Жарнама
Жаңалықтар

Демократияның да екі жағы бар

Мемлекеттігіміздің басты кепілі саналатын Конституцияның жүріп өткен жолына, сол арқылы Қазақ елінің тәуелсіздік жылдарындағы саяси дамуына саясаттанушы ретінде қандай баға берер едіңіз?

azimbay-349x218_c

– Қазақ елінің Конституциясы ұлттық мүддеге негізделген. Бірақ, қоғамда қалыптасқан ахуал кейбір жағдайда Ата Заңмен бекітілген дүниелердің қолданысқа өз дәрежесінде ене алмай отырғандығын көрсетеді. Конституция – басты құжат. Демек, елімізде жасалған экономикалық, әлеуметтік реформалар қайта қарауды, қайта жасауды, жаңартуды, жетілдіруді қажет етеді.

Рас, аграрлық сектордағы бидай шаруашылығы өте жоғары деңгейде дамыды. АҚШ, Австралия, Канада тұрғанда Қазақ елінің де жоғарыдан көрінуі – үлкен көрсеткіш. Алайда, өндірісіміздің шикізатқа негізделуі – кемшілік. Уран, мұнай, газ, толық өңделмеген металл, мыс, тағысын тағылар. 1923 жылғы автономия кезіндегі қазақ тілі деңгейіне жете алмай отырмыз. Ол кезде сот ісі, телеграмма тілі қазақ тілінде болатын. Ал, қазір бізде сот ісі, атқарушы билік, заң шығарушы органдар қазақ тілінде жазғанымен, орысша ойлап, орысша сөйлейді.

Еліміздегі адам құқығының қорғалу деңгейі туралы не дейсіз?

– Егер  «адам құқығы» сөзін либералдық деңгейде түсінсек, онда біз әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің, былайша айтқанда, гомосексуалистердің некесін қиып беруге міндеттіміз. Сол себептен бұл ұғымға мұсылман ретінде, қазақы көзқараспен қараймын. Дінімізге, ділімізге жат әлгіндей нәрселерге қоғамда орын берілмеуі тиіс.  Демек, демократияға да шектеу керек. Ең бастысы, теңдік, мемлекеттік құқық, мемлекеттік тіл атты негізгі құқықтар шешілуге, қорғалуы тиіс.

Либералдық түсінікпен қарағанда, мешіт мемлекеттен бөлек. Бір-біріне бағынбайды да, қарамайды да. Бірақ, біздің жағдайымызда мемлекет мешітке көмектесуі тиіс. Әйтпесе, олар фундаментализмге кетіп қалуы мүмкін. Мешіттегілер қайыр-садақамен күн көретін ең кедей адам болмауы керек. Демек, мемлекеттің мешітке көмектесуі демократиялық принциптерге аса бір айтарлықтай қайшы келе бермейді. Оның үстіне, мұндай қадам ұлттық қауіпсіздігіміз үшін де қажет. Сондықтан, демократия деген уақытта, мәселенің ақ пен қара сынды екі жағы барын ескеруге тиіспіз.

Бастысы, адам құқығы дегенде, ең алдымен, көпшіліктің құқығын қорғап алу қажет. Біздің ел үшін көпшілік дегеніміз – қазақ, яғни, қазақ халқының құқығы.

– Билік өкілеттілігін қайта қарауға мүмкіндік берген конституциялық реформалар туралы пікіріңізді білсек…

– Біздің Конституциямыз бұған дейін де бірнеше рет өзгертілген еді. Десе де, осы жолы қоғамды демократияландыру бағытына қарай нақты бетбұрыс жасалды.

Біріншіден, заң шығарушылар билігі күшейеді. Ендігі жерде біздің депутаттар министрлер кабинетінің жұмысын толықтай бақылауға алады. Қазақша айтқанда, бұған дейін  депутаттар министрлердің басынан «сипап» келген еді. Әрі кетсе, ескерту жасаумен шектелетін. Енді бағдарламалардың орындалу сапасы, мазмұны, мерзімі сынды талаптарды бағалайтын комитеттер жұмыс істейді. Осындай жаңалықтар арқылы біз есеп беретін мемлекет қалыптастыра аламыз.

Саяси реформалар ең алдымен, мемлекетті ширату үшін керек. Демек, техникалық, әлеуметтік мәселелермен бірге, ұлттық құндылықтарға, мемлекеттік тілге деген бетбұрыс та көбірек байқалып отыруы тиіс. Ұлттық құндылықтардың әлеуметтік базасы қалыптасқан жағдайда ғана  ұлттық сананың дамығанына куә болар едік. Осындай басым бағыттар іске қосылған кезде біз әлемнің ең озық отыз елінің қатарына  ұлттық мемлекет ретінде енетін боламыз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button