Дауылпаздар елінде, жырдан дауыл тұрған күн…
Қара өлеңнен дауыл тұрғызып, жырсүйер атыраулықтардың мерейін асырған аламан айтыс қарашаның 19-20-сы күндері облыстық М.Өтемісов атындағы драма театрда болып өтті. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілген бұл дүбірлі додада 20 жүйрік ақын бақ сынады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырып, «Асқақ рухты Атырау» деген атты еншілеген ерен жүйріктердің сайысына белгілі актер, Қазақстан және КСРО-ның халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші, сазгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев, Астана қаласындағы «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының» директоры Ербол Тілешов, Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бауыржан Халиолла, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереевалар қазылық етті. Айтысты жүргізген қазақтың белгілі ақыны, ұлы өнердің жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман өз кезегінде Атырау облысының әкімі Н.А.Ноғаевқа үлкен шараға ұйытқы болғаны үшін алғыс білдірді.
Айтысқа Астана, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Жезқазған, Батыс Қазақстан облыстарынан белгілі жыр жүйріктері қатысса, туған топырағымыздың өзінен төрт бірдей айтыскер қатысуы Атырау айтысының өрлеу жолында екенінен хабар береді. Соңғы кездерде Атырауда айтыс ақындарының мектебі қалыптасып, әкімдік тарапынан лайықты қолдауға ие болып отырғанын айта кету керек.
Айтыстың бірінші күні бақ сынаған он жұптың алтауы ақтық сынға жолдама алды. Олар: атыраулық Жәнібек Садыров пен Шалқарбай Ізбасаров, маңғыстаулық Жанар Айлашева, атыраулық Айзада Дәулекенова мен жезқазғандық Төлеген Жаманов, астаналықтар Серікзат Дүйсенғазин, Мейірхан Сұлтанхан, Иранғайып Күзембаев, Батыс Қазақстандық Бауыржан Шимерденұлы мен Жансая Мусина, Оңтүстік Қазақстандық Қалижан Білдашев пен қарағандылық Мақсат Ақановтар болды.
Тақырыпты да терең толғап, әзіл-қалжыңның да түбін түсірген бұл додада қайны мен жеңгенің, қыз бен жігіттің, ұстаз бен шәкірттің сөз қағысы жарасым тапты. Әсіресе, көрермен көзайымына айналған С.Дүйсенғазин мен М.Сұлтанханның, М.Ақанов пен Ж.Мусинаның айтыстарының деңгейі өте жоғары болды. Делебесі қозған көпшілік өз көкейіндегі көп шаруаның ақындардың аузынан ақтарылып, тәуелсіздік тұсындағы мемлекеттің өркендеуі, ел экономикасының күре тамыры Атыраудың жарқын жетістіктері сөз болған кезде асқан ризашылықпен қол соқты.
Ақтық сын аяқталған соң екі күнге созылған жыр аламанының жеңімпаздары анықталды. Айтыстың 3-ші орнын С.Дүйсенғазин, И.Күзембаев, Ж.Садыровтай үш жүйрік иеленсе, 2-ші орынға Б.Шимерденов пен М.Сұлтанхан табан тіреді. 1-ші орынды және бір миллион теңгелік байрақты қанжығасына байлаған оралдық Ж.Мусинаның жеңісін жұрт ризашылықпен қабылдады. Атырау облысы әкімі өз қолынан табыс еткен бас жүлде мен екі миллион теңге сыйлық Қарағандының хас жүйрігі Мақсат Ақановтың еншісіне байланды.
Айтыс тамашалаған ағайын азаттық сыйлаған арайлы күндерге, бабадан қалған өнер құдіретіне алғыс айтып, Атыраудың асқақ рухы үшін асқан мақтаныш сезім арқалап тарасты.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.