тапсырды, көп кешікпей судент атанды.
1971 жылы қазақ заңгерлерінің қара шаңырағындағы оқуын үздік бітірген Назым Таңатарқызы өз мамандығы бойынша еңбек жолын Алматы қаласындағы криминалистикалық ғылыми-зерттеу бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып бастады. Араға жылдар салып Маңғыстау, Гурьев облыстық соттарының, Алматы қалалық сотының мүшесі болып жұмыс жасады. Тағдырлары таразыға түскен адамдардың өмірлеріне араша тұрып, қара қылды қақ жарып билік айтты. Антына адал болып, арына кір келтірген жоқ. Судьялық қызметінде ала жіпті аттамай, әділет шырақшысы бола білді.
1994-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы, 1996-2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрайымы, 2001 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Жоғарғы сот судьясы болып өз міндетін мінсіз де адал атқарды. Ол судьялық өмір жолындағы адал қызметі үшін ҚР Президентінің Алғыс хатымен, мерекелік медальдармен, «Құрметті судья» төсбелгісімен, «Сот жүйесінің ардагері» медальдарымен, көптеген мақтау, Алғыс хаттарымен марапатталды. Кезінде Назым Таңатарқызымен жұмыстас болып, тәлім-тәрбие алған, бүгінде әртүрлі деңгейдегі соттардың төрағалары, алқа төрағаларын республикамыздың кез-келген облыстарынан кездестіруге болады.
Боранбай Ғалиев,
Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы.