ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ – ҮНЕМШІЛДІК
Жуырда өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте де Мемлекет басшысы «Біз бюджетке бір рет өзгеріс енгіздік, қажет болған жағдайда мұны тағы жасау керек. Барлық нәрседе үнемдеуге кіріскенімізді халыққа нақты түсіндіру қажет. Тәуелсіздік жылдарында біз 700-ден астам мектеп және сонша аурухана салдық. Қазір жүріп жатқан құрылысты аяқтап, бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса, жаңа нысандарды тоқтату керек. Бұл жұмыстар дағдарыс аяқталған соң жалғастырылатын болады» деп мәлімдеді.
Міне, Елбасының осы шешіміне орай Парламент депутаттары да ел бюджетінің әлеуметтік блогына сараптама жасап, оның шығыс бөлігінің қай тұстарын қысқартуға болатындығы және оны Үкіметпен бірлесіп бақылап отыру қажеттігі туралы мәмілеге келді. Бұл ұсыныс Үкімет жағынан да қолдауға ие болып, жауапты тұлғалар белгіленді. Алғашқы есеп 1 ақпанға дейін дайындалуы тиіс.
Шынында да, дағдарыс кезіндегі үнемшілдік – ең басты да, өзекті мәселе. Елбасымыз бұрын да бұл жөнінде ұдайы қайталап айтып келеді. Ендігі жерде бұған қатаң қадағалау жасалып, мейлінше қатаң жауапкершілік сұралады. Себебі, қазір экономикадағы бұған дейінгі жыл сайынғы 10 пайыздық өсім жоқ. Мұнайдың бағасы 50 доллардан да төмен түсіп кетті. Тіпті, өткен аптаның басында Сауд Арабиясы «10 долларға түссе де, шыдаймыз» дегенді айтты. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметте облыс активтерімен кездесу өткізіп, мұнай бағасы 40 долларға түскен кезде де бағыт-бағдарымызды айқындап беретін іс-қимыл жоспарының бар екеніне тоқталды. Яғни, бізге алдағы қандай да қиын ахуалға төтеп берерліктей басым бағыттарымызды белгілеп алудың кезі келді.
Осы орайда экономист-сарапшылар да құнды-құнды ой-ұсыныстарын ортаға салуда. Айталық, білікті экономист Тоқтар Есіркепов бұл мәселенің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, стратегиялық басқару жүйесінің іс-әрекетіне, қазіргі әлеуметтік-экономикалық саясатты өзгертуге бағытталған өте маңызды шара екенін айтады.
— Елбасының елдің экономикалық дамуы үшін ешқандай қажеті жоқ қымбат жобалардан бас тартуға шақыруы көкейге қонымды. Бұл кез келген жолмен бюджеттен қаржы бөлуді сұрайтын мәнсіз жобаларды жан салып қорғайтын белсенділер мен лоббистердің аранын шектеуге мүмкіндік береді. Олар еліміздің әлеуметтік мемлекет екенін, егер ол күллі халықтың, болмаса қайсыбір әлеуметтік топтың өмірі мен хал-ахуалы жағдайын нашарлатуға әсер етсе, онда нақты бір объективті қажеттілік болмаған жағдайда Үкіметтің бірде-бір заңы немесе қаулысы қабылданбауы керек екендігін естерінен шығарып, тіпті мүлдем ұмытып кететін сияқты. Шындығына келсек, әлеуметтік төлемдерді қысқарту немесе зейнеткерлік жасты ұлғайту, болмаса жинақтаушы зейнетақы қорларының бәрін мемлекеттік бір жинақтаушы қорға біріктіру – айналып келгенде, артында жекелеген ықпалды тұлғалардың жекебастық мүддесі жасырынып тұрған қайсыбір ауқымды жобаны іске асыруды тоқтатып тастағаннан анағұрлым жеңіл, — дейді Тоқтар Есіркепов.
Бұл пікірдің де жаны бар. Мемлекет басшысының өзі де жуырда өткен кеңесте қаражатты тиімді жұмсамау оқиғаларының байқалып отырғанын, мұны болдырмау қажеттігін қадап айтты. «Атаулы әлеуметтік көмек, көп балалылар мен тұрмысы төмендерге арналған жәрдемақылар бақуатты адамдарға берілмеуі керек. Басты міндет – дағдарыстан қарапайым адамдардың жапа шекпеуін қамтамасыз ету. Мемлекет сауын сиыр емес» деді Елбасы.
Үнемшілдікке байланысты тағы бір қажетті ұсынысты саясаттанушы Қазбек Бейсебаев айтып отыр. Оның пікірінше, елдің жалпы дамуын салалық және территориялық аспектілерімен үйлестірумен айналысатын бірыңғай орталық қажет. Нақты айтқанда, Стратегиялық жоспарлау агенттігін (оны құру туралы өткен жылдың 23 қаңтарында Елбасының өзі айтқан-ды) құрудың уақыты келді. Тоқтар Есіркеповтің мәліметінше, кез келген министрліктің жанында бюджет қаражатымен қаржыландырылатын ондаған кәсіпорын бар. Соларды оңтайландыру жолымен қысқарта отырып, осындай пайдалы құрылым құру керек-ақ. Ол нақты мемлекеттік шығындарды үнемдеумен – бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсаудың алдын алып, оларды талан-таражға салу мен ұрлап-жырлауға жол бермеу-ді қамтамасыз етеді.
P.S. «Үкімет пен оның әрбір мүшесі жұмыстың тиімділігі мен қаражаттың жұмсалуын бақылауға жауапты болады» деді Елбасы. Демек, қатаң талап қойылды. Осы орайда Үкіметте нақты шаралар белгіленіп, жұмыс жандандырылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы биыл Үкіметтің контрциклдық экономикалық саясатын іске асырудың өзегі болады. Сонымен қатар, практикалық сипаттағы шаралар жиынтығы әзірленді» деген Ұлттық экономика министрі Е.Досаев негізгі үш сценарийді әзірлеу барысында мұнай баррелі құнының түрліше нұсқасы қарастырылғанын айтты. ҚР Қаржы министрі Б.Сұлтанов та үнемшілдікке баса көңіл бөлінетіндігін, бұл орайда бақылаушы және салық органдарының жұмысы күшейтілетіндігін мәлімдеді.
Түйіндеп айтқанда, мемлекеттік шығындарды қысқарту – дағдарыс жағдайында қабылданатын ең шекті шара. Ендеше, барлық деңгейдегі атқарушы органдар бұған аса жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.