
Дала өртін сөндіруге 105 адам жұмылдырылды
Қазір күн жылынып, ауа температурасы жоғарылап, өрт қаупі күшейе түсетіні кезең. Осындай сындарлы шақта облыс аумағында орман және дала өрттерінің орын алуына жол бермеу, тосқауыл қойып, алдын алдын алу мақсатында оқу-жаттығулар мен кешенді профилактикалық шаралар өткізудің маңызы зор.

Атырау қаласындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында ұйымдастырылған дала, қамыс өрттерін ауыздықтауға арналған тактикалық оқу-жаттығуларының негізгі мақсаты осы еді.
Аталған іс-шара шеңберінде орманды және далалық алқаптарда орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алып, өрттің шығуына жол бермеу үшін нақты қандай әрекеттер жасалу керектігі тәжірибе жүзінде түсіндіріліп, көрсетілді. Сонымен бірге өрт қаупі туындап, төтенше жағдай орын алған сәттегі арнаулы қызметтік құрылымдар мен күштердің, жүйелердің оған дайындығы тексеріліп, пысықталды.

Шартты өртты сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 35 қызметкер мен 6 техника, «Ақжайық» мемлекеттік резерватынан, қаланың Дамбы, Атырау, Кеңөзек, Еркінқала ауылдық округтерінен ерікті өрт сөндіру жасақтары – барлығы 105 адам және 21 техника жұмылдырылды.



Дәулетқали АРУЕВ