Жарнама
Жаңалықтар

«ДЕМЕУ» – МҰҚТАЖ ЖАНДАР ҮШІН!

 

—  «Зейнеткерлер, мүгедек адамдар, көп балалы отбасылар және әртүрлі әлеуметтік мұқтаж топтарға дүкендерде немесе басқа да қызмет ету орындарында тұрақты жүйелі жеңілдіктер жасалса екен» деген ойымыз бірқатар кәсіпкерлер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан қолдау тапты. Ең алдымен, бастамамызды естіп, бірден қолдау білдірген «Атаба» компаниялар тобы» ЖШС, «Медицина» АҚ, «Атырау шипажайы» АҚ және «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешені келісім меморандумына қол қоюға асықты. Өзге де кәсіпкерлер  бұл бастамаға қосылып, мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатындағы жобаны жүзеге асыруға атсалысатынына сенеміз, — деді баспасөз конференциясына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау филиалының директоры Асылбек Жәкиев те бұл жобаны игі бастама деп бағалап, қолдау білдірген кәсіпкерлерге алғысын жеткізді.

Жиын барысында облыстық әкімдік, «Атамекен» ҰКП Атырау филиалы және кәсіпкерлер тарапынан келісім меморандумына қол қойылды.

— «Демеу» деген сөздің астында үлкен мән-мағына жатыр. Дәріханаларда дәрілік препараттарға жеңілдіктер қарастырылмайтыны белгілі. Алайда, әр санаттағы зейнеткерлер мен ардагерлерге, көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында біз облыс әкімдігі жүзеге асырып жатқан бастамаға өз үлесімізді қосуға шешім қабылдап, 1 шілдеден бастап дәрілік препараттарға бес пайыздық жеңілдік белгілеп отырмыз.

Қазіргі таңда дәріхана қорында 10 мыңға жуық дәрі түрі бар. Ал, Атырау облысында 34 желіміз жұмыс жасайды. Сондықтан, бізде бұл жоба тіркеу картасы арқылы жүзеге асады. Біз әрқайсысында штрих-коды бар 304 мың карта шығардық. Әр тұтынушы тиісті құжаттарын алып келіп, тиесілі жеңілдікпен дәрі сатып ала алады, — деді «Медицина» АҚ  директоры Забира Дәулетжанова.

Ал, «Атаба» компаниялар тобы»  ЖШС бас директорының орынбасары Рахат Шәріпов компания  зейнеткерлер мен ардагерлерге, көп  балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тек бір реттік қана емес, жыл соңына дейін 10 пайыздан 25 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынатынын жеткізді.

—  «Демеу» әлеуметтік жауапкершілік қоғамдық қозғалысының болашағы зор деп ойлаймын. Өйткені, мұнда кәсіпкерлердің де және мұқтаж жандардың да мүддесі қаралып отыр. Екі мүдде тоғысқан жерде жасампаз істер атқарылмақ. Сондықтан, Атырауда басталған бұл қоғамдық қозғалыс еліміздің басқа да аймақтарына таралатынына сенім мол, — деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button