Депутаттар – өндіріс орындарында
Атырауға сапар барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Нұрлан Әбдіров, Ерсұлтан Бектұрғанов, Жанат Жарасовтар бірқатар өндіріс нысандарын аралады.
Депутаттар Атырауда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бой көтерген түйе, қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасы мен консервіленген көкөніс өнімдерін шығаратын еңбек ұжымдарымен кездесті. Кейін Қазақстанда алғаш рет ашылған «Caspian Royal Fish» компаниясы мен Атырау кабель зауытының жұмысы барысымен танысты.
Түйе, қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасы өткен жылы телекөпір барысында іске қосылды. Фабрика директоры Назгүл Есмақанованың айтуынша, кәсіпорынның қуаты жылына 500 тонна жүнді өндіруге жетеді.
Баламасы жоқ фабриканың алғашқы өнімдерін көзбен көріп, қызу жұмысқа куә болған депутаттар, көкөніс өндіруші «Атырау Агро Феликс» ЖШС-інде болды. Бірнеше салат түрлерін жасап, оны сауда орындарына тасымалдап жүрген қызметкерлер халықтың өнімге деген сұранысының жоғары екенін айтады. Енді олар шыны ыдыстарға салынып, консервіленген қияр мен қызанақ өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр.
«Caspian Royal Fish» бекіре тұқымдас балық өсіретін зауыт осыдан жыл жарым бұрын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған еді. Күні кеше ғана зауыт қара уылдырықтың алғашқы он келі өнімін шығарып, тұтынушыларына жөнелтті. Зауыттың бас балық өсірушісі Алтынай Сүгірәлиева депутаттарды жылына 100 тонна балық еті мен бір тонна уылдырық дайындайтын кәсіпорын жұмысынан жан-жақты хабардар етті. Қазір зауытта 40 адам еңбек етеді. Тоғандар мен арнайы ыдыстарда өсірілетін қорытпа, сібір және орыс бекіресінің өнімдері облыстан тысқары аймақтарға да шығарыла бастаған.
Жұмыс сапары барысында депутаттар оптикалық-талшықты кабель шығаратын жаңа зауытта да болды. Мұнайлы өңірдегі тың жаңалық саналатын жобаның негізгі мақсаты – республиканың батыс аймағында талшықты-оптикалық кабельді игеру және өңдеу болып табылады. Кабельдік өніммен мемлекеттік мекемелер, көлік, телекоммуникация, мұнай және газ компаниялары қамтамасыз етіледі. Жоба құны – 715 млн. теңге. Бір ауысымдық жұмыс уақытында жобаның қуаттылығы – 4500 шақырым болса, үш ауысымдық жұмыс уақытында 11 000 шақырымға дейін өседі деп күтілуде. Құрамында мыс қосылған кабель өнімдерін шығару үшін 2017 жылға қосымша цех құрылысы жоспарланып отыр. Оған қоса, дәл осындай зауыты бар қарағандылық әріптестерімен серіктестік байланыс орнату да ойластырылған.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.
* Сіз не дейсіз? Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, халықаралық қорғаныс істері және қауіпсіздік комитетінің мүшесі:
Қаржыны мақсатты игеру маңызды – Біздің мақсатымыз жергілікті халықпен, «Нұр Отан» партиясы фракция мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен, кәсіпорын, өндіріс ұжымдарымен кездесіп, Ұлт жоспарын, Елбасы Жолдауын, «Мәңгілік ел» патриоттық идеясын жеткізу, қабылданып жатқан заңдарды түсіндіру. Және заң жобаларына байланысты халықтың ой-пікірін біліп, ұсыныстарын ескеру. Атырау мұнайлы аймақ саналып келген өңір болатын. Бүгінде облыс ауылшаруашылығының дамуына ден қойып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Атырауда жолдар, медициналық мекеме сынды көптеген әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, бюджет қаржысы уақтылы және сапалы, мақсатты игерілуі тиіс. Бұл тұрғыда Атырауда жұмыстар бар.