Жарнама
Жаңалықтар

ДАНАЛАРДЫ ДӘРІПТЕЙТІН БАСЫЛЫМ

Әдетте, газет редакцияларына жолданатын тарихи тақырыптарға қалам тартқан көлемді мақалалардың бәрін бірдей жариялауға үнемі мүмкіндік бола бермейтіні рас. Журналдың шығармашылық ұжымы осындай салмақты дүниелерді түрлі-түсті беттерде тартымды әрі ұғынықты етіп, оқырман назарына ұсынуды қолға алған. Басылымның алғашқы саны кеңестік коммунистік режимге, сталиндік тоталитарлық саясатқа қарсы шыққан қайраткер, жастайынан атылып кеткен Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының перзенті Ғұбайдолла Әнеске арналыпты.

2012 жылдың желтоқсан айынан бастап Алматы қаласындағы баспалардың бірінен басылып шығатын «DANA.kaz» журналының таралымы әзірше – 2000 дана. Бағасы – 300 теңге. Жылына он нөмір жарық көреді.

«Журналдың атының «Дана» деп аталуының өзіндік мәні бар. Теңіздей тереңдік, білімділік, ақылдылық, бүкіл рухани байлықтың бәрі «даналық» деген ұғымның салмағын көтеріп тұрады. «Kaz» деген сөзді қосымша жалғаған себебіміз – болашақта журналды шетелдегі қандастарымызға да таратсақ деген үмітіміз бар.

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп жатқанымызбен, көп адам төл тарихымызды жетік біле бермейді. Өйткені, мектептегі тарих оқулығының өзі дұрыс түзіліп жазылмаған. Себебі, деректер осы уақытқа дейін күштеп бұрмаландырылды. Біздің мақсатымыз – төл тарихымыздың осы беймәлім қырларын зерттеп, зерделеуге өз үлесімізді қосу. Және осыны жас ұрпаққа түсіндіру» дейді журналдың редакция алқасының төрағасы, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин (суретте).

Шығармашылық ұжым жергілікті тарихшылармен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар, тек қана тарихи тақырыптарды қамтумен шектелмей, білім саласына да айрықша ден қойған. Бұған дәлел, аталмыш басылым әр санында өз күшімен қандай да бір гранттарды ұтып алған жастарды халыққа насихаттап жүр. Яғни, батыс өлкесінің әрбір білімді, зейінді жасы бұл басылымның кейіпкері болуға лайық. Бұдан бөлек, тұрақты түрде қосымша айдарларға да кезек берілген. Мысалы, журналдың «Махаббат аралы» деген айдарында бір-біріне өмірбақи адал болған ерлі-зайыптылардың шынайы сүйіспеншілігі мен бір-біріне деген сенімі жастарға үлгі етіледі. Ал, «Құлпытас кілтін ашайық» деген айдармен берілетін мақалалар топтамасында өңірімізде жиі кездесетін құлпытас бетіндегі араб жазулары қазақша аудармасымен және суретімен жарияланады. Бұл – журналдың өзіндік бояуын айшықтайтын тың идеясы. Осы бастама Батыс Қазақстан облысындағы құлпытастарды зерттеуге мұрындық болыпты. Сондай-ақ, «Көне сурет» айдарының да өз айтары, шертер сыры бар. Бір сөзбен айтқанда, «DANA.kaz» журналы – талғампаз да өресі биік оқырманның рухани қажеттілігін өтеуге қабілетті заманауи басылым.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button