Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атыраудың Қадыры

«Қариясы бар елдің қазынасы бар» дегендей, мен үшін университеттегі аға буын ұстаздарының арасында парасаттылығымен, білімпаздығымен, көрегенділігімен шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Қадыр Өтегенұлы Жүсіп.

__%d0%b4%d0%b5%d0%b1%d0%b8%d0%b5%d1%82-__%d0%bb%d0%b5%d0%bc%c2%a6%d0%bd%c2%a6__-%d1%82%d0%be%d0%bb%d0%b0__%d0%b0%d0%b9%d1%8b

Соңғы екі жылдан бері отыратын жеріміз де, сөйлесетін орнымыз да әдебиеттің алып тұлғаларының бірі – Зейнолла Қабдол атындағы ғылыми-зерттеу орталығы болғандықтан, ағамыздың жан дүниесіне үңілу, ой-орамдарын байқау оңайға түсті. Сәл ғана жымия түсіп, еш сызат жоқ әсем дауысымен әңгіме бастағанда, өзіне қалай баурап алғанын тіпті байқамай да қаласыз?!

Ал, оның тау қопарған жазу еңбекқорлығына келгенде, ешкімнің теңдесе алмасы анық.

Әңгіменің тоқ етері, ұстазымыз  сексеннің сеңгіріне шыққалы отыр. Қадыр Өтегенұлы Жүсіп (Юсупов) 1937 жылы 10 қаңтарда Атырау облысы Гурьев қаласында дүниеге келіпті. Қаланың Жамбыл атындағы орта мектебін тәмамдап, 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогика институтын бітіргеннен кейін, қаладағы Абай атындағы  орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Содан кейін Алтынсарин атындағы №11 орта мектеп  директорының орынбасары, №2 мектеп-интернатта аға тәрбиеші, облыстық халық шығармашылығы үйінің директоры, М.Әуезов атындағы №7, Қ.Сәтбаев атындағы  №19  орта мектептерде  мектеп директоры болды.

Қадыр Өтегенұлы қала мектептерінде жұмыс істей жүріп, 1960 жылдан 1975 жылға дейін  облыстық  радиода дикторлық  қызмет атқарды. Ал, 1982 жылы Гурьев педагогика институтына қазақ әдебиеті пәнінен дәріс беру үшін  жұмысқа шақырылады. Мұнда бастауыш  білім және бала тәрбиесі бөлімінде, кейіннен жаңадан  ашылған қазақ тілі  мен  әдебиеті бөлімінде қазақ әдебиеті, әдебиет теориясы пәндерінен дәріс оқиды.

Институтқа  келісімен  ғылыми  жұмысқа шұғыл бет бұрып, 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология  факультетіне ғылыми ізденуші болып тіркеледі. Ғылыми  жетекшілікке академик-жазушы, профессор Зейнолла Қабдолов тағайындалады. Сөйтіп, 1988 жылы «Жұмекен Нәжімеденовтің лирикасы» атты тақырыпта кандидаттық  диссертациясын қорғайды.

Кандидаттық  диссертация  қорғағаннан кейін, ғылыми  жетекшісінің   ұсынысымен  докторлық  ғылыми  дәреже  алуға  ұмтылыс  жасап,  Жұмекен  шығармашылығы бойынша  ізденісін  жалғастырды. Осылайша, 1996 жылы «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап, филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Кейіпкерімізге 1999 жылы  Қазақстан республикасы ЖАК-тің шешімімен профессор ғылыми атағы берілді.

Қадыр Жүсіп 2001 жылы Әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент мүшелігіне сайланды. Еңбегі лайықты бағаланып, 2016 жылы Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдарының академигі атағына ие болды. Ғалым  1988-2003 жылдары  15  жыл  бойына  қазақ әдебиеті  кафедрасының  меңгерушілік жұмысын атқарды.

Ол – республикаға аты белгілі ақын. Қазақстан Жазушылар Одағының  және Журналистер  Одағының мүшесі.

Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Поэтикалық  жинақтары «Естелік», «Жүрек сыры», «Асау Атырау», «Айша бибі», «Зейнолланама», «Қыран самғау» атты жыр жинақтары жарық көрді.

«Орта мектепте оқушылардың шығармашылық дағдысын қалыптастыру», «Орта мектепте лириканы талдау», «Жыр жиһазы», «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы», «Жазушы. Ғалым. Ұстаз», «Таңғажайып Бейбарыс», «Шың мен шыңырау», «Алмас жыр», «Әдеби толғамдар», «Махамбеттану мәселелері», «Қазақтың Қабдоловы», «Жұмекен жұмбағы» деген ғылыми-зерттеу монографияларының және «Әдебиеттануға  кіріспе», «Көркем шығарма  талдау»  атты оқулық пен  әдістемелік құралдардың және жүзден аса ғылыми мақалалардың авторы.

Қадыр  Өтегенұлы  Х.Досмұхамедов  атындағы  Атырау  мемлекеттік  университеті жанындағы  академик  Зейнолла  Қабдолов  атындағы  ғылыми-зерттеу  орталығына  басшылық  етті. Осы  орталықты  басқара  отырып, ҚР Білім  және  ғылым  министрлігінің  тапсырмасы  бойынша    әдебиеттану ғылымы   бойынша  (3 млн.  теңгелік) жобаны жүзеге  асырып, «Батыс Қазақстан  өлкесінің  суырыпсалма  ақындары  мен  жыраулары»  атты  ғылыми  еңбек  жариялады. Ол кісі 2007-2012 жылдары «Аджип»  компаниясымен  келісім-шартпен  құны  5 млн.  теңгелік  ғылыми  жобаға жетекшілік жасады. Жоба  бойынша  үш  кітап   жарияланды: «Атырау  облысының жер-су  атаулары», «Мұнай  және  газ  терминологиясының  қысқаша  түсіндірме  сөздігі», «Балық  шаруашылығы  терминологиясының  қысқаша  түсіндірме  сөздігі».  Академик Зейнолла Қабдоловтың 5 томдық шығармалар жинағының соңғы үш томын құрастырушы.

Қадыр Өтегенұлы  мемлекеттік  тіліміздің  дамуына да үлес  қосты. Сонау 1989 жылы күзде Алматыдағы республикалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтай жиналысында Атырау облысы бойынша «Қазақ тілі» қоғамының төрағалығына ұсынылды. Осы жиналыста әр облыстың «Қазақ тілі» қоғамы педагогика институттарының базасында құрылуы керектігі жөнінде қаулы қабылдануына байланысты Гурьев педагогика институтында тіл жанашырларының жиналысы өтіп, Қадыр Өтегенұлы облыстық қазақ тілі қоғамының төрағасы болып сайланды. Ол 1989 жылдың қазанынан 1990 жылдың мамыр  айына  дейін бұл қоғамдық жұмысты жемісті атқарып, қаладағы ылғи орыс балабақшаларында қазақ топтарын құруды, таза орыс мектептерінде қазақ кластарын ашуды ұйымдастырды. Бұл жұмыстар облыста қазақ тілін қолдану  аясын кеңейтудің рөлін арттырды. Ұлттық тілімізді қалпына келтірудің алғашқы  дәні осылай егіліп еді. Кейін ол қаулап өсті.

Қадыр Өтегенұлының ғылыми-педагогикалық еңбегі жоғары бағаланып, «Білім беру ісінің озық қызметкері» белгісімен, «Еңбек ардагері», «Егемендіктің 10, 25 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин» атындағы, «Қазақстан  Республикасының   мәдениет  қайраткері»   медальдарымен   марапатталған.

Бүгінде ғалым университеттің Әбіш Кекілбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығын басқарады. Филолог-студенттерге, магистранттарға лекция оқиды және  ғылыми жетекшілік жасайды.

P.S. Осы мақала жазылып жатқан кезде  «Ағатай» баспасынан  кейіпкеріміздің сиясы кеуіп үлгермеген екі кітабы жарық көрді. Атап айтқанда, композитор, өнер зерттеуші И.Жақанов туралы «Даланың дархан дауысы» және әр жылдарда жарық көрген шығармаларынан таңдалған  «Жылдар жаңғырығы» жинағы.  

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button