Даладағы еңбек дүбірі
Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Атыраулық диқандар төтенше жағдай кезеңінде де жылдағы дала төсіне дақыл егу үрдісінен танған жоқ. Жыл басында жоспарланған жұмыстар өңіріміздің барлық аумағында да ойдағыдай жүзеге асуда. Осы орайда, бірер шаруашылықтың науқан кезіндегі жұмыс бағытын бағамдап көрдік.
МАХАМБЕТТІКТЕРДІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ МОЛ
Егін шаруашылығы дамыған өңірдің бірі – Махамбет ауданы. Осы ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Олжас Мырзабаевтың айтуынша, аудандағы егіннің жалпы көлемі биыл 4 034 гектарды құрайды. Бұл былтырғы егілгеннен үш пайызға артық. Төтенше жағдай режиміне қарамастан тың қарқынмен басталған науқанда аудан диқандары 550 гектар жерге – картоп, 795 гектарға – көкөніс, 385 гектарға – бақша өнімдерін, 2300 гектарға мал азығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Шаруагерлер тұқым егу жұмыстарына сәуірдің алғашқы күндерінде-ақ кіріскен. Бүгінгі күні 50 гектардан астам жерге картоп, 150 гектардай алқапқа көкөніс түрлері егілді.
Ал, бақша дақылдары күн райы сәл жылынған соң отырғызылатын болады. Осы жұмыстарға қазіргі күні жергілікті және өзге өңірлерден келген жалдамалы қызметкерлер, жалдамалы жұмысшылар тартылып, 220 трактор жұмылдырылған. Осылармен қатар, ауданда жалпы аумағы төрт гектарды құрайтын 12 жылыжай шаруашылығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, 223 гектарда баубақша, бір гектарда лимон егілген.
Ал, Атырау өңірін сүтпен қамтамасыз етіп отырған «Бірінші мамыр» ЖШС болса, өнім беруші мүйізді ірі қараларына азық ретінде 300 гектар жерге – жүгері, 393 гектарға – люцерн, 1607 гектарға біржылдық судан шөбін (трава-суданка) өздері өсіріп отыр. Иә, төрт-түлік малға жем-шөп дайындау жайы – бұрыннан осы аудандағы ең көкейкесті мәселелердің бірі. Сондықтан, аудан тұрғындары жыл сайын қажетті мал азығын көршілес облыстардан сатып алуға мәжбүр.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысынан келетін бір рулон шөп бүгін 7-8 мың теңгені құрайды. Әрине, бұл шаруагерлер үшін өте қымбат баға. Махамбеттік фермерлер егіс жұмыстарына жаңа технологияларды пайдалануды да қолға ала бастады. Биылғы науқанда 38 шаруа қожалығы жалпы көлемі 1420 гектарды құрайтын егіс алқабын тамшылатып суару әдісі арқылы суландыратын болады.
– Суарудың бұл әдісі, әрине, тиімді, бірақ – қымбат. Тамшылатып суару қондырғысын өз күшіңмен бір гектарға орнатудың өзі шамамен бір миллион теңгеге шығады. Бұл қондырғыны өнім ұсынушы орнатса – баға екі еселенеді. Ал, шаруагерге тиесілі 50 пайыздық субсидия тек қондырғыға ғана беріледі, — деді Олжас Мырзабаев.
Ал, өздерінің дәмі тіл үйірер қарбызқауынымен көршілес аймақтарға да атағы шыққан «Дастан» шаруа қожалығы осыған дейін жыл сайын өз өнімдерін 350 гектар жерге егіп келген-ді. Биылғы жылы шаруашылық бұрынғы егіс орнындағы топырақтың құнарсыздануына байланысты шаруашылыққа тиесілі тың жерден 125 гектар алқапқа дақыл егуді жоспарлап отыр. Оның 80 пайызы көкөніс және бақша өнімдері. Әрине, жер көлемі азайған соң, алар өнім де аз болады. Бірақ, бұл уақытша құбылыс. Ал, дән себілмеген алқаптар біржылдық үзілістен соң, әдеттегідей мол өнім берері сөзсіз.
ЕГІС КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ
Карантин жағдайына қарамай дала жұмыстарына белсене кіріскен шаруашылықтардың бірі – «Әбішев» шаруа қожалығы. Еркінқала ауылдық округіне қарасты аумақта 1993 жылдан бері көкөніс және бақша өнімдерін егіп келе жатқан шаруашылық биылғы егін егу жұмыстарын 20 сәуірде бастады. Бүгінгі күні дала төсінде жайқалып тұрған көкөніс көшеттері алдымен үй жағдайында 10-15 күн өсіріліп, содан соң ғана егіс алқабына отырғызылыпты.
– Осыған дейінгі жылдарда біз тек бес гектар жерге ғана дақыл егіп жүрдік. Биыл шаруашылығымыздағы егістік көлемін сегіз гектарға жеткізіп отырмыз. Жыртылған жердің бір бөлігіне қияр, баклажан, пияз, сәбіз, бұрыш, томат ексек, қалған бөлігіне бақша дақылдарын отырғызу жоспарлануда — деді «Әбішев» шаруа қожалығының басшысы Хасан Әбішев.
Нәпақасын жерден тауып отырған бұл қожалық отбасылық негізде құралған. Шаруашылықтарын алғашқы жылдары жерді жалға алып бастаған олар, жылдар өте өз қожалықтарын ашқан. Адал еңбектері арқасында бүгінгі күні иеліктерінде жеке көліктері және егіске қажетті трактор, су сору насостары бар. Олар қазіргі күні егіс алқабын тамшылатып суару әдісі арқылы нәрлендіріп отыр. Күздегі егін жинау науқанында диқаншыларға туматуыстарымен қатар көрші-көлем, досжарандары жәрдем беретін көрінеді.
«АЛҒАБАС-ЖОРЫҚ» КАНАЛЫНДА СУ ЖОҚ
Ал, Индер ауданындағы «АлғабасЖорық» каналынан су алып келген «Матвеев» шаруа қожалығы биылғы егінінің бітік шығарына күмәнмен қарап отыр. Төрт жылдан бері осы каналдың бойында егін еккен шаруагер биыл канал бойына әлі күнге су жіберілмегенін айтып, дабыл қағуда.
– Шаруа қожалығымызда 10 гектар жер бар. Әзірге, судың тапшылығынан оның 5 гектарын ғана игеріп отырмыз. Үш жылыжайдағы көкөністер мен жеміс ағаштары көктей бастады. Амалдың жоқтығынан бұларға суды Индербор кентінен тасымалдаудамын. Осы мәселе жедел шешілмесе жағдайымыз қиындап тұр. Сондықтан, еңбегіміз еш кете ме деп алаңдаулымыз, — дейді шаруашылық иесі Александр Матвеев.
Білгеніміздей, ауданда «АлғабасЖорық» каналынан су алатын 15 шаруа қожалығы бар екен. Тіршілік нәрінің бұлайша тапшы болуына каналдағы қайта жаңғырту жұмыстарының уақытылы аяқталмауы себеп болыпты. Қазіргі күні каналдың 65 шақырымы тереңдетіліп, өткел көпірлерінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
– Бүгінгі таңда бұл каналда былтыр басталған күрделі жұмыстар жүргізілуде. Құрылыстың аяқталу мерзімі негізінен 24 сәуір деп белгіленген еді. Алайда, елдегі төтенше жағдайға байланысты аса маңызды нысанды тапсыру мерзімі кейінге шегерілді. Ауданымыздың әкімі осы мәселенің оң, әрі жедел шешілуін өз бақылауына алды, — деді аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Сәулет Есетов.
Айта кетсек, биылғы көктемгі егіс науқанында индерліктер 1500 гектар жерге дақыл егуде. Оның 470 гектарына – картоп, 460 гектарына – көкөніс, ал қалған бөлігіне бау-бақша өнімдері мен екпе шөптер отырғызуда.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ