Дамудың негізі – жаңа технология
Бейсенбі күні облыстық әкімдіктің кіші мәжіліс залында «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының инновациялық байқауы өткізілді. Аталмыш іс-шара облыс әкімдігі, «Атырау Innovations» және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ қолдауымен ұйымдастырылды.
Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша міндеттемелерінің мәселелері ҚР Энергетика, Индустриялар және даму министрліктері мен жер қойнауын пайдаланушы отандық және шетелдік компания өкілдерінің қатысуымен өткізілген «дөңгелек үстел» кездесуінде талқыланды. Оны облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дияс Жәнібеков сөз сөйлеп ашты. Бұдан соң сөйлеген «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының бас директоры Санжар Кеттебеков шараға қатысушы компания өкілдеріне жаңа технологияларды жеделдетіп дамыту, зерттеулер жүргізудің, жаңа технологиялар әзірлеудің ұйымдық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларын одан әрі жетілдіру туралы жан-жақты баяндады.
Дөңгелек үстел басындағы пікір алысуға қатысқан «ИТП» ДКҚ атқарушы директоры Дана Білиеваның айтуынша, қордың «Startup Kazakhstan» бағдарламасын іске асыру жаңа ғылыми-техникалық әзірлемелерді және инновациялық технологияларды пайдалану негізінде өнімнің бәсекеге қабілетті түрлерін өндіруді қамтамасыз етеді, жаңа жұмыс орындарын құрып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырады. Соның ішінде, жер қойнауын пайдаланушылар мен инновациялық компаниялар арасында орнатылатын ынтымақтастықтың жаңа моделін ұсынады. Шара барысында жергілікті инновациялардың қарқынды дамуына қажетті қолайлы жағдай жасау мақсатымен «ИТП» ДКҚ мен Атырау облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Атыраудағы «Startup Kazakhstan Tour» кезеңінің нәтижесінде іріктелген жобалар Алматы қаласында өтетін ақтық байқауға шақырылады.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.