ДӘРІГЕР ЖҰМЫСЫ ЖЕҢІЛДЕЙДІ
Atr.kz/28 шілде, 2020 жыл. Аймақтағы медициналық мекемелерге кислородтық жүйе тартылуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, бүгінде құрылымдар 25 оттегі концентраторымен қамтамасыз етілген, енді тағы 5 құрылғы келеді.
– Провизорлық және барлық стационарларға оттегі концентраторлары қойылуда. Бұл арқылы кислородтық баллондар саны азаятын болады. Осының аясында жаңа ғимаратқа кислородтық жүйені тартып жатырмыз. Аталған жұмыстар тамыз айының басында бітуі керек, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиевтің айтуынша, оттегі концентраторларын қолдану дәрігерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Өйткені, бұдан бұрын қолданыста болған кислородты баллондар ыңғайсыз болатын. Баллондар ауыр және оттегіні үнемі толтырып тұруды қажет ететін. «Қазіргі уақытта біз көлемі 5 литр оттегі концентраторларын қолданып жатырмыз. Сәйкесінше, оттегі баллондарының санын азайтамыз» деді Ербол Иманғалиев.
Азамат БАЗАРБАЕВ