Атырауда медициналық маскалар аспандаған бағамен сатылып жатыр

giegstomcrutucob lg Жаңалықтар

Atr.kz/13 наурыз, 2020 жыл.  Бүгінде  облыс орталығындағы дәріханаларда  бір реттік қолданылатын бетперделер тапшы.

Кейбір дәріханалар «Маска жоқ!» деп кассаларының терезесіне алдын ала жазып қойған. Қаланы шарлап, іздеп тапқандарының бағасы бұрынғысынан 3-4 есеге аспандап тұр.

Бұрын 30 теңгеден сатылған бұл тауардың қазіргі бағасы – 130-150 теңге. Бетперде саудасының бұлайша қызуының бірден бір себебі де белгілі.

Бұл  – көпті үрейлендіріп жатқан коронавирус мәселесін алдын алу. Осыған орай тауар өтімді болған сайын баға да ушығуда. Осы орайда маска тұрғындарды қауіпті індеттен қаншалықты қорғайды? Бетперденің тапшылығын қалай  жоямыз? Сондай-ақ, оның бағасын өсірмеуге кім шектеу қояды?

Бұл сауалдарға облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев жауап берді.

«Бүгінде облыс бойынша  дәріханаларда  21800 дана  медициналық бір реттік бетперде бар. Бұған қосымша «Медфарм импорт» ЖШС  «ҚазТехИндустрия» компаниясымен 100 мың дана көп реттік қолданатын бетперде алу үшін келісім-шарт жасалды. Бұл тауарлар аймаққа жуырда жеткізіледі. Алайда, бетперде тағу коронавирустан қорғайды деген сөз емес. Әрбір адам оны тағамын десе, «дәріханада жоқ» деп байбалам салмай, медициналық стерилденген дәкені бірнеше қабаттап, қолдан жасап алуға әбден болады» дейді Амантай Төлегенұлы.

Сондай-ақ, оның айтуынша, дәріханалар жекеменшік ұйымдар. Сол себепті олардың баға қою рәсіміне құзырлы органдар кірісе алмайды. Ал, эпидемилогтардың айтуынша, вирустан қорғанудың, аурудың алдын алудың бірден бір жолы барынша халық көп шоғырланған орындарға бармау қажет.

Негізінен бетпердені үш-төрт сағат сайын ауыстырып қолданған жөн. Ал, тұрғындар аймақтағы кейбір дәріханалар оның тапшылығынан бір клиентке 3-4 бетпердеден артық сатпайтындықтарын айтып шағымдануда.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-%d2%9b%d2%b1latyl%d2%93an-kottedzh-iesine-91-million-te%d2%a3ge-%d3%a9tema%d2%9by-berildi/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз