Жарнама
Жаңалықтар

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ ОРКЕСТРІ ДУМАНҒА БӨЛЕДІ

250 орындық аудандық мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ. Концерт алдында жолашар сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Қадырғалиұлы көршілес екі облыстың халқын тек экономикалық байланыстар ғана емес, рухани байланыстар да жақындата түсетінін айтып, Ақ Жайық елінің ыстық ықыласты сәлемін жолдады. Құрманғазының «Серперімен» сахна шымылдығын ашқан оркестр қазақ композиторларының шығармаларымен қатар әлемдік классикалық күрделі өнер туындыларын да нақышына келтіре орындады. Дәстүрлі ән шеруі де тыңдармандарын бейжай қалдырмады. Әнші, жыршы, термеші, айтыс ақтаңгері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев өзінің «Жайығым — ерке өзенім» әнін Махамбет топырағында алғаш рет орындады. Оралдан ән оздырған Мұхит бабамыз бен күміс көмей әнші Ғарифолла шығармашылығы да концерт барысында кеңінен насихатталды.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс Сәуле Додаеваның орындауындағы «Айнамкөз», «Панкөйлек» әндері әншінің мерейін үстем етті. Саңлақ сазгер Латиф Хамидидің атақты «Бұлбұлын» сайратқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмағаным Рахимованың өнеріне тәнті болған тыңдармандар дуылдата қол соғып, әншіні сахна төрінен жібермей қойды.
Жалпы ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Есжанның күйі «Есжан», Түркештің «Көңілашары», Дәулеткерейдің «Көрұғылысы», Жантөренің «Шалқымасы» тыңдармандарына рухани серпіліс берді. Адамға сезімнің нәзік қылын шертіп, ерекше әсер беретін асқақ рухты Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы оркестр шығармашылығының шырқау шыңындай болды.
Өнер құдіретіне бас иген махамбеттіктер орындарынан тік тұрып, дуылдата қол соғып, оралдық өнерпаздарға қошеметін білдірді. Аудан әкімі Ерлан Жаңабаев өнер ұжымына құттықтау хат пен ескерткіш сыйлық табыстады.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,
Махамбет ауданы.

ӘСЕМ ӘН, ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАС
Батыс Қазақстан облысының Атыраудағы мәдениет күндері Индер ауданынан бастау алып, жұртшылыққа жақсы әсер қалдырды. Ежелден көршілес жатқан екі облыс жұрты төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылып, тілегіміз бір тығыз байланыстамыз. Жан-жақты байланыс орнатуға бағыт алған көршілес облыс өнерпаздарын «Борат» мәдениет үйінде индерліктер жылы шыраймен қарсы алды.
Шараның ашылуында сөз алған Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының әкімі аппаратының басшысы Алтынбек Қайсағалиев өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бастаған оралдықтардың ыстық сәлемін жеткізді.
«Ақжайық» би ансамблінің «Ақ Жайық арулары» биімен сахна шымылдығы түрілді. Халықаралық байқаулардың лауреаты Таңат Жексенбаев «Елге сәлем», ХVI халықаралық «Шабыт» жастар шығармашылығы фестивалінің дипломанты Тасқала аудандық «Шежіре» этно-фольклорлық ансамблі «Домбыра», «Көктүріктер» шығармаларын орындап, ыстық ықыласқа бөленді.
Сағат жарым уақытқа созылған шығармашылық шара тыңдарман қауымды бір серпілтіп тастады. Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Серік Арыстан тамаша кеш сыйлаған көршілес өнерпаздарға аудан халқының ыстық ықыласқа толы Алғыс хаты мен Қорқыт мұрасы – қобызды сыйға тартты. Оралдықтар да осынау шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне оралдық ақын-жазушылардың қолтаңбасы бар шығармалар топтамасын табыс етті.

Сұңқар КӨШЕКОВ,
Индер ауданы.

ТЕАТР САХНАСЫНДА – «МАХАМБЕТ» ТРАГЕДИЯСЫ
Шара аясында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістері танымал ақын-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясын атыраулық көрермендерге ұсынды. Аталмыш қойылымды кезінде елге танымал режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов сахналаған болатын.
Сахна шымылдығы ашылмас бұрын Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов батысқазақстандық өнер шеберлеріне «қош келдіңізін» айтты. Өз сөзінде аймақ басшысы екі өңірдің шығармашылық ұжымдары арасындағы достық қарым-қатынасты қалыптастырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін мұндай мәдени шаралардың маңыздылығына тоқталып қана қоймай, облыстардың мәдениет күндерін ұйымдастыру тек мәдени байланысты ғана емес, экономикалық салалардың дамуына да серпін беретінін айтты.
-Батыс Қазақстан облысы – ежелден-ақ өнерге бай өлке. Бұл іс-шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлер арасындағы байланысты дамыту бағытындағы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Халқымыздың мерейін асыратын, ұлттық рухты көтеретін – өнер. Сондықтан, республика бойынша мұндай мәдениет күндерін ұйымдастыру аймақтардың шығармашылық өрісін кеңейтіп, жұмыстың жандана түсуіне ықпал етеді, — деді облыс әкімі.
Спектакль желісі ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары бай-сұлтандарға қарсы шыққан ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі — ақын Махамбет Өтемісұлы жайында өрбиді. Қара халықты қанап, тағына мастанған Жәңгір хан образын да театр әртісі Теміржан Матаев шебер сомдай білді.
Спектакль соңы трагедиямен – Махамбеттің өлімімен аяқталады. Махамбет рөлін Қуаныш Амандықов нанымды ойнаса, Ербол Есендосов Исатай бейнесін жақсы алып шықты.
– Махамбет образын шығару оңай шаруа емес, — дейді Махамбет рөлінде ойнаған, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры Қуаныш Амандықов. -Дегенмен, сол кісінің бар болмысын ашуға тырыстым. Жыл сайын Махамбеттің рухына тағзым етіп, күш-қуат жинап, жаңа маусымды сәтті бастап келеміз. Осы жолы да мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Атыраулық көрермендер бізді жылы қабылдады.
Айта кетсек, қойылымның премьерасы 2003 жылы Махамбеттің 200 жылдығына орай көрерменге ұсынылған болатын. Және әр жыл сайынғы маусымды аталған спектакльмен ашуды театр ұжымы дәстүрге айналдырған.
Көрермен жүрегінен жол тапқан «Махамбет» қойылымы үшін Иран-Ғайып «Махамбет» атындағы сыйлықтың иегері атанғанын да айтып өткен жөн.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

ШІРКІН, СИМФОНИЯ САЗЫ!..
Елге танымал музыкант, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі Александр Шевелев жетекшілік ететін аталмыш оркестр аз уақыт ішінде тек Оралда ғана емес, еліміздің әр түкпірінде, алыс-жақын шет елдерде өнер көрсетіп, әлемдік классика мен ұлттық өнеріміздің қанат жаюына өз үлестерін қосып келе жатқан өнер ұжымдарының бірі. Оркестр Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен осыдан төрт жыл бұрын Батыс Қазақстан өңірін басқарған кезінде құрылған болатын. Оркестр құрамында қырыққа жуық кәсіби музыкант бар.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі кештің шымылдығын Матвей Блантердің «Қалалық балабақшада» увертюрасымен ашты. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған шығарманы ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Қанатқали Қожақов орындады. Одан соң Арно Бабаджанянның «Әнімді маған қайтар» (Верни мне музыку) әнін халықаралық Е.Хасанғалиев атындағы байқаудың лауреаты Ақмарал Ахметова, Донеділ Қажымов пен Закария Сисенғалиевтің «Атырау – алыптар мекені» шығармасын халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Нұржан Тасболатов нақышына келтіріп, тамылжыта орындаған кезде көрермен сүйсіне қол соқты. Оркестрді басқарған дирижерлер Александр Шевелев және Мәдениет Меңдіғалиевтың шеберліктеріне көрермендер тәнті болды.
Сондай-ақ, Александр Шевелевтің «Астана триумфы» («Триумф Астаны»), Абайдың «Көзім-нің қарасы», Әсет Бейсеуовтің «Анашым», Нұрғиса Тілендиевтің, Тұманбай Молдағалиевтың «Құстар» әнін, «Әлем шығармаларынан поппуриді» жастар шығармашылық орталығының директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Сырым Аманғалиев, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Тимур Меңдіғалиев, Мирас Бектенов, республикалық «Алтын домбыра» байқауының дипломанты Райгүл Сисенова орындап, атыраулық көрермендерді рухани серпілтіп тастады.
Кештің соңында ұжым мүшелері композитор Ескендір Хасан-ғалиевтың «Атамекен» әнін облыстық байқаулардың лауреаты Дамир Сатыбаевпен бірге шырқады.

Нұргүл НАСЫР.

ЖАСТАРДЫ ЖАДЫРАТҚАН ЖҮЗДЕСУЛЕР
Батыс Қазақстан облысының Атыраудағы мәдениет күндері аясында Орал өңірінің танымал ақын-жазушылары мен өнер қайраткерлері облыс орталығындағы қос білім ордасында болып, студенттермен кездесті. Алғашқы кездесу өңіріміздегі мұнай мамандарын дайындайтын оқу орны Атырау мұнай және газ институтының студенттері арасында өтті.
Айтулы шараға белгілі әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Донеділ Қажымов, Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка колледжінің директоры Нұржан Сертеков, «Қазақстан-Орал» РТРК АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары Әбіш Ерденбек, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің бас маманы Дәулеткерей Құсайынов, «Жайық-Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Танымал тұлғалардың әсерлі ойларынан кейін студенттер өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдап, қос өңірдің мәдени, білім бағытындағы байланысы жайында хабардар болды. Меймандар кездесуден соң Атырау мұнай өңдеу зауытын аралап, студенттердің тәжірибеден өту орындарымен танысты.
Келесі маңызды шара Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ақын, «Алаш» әдеби сыйлығы және «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереевамен өткен әдеби кездесу кешіне ұласты. Кешті филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп жүргізіп отырды.
Ақұштап ақын өз сөзінде: «Мен Ақжайықта тудым. Алматыда оқыдым, қайтадан Ақжайыққа көшіп келдім. Ал, бүгін дүлдүл тұлғалар туған топырақтан, оралдықтар атынан сіздерге сәлем әкелдім», — деп жиналған жыр сүйер қауымды сұлу сөзбен бір сілкіндіріп алды. Ақынның әр жылдардағы өлеңдерін студенттер мәнерлеп оқыса, оның сөзіне жазылған «Шағала» әнін оралдық әнші Дастан Есентеміров домбырамен орындады.
Ақұштап ақынның жырын сүйіп оқитын жастар оған жылы лебіздерін білдіріп, өлең шумақтарын арнады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

ӘН ӘУЕЛЕП, КҮЙ КҮМБІРЛЕДІ
Батыс Қазақстан облысының Атырау өңіріндегі мәдениет күндерінің қорытынды гала-концерті Махамбет атындағы қазақ драма театрында өтті.
Оған Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников және Ресейдің мемлекетіміздегі консулдығының өкілдері арнайы қатысты.
Сахна шымылдығы оралдық бишілердің әсем өнерімен ашылды. Сонымен қатар, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртісі Ақ-сұлу Жұмалиева, Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері, «Назерке», «Ақжайық» би ансамбльдері, «Кәусар» триосы, облыстық камералық оркестр, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев және тағы басқалары өз өнерлерін ортаға салып, атыраулық жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
— Батыс Қазақстан – тарихта аттары қалған талай өнер иелерінің елі, — деді сахнаға көтерілген Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. – Бүгін біз тамаша кештің куәсі болып, Ақжайық өңірінің өнеріне қуана қол соғып отырмыз. Атыраулықтарға екі күн бойы рухани мереке сыйлаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа, сол аймақтың өнер шеберлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз.
Аймақ басшысы көршілес аймаққа LED-телевизорын және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың өңір басшысы ретіндегі соңғы екі жылдық қызметін бейнелейтін фотоальбом-күнделігін сыйға тартты.
Шара соңында сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен де Нұрлан Асқарұлының ыстық сәлемін жеткізіп, Атырау өлкесінің өнері мен мәдениетіне тың табыстар тіледі.

Айгүл СОЦИАЛҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button