ДЕПУТАТТАР – ХАЛЫҚ АРАСЫНДА

Облыстық мәслихат депутаттары бүгінде өңірлерді аралап, жұртшылықпен жүздесіп жүр. Осындай бір топ Құлсарыда кездесу өткізді. 

Депутаттар, алдымен, қаладағы №18 орта мектепке келді. Кездесуді аудан әкімі Максим Ізбасов ашып, шара мақсатын айтты. Содан соң облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов жиналғандарды «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде қабылданған Доктринамен таныстырды.

Әрине, жұртшылықты халық қалаулыларының өздеріне арқалаған аманатты қалай орындап жатқандығы көбірек қызықтырды. Осы орайда облыстық мәслихат депутаты Мәрия Қаражігітова өзі қызмет істейтін ТШО компаниясының Жылыой жұртшылығы үшін жасап жатқан жақсылықтарын айтты. Мәселен, «Игілік» бағдарламасы бойынша ауыз су мәселесі түпкілікті шешілуде. Құлсары және Жаңа Қаратон елді мекендерінде балабақшалар салынбақшы. Олардың құрылысы алдымыздағы наурызда басталады деп күтілуде. Бұл шара ауданда балабақша кезегінде тұрған төрт мыңнан астам бүлдіршіннің мәселесін едәуір жеңілдетпек. Сонымен қатар, тұрғын үйге деген мұқтаждықты біраз шешу үшін «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігі арқылы 64 пәтер сатып алынды.
Әйтсе де, тұрғындар жаңадан тұрғызылып жатқан ықшамаудандарда инженерлік желілердің толық тартылмағанын, әлеуметтік нысандардың жетімсіздігін айтты. Сайлаушылар тілегін облыстық мәслихат депутаттары Сүйінішбек Әбуғалиев пен Бөріхан Беркімбаев та тыңдап, ойларын ойға салды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз