Дәрігер тапқан жаңалық кезекті қысқартуға жол ашады
Ем іздеген науқас дәрігердің алдына бару үшін кезекке тұрып, қаншама уақытын жоғалтады. Кейбір дәрігерлер «келесі күні қараймын, сағатым бітті» деп науқасты кері қайтарып жататыны да шындық. Ал, атыраулық кәсіпкер Рустам Салақов бұл мәселенің оңтайлы шешімін ұсынады.
Оның пікірінше, дәрігердің қабылдауына кететін уақытты айтарлықтай азайтуға мүмкіндік бар. Осы ретте дыбысты мәтінге айналдыратын «Voice Educations» бағдарламасы көмекке келеді. Бұл – кәсіпкер көтеріп отырған тың бастама.
— «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Іскерлік байланыстар» деген жобасы бар. Соған қатысып, осы бизнес-идеямды ұсындым. Жаңа әріптестер таптым, — дейді ол өз ойымен бөлісіп.
Біз одан идея ойыңызға қалай келді? — деп сұрадық.
Рустам Салақов:
— Бірде аллергияға шалдығып, жеке клиниканың дәрігеріне қабылдандым. Ол маған бар болғаны 2-3 минут уақыт бөліп, қалған уақытын медициналық кітапшамды толтырумен өткізді. Қазір қажетті құжаттың түрі тым көбейіп кетті ғой. Негізінде, бұл – денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселе. Міне, осы кезде «жазылған жайттың ауызша айтылғаны анағұрлым оңайырақ әрі жылдам болмас па екен?» деген ой келді. Демек, уақытты да, жұмысты да қысқартуға болады деген сөз. Айталық, сіз дәрігерге келдіңіз делік. Ол сізбен жұмыс істей отырып, өз дауысы арқылы барлық үрдісті басқарады. Яғни, оның дауысы бірден экрандағы мәтінге айналып отырады. Соңында, дәрігер мәліметтерді тексеріп, сіздің диагностикалық картаңызды дайындап береді. Күнделікті өмірде орын алып жүрген тағы бір мәселе – дәрігер жазған рецепт мәтінін ешкімнің түсіне алмайтыны. Ал, егер соның бәрі компьютерде терілген болса, айтарлықтай жеңілірек болар еді, – дейді өнертапқыш. Осы айтқандарын іске асыру үшін кәсіпкер шетел мамандарымен де келіссөздер жүргізген. Анықталғандай, мұндай технология бірқатар мемлекетте пайдаланылады екен. Алайда, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде бұл тәжірибе қолданысқа әлі енгізілмеген.
— Заманауи дыбыстық бағдарламаны өзімізде жасай алатын мамандарды өте ұзақ іздедім. Алайда оларды, тіпті, Малайзия мен Америкадан да таба алмадым. IT технологиядан базалық білімі бар қатардағы бағдарламашы мұны жүзеге асыра алмайды. Ол үшін алдымен дыбыстық кітапхана құру қажет. Өйткені, әр адамның дауыс екпіні мен сөйлеу мәнері әртүрлі. Оның үстіне, медицинаның өзі көптеген бөлімдерге жіктеледі және әрқайсысының өзіне ғана тән арнайы терминдері қалыптасқан, — деп атап өтті бизнесмен. Жоғарыда аталған «Іскерлік байланыстар» жобасы әлеуметтік саладағы шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуге бағытталған. Ол халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауымен жүзеге асырылады. Кәсіпкерлер алдымен бизнес-тренингтерге қатысады. Екіншіден, шетелден бизнес-тәжірибеден өтеді. Рустам да Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институты мен Назарбаев университетінде тағылымдамадан тәлім алды. Өзінің бизнес-жобасы шеңберінде Германияда біліктілігін арттырып келді.
— Елімізде жүзеге асып жатқан осындай жобалар арқылы кәсіпкерлер өзге мемлекеттердің тәжірибесін үйренуге мүмкіндік алады. Қазір шетелдік төрт кәсіпкер идеямды жүзеге асыруға құлшыныс танытып отыр. Ал, бір мекеме дыбыстық бағдарламаны әзірше орыс тіліне аударып беруге ниет білдірді. Ендігі мәселе қаражатқа тіреліп тұр. Себебі, айтылғандардың барлығын есептей келе, жоба құны төрт есеге қымбаттап кетті, — деген іскер жігіт қазір демеушілерді іздестіруде. Ол ойға алған ісінің нәтиже береріне сенімді. Бұл жаңалықты алдымен медицинаға, кейін басқа да салаларға енгізгісі келеді.
Ендеше, іске сәт!
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.