Жарнама
Жаңалықтар

Денсаулық сақшылары туған жерге ерекше сый жасады

Биыл — «қақпақты қара қазан» атанған қазыналы өңір — Қызылқоға ауданының құрылғанына сексен жыл. Осыған орай, жуырда ауданда ұзақ жыл бойы жемісті еңбек етіп, бүгінде қызметін қалада абыроймен жалғастырып келе жатқан денсаулық сақшылары кіндік қаны тамған, туған топыраққа табан тіреп, жерлестеріне тегін медициналық көмек көрсетті.
Осылайша, 700-ге жуық тұрғын акушер- гинеколог, травматолог, педиатр, кардиолог, стоматолог, невропатолог, эндокринолог және инфекционист дәрігерден (барлығы 30-дан астам білікті маман) қажетті кеңес пен көмек алып, кешенді медициналық тексерістен өтті. Бұдан бөлек, барлығы 100-ден астам медицина, төтенше жағдай және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету құрылымдары қызметкерлеріне арналған семинар-оқытулар ұйымдастырылды. Осы шараға қатысушыларға сертификаттар тапсырылды. Осыдан соң ізгі ниетпен елге тағзым ете келген дәрігерлер саналы ғұмырын халықтың денсаулығын сақтауға арнаған, бұл күнде өмірден өткен әріптестерін еске алды. Бейнебаян арқылы олардың еңбек жолдарына шолу жасап, жарқын естеліктерімен бөлісті. Аудан әкімі Қанат Әзмұханов бір мезет жерлестерінің жанынан табылып, қол ұшын созған мейірбан жандарға өңір жұртшылығы атынан жылы лебізін білдіріп, ризашылығын жеткізді. Келесі кезекте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев сала ардагерлеріне Алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар, облыстық, аудандық мәслихат төрағалары да көп жылғы еңбек пен халықтың шынайы ризашылығы ретінде аға буын өкілдеріне бірнеше ардагер мен ақ халаттыларды сахна төріне шақырып, Алғыс хатын табыс етті.

ce4a3075 da9a 4bc4 b96f 6c099c684808

Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Яқып Сағидолла облыстық ардагерлер кеңесінің «Ардақты ана» алтын белгісін Рақыш Егізбаеваға, «Сұлтан Бейбарыс» орденін Ақниет Сақиевке, «Мейірімді жүрек» медалін Самат Тайшыбайға, «Тәлімгер» медалін Балбибі Есжанованың кеудесіне тақты. Соңында жерлес жеке кәсіпкерлер атынан қызылқоғалықтарға 112 сертификат тегін таратылды. Айта кету керек, бүгінде аудандағы бір орталық аурухана, сегіз дәрігерлік амбулатория, бір фельдшерлік — акушерлік және алты медициналық пунктте 50-ден астам дәрігер, 300-дің үстінде орта буын өкілдері халыққа медициналық қызмет көрсетуде.

Дәулетқали АРУЕВ,

Қызылқоға ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button