ДӘУЛЕТТІ ЕЛДІҢ СӘУЛЕТІ
— Құрылысшы, — деді аймақ басшысы, — аса құрметті және абыройлы мамандық. Қаламыздың ажарын аша түсетін, әрін арттырып, келбетін келтіретін көз қуантарлық ғимараттар мен имараттардың дүниеге келуі – құрылысшылар мен сәулет саласы қызметкерлерінің ерен еңбегінің нәтижесі. Елбасының көреген саясатының арқасында еліміздің барлық аймағында, соның ішінде біздің облыста да көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Өндіріс ошақтары, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар қатарға қосылуда.
Одан әрі аймақ басшысы өңірде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жүйелі жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта 318 пәтерлік бес үй пайдалануға берілген. Құрылысшылар мерекесі қарсаңында Атырауда жас отбасыларына арналған 108 пәтерлік тағы да қос үйдің кілті иелеріне тапсырылды. Жалпы, жыл соңына дейін екі мыңға жуық жаңа пәтер қатарға қосылады.
Өңірде жеке тұрғын үй салуға тілек білдіргендер санының артуына байланысты барлық жер телімдерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға бағытталған жұмыстар жүруде. Атырауда алғаш рет ашылған тұрғын үй комбинатының жыл соңына дейін толық қуатына шығуы күтілуде. Сол кезде құрылыстың өзіндік құны да кемиді.
Қазір облыста бес мектеп пен 14 балабақша құрылысы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау саласында үстіміздегі жылы шалғай елді мекендерде төрт дәрігерлік амбулатория мен бір акушерлік-фельдшерлік пункт, 250 келушіге арналған Жылыой аудандық емханасының және Атырауда жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы орталығының құрылысы аяқталды. Облыстық балалар ауруханасы күрделі жөнделді. Сондай-ақ, екі емхана құрылысы басталды. Алда тағы алты дәрігерлік амбулатория мен үш фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланды.
Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, өңірде жалпы құны 1 трлн. 600 млрд. теңге тұратын 44 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде құрылыс, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, темір жол, машина жасау, т.б. салалар бойынша қолға алынған жобалар бар. Осы жобалардың бәріне де құрылысшылар белсене қатысуда.
Содан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бір топ сала ардагері мен үздіктерін марапаттады. ҚР Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі Фатихолла Зейноллаевқа, Сайқым Салықбаевқа, Бисенбек Ысмағұловқа, Файзолла Жәнібековке, т.б. берілді. Тағы бір топ адам «Құрметті сәулетші» және «Құрметті жолшы» төсбелгілеріне ие болды. Сала үздіктері аталмыш комитеттің Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен де аталып өтті.
Облыстық Мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов пен құрылыс және құрылыс материалдары қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Есет Өтеулиев саланың бір топ үздіктерін марапаттады.
Салтанат соңы өнерпаздар концертіне ұласты.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.