1899736

Дәріханадағы дүрбелең

Жаңалықтар Медицина

Atr.kz/24 мамыр, 2019 жыл. Осы апта Атырау тұрғындарының әлеуметтік желідегі және редакцияға телефон шалған оқырмандардың өкпе-ренішімен басталды. Олар «дәріханалар парацетамол, цитрамон және диагнозына байланысты тұрақты ішетін дәрілерді рецептісіз сатудан бас тартты» дейді.

Бұл хабардың растығына көз жеткізу үшін қаладағы бірнеше дәріханаға бас сұқтық. Расында қызу түсіретін «Ибуфенді» сұрағанымда, фармацевт рецептісіз сата алмайтындығын айтты. Себебін «жоғарыдан осылай бұйрық келді» деп түсіндірді.

Анықтағанымыздай, Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 15 сәуірдегі бұйрығына сәйкес 2015 жылғы 22 мамырдағы «Рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидалары туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Енді дәрігердің жазған рецептісі үш жылға дейін дәріханада сақталады.

Осыған орай, дәріханалардан жауапкершілік сұралатындықтан, олар тұтынушылардан рецепт талап ете бастаған. Ал, келесі дәріханадан іздеген дәріні қиындықсыз сатып алдық. Аты-жөнін айтпауды өтінген тәжірибелі фармацевт біраз дәрінің қалай сатылуы қажеттігін айтып берді.

«Препараттарды рецептімен босату – кеңес заманынан бері бар тәртіп. Алайда, соңғы жылдары дәріханалардың барлығы жекеменшікке өткендіктен, халық қалаған дәрі-дәрмегін қағазсыз сатып алып үйренген.

Бүгіннің өзінде маған тіпті парацетамолды сатып ала алмаған бірнеше адам келді. Міне, сөрелерде көрініп тұрған дәрілердің барлығы рецептісіз сатылады. Ал, арнайы рұқсатпен берілетіндері тасада тұрады. Кез келген препараттың қорабында «рецептісіз босатылады» немесе «дәрігердің рецептісімен босатылады» деген ескерту бар.

Ал, «Ибуфен» рецептісіз сатылуы тиіс. Бұл жерде фармацевт пен сатып алушы да дәрінің нұсқамасын оқыса болғаны…» деген ол науқастың өздігінен ем қабылдауы дұрыс шешім еместігін ескертті.

Дәріханадағы дүрбелеңнен амалытаусылған Анар есімді тұтынушы

«Бұл масқара ғой, сонда түнде балам қызуласа, дәрі алу үшін рецептіні кім береді? Әкем қан қысымының дәрісін үнемі ішіп жүру керек. Осы күнге дейін дәрігердің рұқсатынсыз алдық. Енді не болмақ?» деп ренішін білдірді.

Сонымен, біз аралаған сегіз дәріхананың жетеуі рецепт сұрады. Олардың кейбірінде дәрі сататын маманның тұрғанына да күмәндандық. Тіпті, біреуі құрамы шөптен тұратын «Мукалтинге» де дәрігердің рұқсатын алып келуімді талап етті.

Нұрлан НОҒАЕВ, облыс әкімі:

«Бүгінгі дәріханаларда болып жатқан жағдайдың артық кеткендігі айқын. Адамдарға кімнің кінәлі екені маңызды емес, ол – фармацевтер немесе дәрігерлер ме, Фармация комитетінің аймақтық бөлімшелері немесе басқасы ма… Адамдарды хабардар етпестен мұндай шараларды енгізуге болмайды, саусақпен шерткендей бір күнде бәрін өзгертпей, алдын ала түсіндіру жұмысын жүргізу керек еді. Асыра сілтегендіктен, адамдар дәріханаларда рецептісіз сатылатын қарапайым қызу түсіретін дәрілерді де сатып ала алмады. Мұндайды қайдан көрдіңіз? Осындай өзгерістерге халықты алдын ала дайындап алу керек. Дәріхана қызметкерлеріне қандай дәрілерді рецептісіз сату керектігін түсіндіріңіздер, бұл жағдайды дереу тоқтатыңыздар!»

ТҮЙІН

Шындығында, көпшілігіміз өзімізге диагноз қойып, өз бетімізше емделеміз. Алайда, бұл денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, антибиотиктерді дұрыс қолданбау салдарынан бактериялар мутацияға ұшырайды да дәріге төзімді болып алады. Нәтижесінде, антибиотиктерге тәуелді сырқаттардың көбеюі түйінді мәселеге айналып отыр.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

***

Сол күні аталған мәселеге орай денсаулық сақтау саласының мамандары түсініктеме берді. Мәселен, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мусағалиевтің айтуынша, дәріханадағы қызметкерлердің сауатсыздығынан туындап отыр. «Препараттар рецептімен бұрында да сатылып келді. Енді рецептілер дәріханада 3 жыл сақталуы тиіс. Ал, мұны дұрыс түсінбеген кейбір дәріхана қызметкерлері тіпті парацетамол, корвалол, цитрамондарды сату үшін дәрігердің рецептісін сұраған» дейді Темірбек Сарымұлы. Елімізде дәрілік заттардың 7792 атауы тіркелген болса, оның ішінде дәрігердің рецептісі бойынша 6033-і, рецептісіз 1759-ы сатылады. Фармация комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Сара Оразова «Айта кетейін, егер адам белгіленген рецептісіз келсе де дәріхана қызметкері емханалар мен медициналық мекемелерге хабарлай отырып, науқас сұраған препараттарды беру керек. Дәрігердің рұқсатымен антибиотиктер, гормондық препараттар, құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттары бар дәрілік заттар, парентералдық және стационар жағдайында қолданылатын дәрілік заттар жіберіледі» деді. Ал, дәрумендер, мұрынға арналған тамшылар, сироп
тар, шөптен жасалған шәй және жиынтықтар, суық тиюге қарсы және ауруды басатын кейбір препараттар дәрігердің рұқсатынсыз сатыла береді. «Әр тұрғын бекітілген емханасына барып, дәрігерден кедергісіз рұқсат қағазын ала алады. Қазір амбулаториялық көмек көрсететін кезекшілік аштық. Жедел жәрдем рецепт бермейді, тек алғашқы көмек көрсетеді» дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гульнафис Таңбаева. Мамандардың айтуынша, бұл жерде науқас та, дәрігер де жауапкершілік алады. «Адамдар дәріханаға келіп, белгілі бір дәріні сұрамай, шағымдарын айтады. Ал, медициналық қызметкер емес, провизор саналатын дәріхана қызметкерлері дәрі тағайындайды. Олар күшті әсері бар препараттарды да сатады. Бұл – заңның өрескел бұзылуы» деген еді былтыр Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртанов. Енді дәріхана қызметін бақылау күшейтіледі. Дәрідәрмекті рецептісіз сатуға тыйым салу – сондай шараның бірі. Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша дәріхана құрылымдары мен емханаларының қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал, тұрғындар осы мәселеге қатысты сұрақ туындаған жағдайда 8 (7122) 98-02-92 қауырт желісіне немесе Фармация департаментінің 32-31-93 телефонына хабарласа алады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған