Жылу беру – қалыпты

screenshot 10 4 Жаңалықтар

МІНЕ, ҚАРАШАНЫҢ АЛҒАШҚЫ АПТАСЫ ӨТІП, КЕЗЕКТІ ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНЫҢ БАСТАЛҒАНЫНА АЙҒА ЖУЫҚТАДЫ. ОСЫНАУ МАҢЫЗДЫ ДА ЖАУАПТЫ НАУҚАННЫҢ БАРЫСЫ ОЙДАҒЫДАЙ БОЛҒАНЫМЕН, КЕЙБІР ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН ТҮСІП ЖАТҚАН ШАҒЫМДАР ДА ЖОҚ ЕМЕС. СОНЫҢ БІРІ «БЕРЕКЕ» ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ №27 КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙДЕН ТІРКЕЛГЕН.

Мəселенің мəн-жайын білу мақсатымен қаланы жылумен жабдықтайтын «Атырау жылу желілері» АҚ-на хабарласқанбыз. Акционерлік қоғамның бірінші тете-президенті Əлібек Темірғалиевтің түсіндіруінше, «Қарашаның қара суығында жылусыз қалтырап отырмыз» деп байбалам салып жүрген аталған үйдің ең жоғарғы қабатындағы пəтерлердің бірінің тұрғыны болып шығыпты. Ал, мұндағы 22 көп пəтерлі үй жылуды осындағы Береке-3 орталық жылу тарату пунктінен алады екен. Егер осы уақытқа дейін бұлардың бəріне жылу берілмеген болса, онда бұл үйлердің тұрғындары түгелімен шағымданар еді ғой.

– Осыған байланысты біздің мамандарымыз барып, тексеріп қарағанда, жылудың бүкіл үйде емес, кейбір пəтерлерде ғана нашарлау жүріп тұрғанына көз жеткізген. Негізінде, мұндай жағдайда оны ең алдымен сол үйлерді қамтитын пəтер иелері кооперативі біліп, шарасын алуы керек. Ал, бұл жолы тұрғын қала əкімдігінің телеграм-чатына тікелей хабарласқандықтан, объектіге бірінші болып біз келдік. Көзіміз жеткені, үйішілік желідегі ақаулықтардың салдарынан сырттан келіп тұрған жылу жоғары қатардағы пəтерлерге толық жетпей қалған. Сол себепті, бірінші кезекте əр қабатта орнатылған коллектор сүзгілерін ұдайы тазалап тұру қажет.

Осы шаруа уақытылы атқарылмағандықтан жылу жүйелерінің бойы бітеліп, оның өткізгіштік қабілеті төмендейді. Ал, тұтастай алғанда жағдай бірқалыпты, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Тек осы мəселені үнемі бақылап, қадағалауға тиісті қалалық тұрғын үй инспекциясы мен ПИК-тер өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарағаны дұрыс, – деді Əлібек Нариманұлы.

Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз