Жарнама
Жаңалықтар

«ДЕНДЕРІМ – БАЙТАҚ МЕКЕНІМ»

Қазына үстіндегі қала

Жерінің асты мен үсті байлыққа толы Индер мәдениеттің де орталығы саналады. Соның көрінісіндей, Махамбет атындағы драма театрында өткен ауданның мәдени шарасына келушілер көп болды. Солардың қатарында біз де ғимараттың қос қабатына кеңінен жайылған көрмелерді ретімен тамашалап шықтық.

«Тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірген өнімдері жұрт назарын ерекше аударды. Құрылымның техникалық директоры Олеся Ковалеваның айтуынша, серіктестік  күнделікті қолданысқа қажетті тұздың бірнеше түрін шығарады. Мәселен, «Галит» минералды концентраты (оған техникалық тұз, хлорлы натрий, т.б. өнімдері жатады) химиялық және мұнайхимиялық өндірісте кеңінен қолданылады. Индердің тұзы халықты жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындарда үлкен сұранысқа ие.

—  Біздің шикізатты «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны, Атырау мұнай өңдеу зауыты, Оралдағы кірпіш зауыты, балық өндірістік кооперативтері тұрақты алады. Ол, сонымен қатар, Ресейге де экспортталып отыр, — дейді серіктестіктің техникалық директоры Олеся Ковалева.

«Биас ТЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдеріне де бүгінде сұраныс артқан. Өйткені, мұндағы гипс негізінде жасалған құрғақ құрылыс қоспалары – іздесең, таптырмайтын дүние. Ол бүгінде «Arlan» атауымен шығады. Серіктестіктің өкілі Әсел Әлімгерей алыстан ат арытып тасымалдайтын өнімдерден оның артықшылығы көп екендігін айтады. Бастысы, «Arlan»-ның қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсірмейтіндігінде. Гипс негізінде жасалған құрғақ құрылыс қоспаларының бірнеше түрі бар. Алғашқысы, «Start premium» бетоннан және кірпіштен тұрғызылған қабырғаларды тегістеуге, үйдің ішкі жұмыстарына пайдаланылады. 

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Индерде тас шығаратын цехтың жұмыс жасағанына үш жылдай уақыт өтті. Осы аралықта өнімге сұраныс өспесе, кеміген жоқ. Шаруасын дөңгелентіп отырған жас кәсіпкер Жанарбек Зейнешовтің әңгімесінен жергілікті қиыршық шикізаттан жасалған, үй салуға арналған тастың өзіндік артықшылығын білдік. Ол алдымен жылуды сақтайды, суды өткізбейді, бағасы да қолайлы.

Дендер күмбезінде Менделеев таблицасындағы элементтердің қайсысы да табылатыны аз айтылып жүрген жоқ. Бізді осынау байлықтың ел ырыздығына айнала бастауы қуандырады. Сонымен қатар, ауданда өндірістің өзге салаларында да ілгерілеушілік байқалатынына тоқталайық. Мәселен, Азамат Орахов өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 2,9 млн. теңге несие алып, тігін цехын ашыпты. Шығаратын өнімдері негізінен ұзатылатын қыздың жасауы. Ол сапалы тігіледі, әрі өте әдемі. Осы себепті жергілікті тұрғындар қажетін жақын жерден тауып жатқан көрінеді.  Қуандық Салихов Көктоғай ауылында «Дәулет» деп аталатын наубайхана ашса, Құбайдолла Құлбасов Жарсуаттағы шаруасын мал шаруашылығынан бастауда. 

Ісмерлік пен ізденіс

Атыраудағы мәдениет күндеріне Индер жұртшылығы үлкен дайындықпен келіпті. Оны арнайы жасақталған көрмелерді аралай жүріп, анық көз жеткіздік. Мәселен, Көктем қазақ орта мектебінің мұғалімі Ғизат Сейітқалиевтің туындылары айрықша атап өтерлік. Мұнда табиғат көрінісі әсем бейнеленіпті. Ал, С.Сейфуллин орта мектебі оқушыларының қолынан шыққан киіз үйлер тамашалаған жанның таңданысын туғызады.

Жалпы, көрмеге жергілікті білім ошақтары ерекше үлес қосқаны байқалады. Сонымен қатар, Махамбет пен Мұрат Мөңкеұлына арналған көрмені арнайы барып тамашаладық. Мұнда арыстарымыз туралы мол мағлұмат дайындалып қойылған. Оны келушілерге аудандық мұражай қызметкері Эльмира Төлешова ретімен таныстыруда.

Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Ізім Бекмағанбетовтің сүйекпен әшекейлеп жасаған домбырасын, 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне қатынасқан Қанапия Махметованың қобызын тамашалап жатқан жандардың қатары көп көрінді. Зергер Қайрат Шапабаевтың қолынан шыққан жүзіктер, білезіктер, қобдиша, сабы күмістен жасалған қамшы, тағы басқа дүниелер адам назарын еріксіз аударады. 

Құлақтан кіріп, бойды алған…

Көрме Индер ауданының облыстағы мәдениет күндеріне арналған «Ынтымақ пен бірлік – мәңгілік ел тұғыры!» деп аталатын концерттік бағдарламасына ұласты. Ол аудандық Р.Ғабдиев атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі мен Жамбыл атындағы орта мектептің хорының сүйемелдеуі, жеке дауыстағы Нағим Сатымовтың орындауындағы «Дендерім – байтақ мекенім» әнімен ашылды. Табылды Досымовтың бұл әні бүгінде Индердің әнұраны іспеттес. Сондықтан, өнер ұжымдары оны ерекше тебіреніспен орындады.

Бұдан соң Октябрь Шамаров дирижерлік еткен өнер ұжымы бірнеше туындыны көрермен назарына ұсынды. Аудан өнерпаздарының өнері «Ай-ару» би ансамблінің орындауындағы Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әніне қойылған биімен, «Ақжайық» вокалды-аспаптар ансамблі сүйемелдеген жеке дауыстағы Айдос Жанғалиевтың әнімен жалғасын тапты.

Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатудағы ерекше үлесі бар индерліктер майдан тақырыбындағы ән-күйлерді әдемі өрбітті. Әсіресе, Айданақ Сағындықтың орындауындағы «Әлия», «Асыл әжем» әжелер ансамблі шырқаған «Жди солдата», тағы басқа әндер көрерменнен жоғары баға алды. Ерекше безендірілген сахнаға ілінген үлкен экраннан бейнефильм көрсетіліп тұруы да айрықша әсер қалдырғаны анық.

Индер ауданы озат еңбеккерлерімен де белгілі. Аймақтан 16  Социалистік Еңбек Ері шыққан. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған Маржан Енбаева – соның бірі. Анаға арналған Әбілахат Еспаевтің «Маржан қыз» әнін «Дендер сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі Ерболат Кәрімов жоғары деңгейде орындап шықты. Сахнадағы көріністер бұдан соң «Ұлы дала дүбірі» сахналық қойылымға ұласты.

Индерліктердің өнеріне тәнті болған жұртшылық  қошеметімен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан өнерпаздарға «Ықылас гүлі» ұсынылды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button