Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...ЖаңалықтарМедицина

ДӘРІХАНА: дәрі-дәрмек бағасы қолжетімді

Atr.kz/28 шілде, 2020 жыл. Ең алдымен, осы сұрағымызды әлеуметтік желіге жариялап, халықтың пікіріне назар аудардық. Олардың айту­ынша, қаламыздағы дәріханаларға дәрі- дәрмек жеткізілуде. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де бар. Кейбіреулері «ахуал тұрақтала бастады» десе, енді бірі ең қажетті деген дәрілердің әлі де аздығын айтуда.

Мәселенің мәніне үңіліп, дәріхананың қазіргі жағдайы қалай екендігін білу мақсатында халықпен бірге кезекке тұрып көруді жөн көрдік. Махам­бет көшесінде орналасқан «Зерде» дәріханасына барып, кезекті орны­мызды белгіледік. Сол жерде тұрған тұтынушыларды әңгімеге тарттық. Тұрғындардың бірінің сөзінше, таңертеңнен бері қажетті дәріні іздеп, 21 дәріхананы аралап шыққан. Соның өзінде әрқайсысынан бір-бірлеп жүріп жинапты. Тілші екенімізді білгеннен соң кезекте тұрған адам­дар бізге өздерінің пікірлерін білдіре бастады.

Осы тұста бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысында айтылған арақашықтық сақталмағаны жөнінде айтпасақ та түсінікті секілді. Дегенмен, «Зерде» қызметкерлері келушілерге арақашықтықты сақтау керектігіне ескерту жасады. Сөйтіп, кезегіміз де келді. Дәріхана ішіне бет алып, кассаға жақындай түстік. Осы сәтті пайдаланып, сатушыдан «бір адамға берілетін дәрі санына шектеу бар ма?» деп сұрадық. Ол мұндай шектеудің барын айтты. Осы мәселе туралы бұдан бұрынғы онлайн бри­фингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров былай деген еді:

– Облыста 314 дәріхана бар. Оның ішінде 223-і қалада орналасқан. Об­лыс әкімінің қолдауымен 220 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі дәріханаларға жеткізілді. Бірақ, бұл дәріханалардың барлығы жекеменшік. Енді, жеке дәріханалардағы қызметкерлерге айта­рым, мысалы, бір адамға парацетамолдың 20-30 данасын өткізетін болса, басқа дәрілер 15 данадан сатылса, бұл жағдай дәрі жетіспеушілігіне апарып соғады деп ойлаймын…

Ал, «Семейное» дәріханалар желісінің директоры Сұңқар Мәлікұлының пікірінше, бір адамға берілетін дәрінің санына шектеу қоюға болмайды. Себебі, бұл жағдай дәрігердің берген рецептісімен байла­нысты. «Мысалы, күніне бір мезгілден 7 күнге цефамад берілсе, емделуші бізден сол мөлшерде алып кетуі керек. Егер, күніне екеуден десе, дәріні екі есе етіп беруге тура келеді. Сондықтан, біз аталған дәріні бір немесе үш дана етіп саудалай алмаймыз. Дәрігер қалай кеңес берсе, солай сатамыз» деген бас­шы дәріге шектеу қойылса, өзі ауырып тұрған науқастың басқа дәріханаларды жағалап кететіндігін, содан соң кезек пайда болуы мүмкін екендігін айтты.

Індетті күш біріктірсек қана жеңе аламыз. Бұдан құтылу үшін әрине, дәрі-дәрмек қажет. Сондықтан, «Се­мейное» дәріханалар желісінің дирек­торы қазіргі қиын кезеңде ең әуелі, халықтың амандығын ойлап, жергілікті атқарушы орынмен бірлесіп, жұмыстар атқаруға дайын екендігін айтты.

– Фармацевт мамандары күн-түні жұмыс жасауда. Қызметкерлердің жетіспеушілігіне байланысты, бірінші кезектегілер әлі жұмыстарын жалғастырып жатыр. Кейбіреулері ауырып, жұмыстарына шыға алмауда. Соған қарамастан, бірінші байлық денсаулығымызды сақтауда ерінбей еңбек етудеміз. Дәріні тіркеуден өткізу кезінде қиындықтар көп туындау­да. Сол себепті, сұранысқа ие дәрі- дәрмектер болмай қалады. Тағы бір айтатын жайт, көбіне келушілер тегін дәрі сұрайды. Бірақ, олай жасауға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Егер, демеушілер тегін дәрі берсе, оны халыққа таратуға болады, — деді дәріхана директоры.

Айтқандай-ақ, Атырау облысының әкімдігі бүгінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға тегін дәрі- дәрмек тарата бастады. Бұл – аймақ өміріндегі ерекше атап өтер жағдай.

Ал, бүгінде Қызылқоға ауданындағы дәріханалардың жағдайы тұрақталды. Осы аудан бойынша 11 дәріхана жұмыс жасауда. Дәріханалардың ба­сым бөлігі көршілес Ақтөбе және Орал облыстарындағы фармацевтикалық компаниялармен келісім-шарт жа­сасып, қажетті дәрілерді жеткілікті мөлшерде тасымалдап жатыр.

– Аудан халқы жаппай дәріні сатып алуға көшкен кезде тапшылық сезілген болатын. Қазіргі таңда ол мәселелер өз шешімін тауып, халықты дәрі- дәрмекпен қамтамасыз ету өз деңгейінде жүзеге асырылып отыр. Қызылқоға аудандық аурухана жанындағы провизорлық стационарға қажетті дәрі-дәрмектерге облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұраныс берілді, — деді Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев.

Жергілікті атқарушы орынның ұйымдастыруымен дәрі-дәрмек тапшылығы жойыла баста­ды. Атырауға аса қат тауарлар жеткізілуде. Осындай жағдайда об­лыс тұрғындарының сабыр сақтауын қалар едік.

Өңіріміздегі дәріханаларға дәрі-дәрмектер жеткізілуде. Соған сәйкес жұртшылықтың осы қат дүниеге сұранысы толық қамтылды ма? Нақты са­уал аясында журналистік зерделеу жүргізіп көрдік.

 Гүлдана ЖАМБОЗОВА

Қажеттілік қамтылуда

Елімізде дәрі-дәрмекті сатып алу рәсімдері жеңілдетілді. Ол дәрілік заттарға қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр.

«Препараттарды жоспарлау және сатып алу үшін барлық негізгі рәсімдер жеңілдетілді: дәрі-дәрмекті сертификаттау мерзімі қысқартылды және проце­дуралар 1 айдан 3 күнге дейін жеңілдетілді. Бір жолғы әкелуге рұқсат бір тәулік ішінде берілетін болды. Ал, COVID-19 емдеуге арналған жаңа препараттарды тіркеу шарасы 6 айдан 2 айға дейін тездетілді» деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Ресей мен Үндістанға жасалған 6 әуе рейсі арқылы дәріханалардың бөлшек сауда желісі 4 млн. қаптама дәрімен қамтылды. Олардың қатарында вирусқа қарсы және ыстықты төмендететін препараттар, антикоагулянттар мен анти­биотиктер және басқа да қажетті заттар бар.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button