Дағыстандық азамат Атырауға 50 мың қапшық әкелді
Омарасхаб Ахмедов бұл қаптарды жеткізу үшін Атырауға тура бір тәулік жүріп жеткен. Қазақстанда су тасқыны басталып, Ресеймен шекаралас облыста жағалауды нығайту жұмыстарына қапшықтар жетіспейтіні туралы хабарламаларды оқыған соң, Омарасхаб дереу көмекке баруға шешім қабылдайды.
«Түнгі сағат 2-де мен досымнан өз қоймасын ашуды өтіндім, онда сақталған қапшықтарды жүк көлігіне тиеп, Астрахан облысы арқылы Атырауға шықтым. Түні бойы тоқтамастан жүріп келдім. Мен бауырлас халықтың осындай қиындыққа тап болғанын білгенде, бірден жолға шығуға шештім», — дейді О.Ахмедов.
Дағыстан Республикасы тумасының айтуынша, оның туған жерінде Атырау облысы үшін гуманитарлық көмек жинайтын таныстары мен достары бар екен.
Айта кетейік, қазір Астрахан облысында тұратын қазақтар гуманитарлық көмек жинап жатыр. Келесі күні олар жүктерді Атырауға жіберуге ниетті.
Қ.ШӘКІРОВ