Депутат қолды болған балабақша ғимараттарын түгендеуді ұсынды

07f8a5fc 130a 4d43 b11a 61d7bdb7cb92 Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Amanat» атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында кезінде қолды болып кеткен балабақша ғимараттарына ревизия жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәжілістегі «Amanat» фракциясының депутаттары «Заңсыз иеленген капиталды қайтару» жөнінде заңды қабылдағанын білесіздер.

Бұл біздің ата-баба, әке-шешеміздің барша ұрпағына қалдырған игіліктерін алдап-арбап, әртүрлі құйтырқы әрекеттермен халқымыздың аузынан жырып алған байлықты мемлекетке қайтарудың нақты қадамы.

Ат төбеліндей топ «өзімшілдіктен өзегі өртеніп», шет елге миллиардтаған долларды шығарып әкеткен.

Ашығын айтқанда, өз ұлтының, өз халқының қазына–байлығын аяусыз ұрлаған!

Ал енді, кейінгі отыз жыл ішінде тек қана ірі зауыт, фабрика, өнеркәсіп нысандары ғана қолды болды ма? Әрине, жоқ», – деді Ерлан Саиров.

Оның сөзінше, аймақтық деңгейде балабақша, мәдениет ошақтары, жергілікті электр желі магистральдары да қолды болып кеткен.

«Жергілікті жерде адамдар сол нақты балабақша мен мәдениет ошағының, мектеп оқушыларының жазғы демалыс орындарын ел игілігіне жұмыс істегенін көргісі келеді. Осы мәселе бойынша біздің партия мүшелері барлық деңгейде жұмыс істегені жөн тәрізді. Еліміз бойынша қанша балабақшаның қолды болғаны жөнінде ревизия жасап, оларды мемлекетке қайтарудың жолын қарастырған жөн.

Қолды болған оқушылардың жазғы демалыс орындарын да мемлекетке қайтару қажет. Біз қолды болған қаражатты елге қайтару жұмысын аяғына дейін жеткізуіміз керек», – деді депутат.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз