Жарнама
Жаңалықтар

ДАҒДАРЫСПЕН БІРЛЕСІП КҮРЕСУ ҚАЖЕТ

Нұрсұлтан Назарбаев шақыруға ризашылығын білдіріп, жаһандық дағдарыстың бір себебі экономиканың нақты секторымен байланыссыз «сабынды көбік» түріндегі қаржылық құрылымдардың қарқынды дамуы екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы маңызды әлемдік шешімдерді қабылдау кезінде көптеген дамушы елдердің ұстанымы іс жүзінде назарға алынбайтынын айтты.
— Қазақстан тәрізді елдердің де пікірі еленуі үшін бұдан екі жыл бұрын менің тарапымнан G-GLOBAL жобасы бастама ретінде көтерілді. Ол G8-ге және G20-ға балама емес, қазіргі кезде ақпараттық-коммуникативтік алаң ретінде іске асырылып жатқан жаһандық диалогтың қосымша құралы ғана, — деді Қазақстан Президенті.
G-GLOBAL-ден бөлек Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен Астанада 104 елдің экономикалық ведомстволары жетекшілерінің қатысуымен Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция өткізілді. Осы инновациялық жаһандық диалог форматына баса назар аударған Нұрсұлтан Назарбаев мейлінше өзекті проблемаларды шешуге қатысты өз көзқарасын ортаға салды. Осылайша әлемдік қаржы- валюталық архитектура барлық елдің мүддесін сақтауға эволюциялық жолмен келуге тиіс.
Мемлекет басшысының келесі ұсынысы әлемдік экономикадағы борышкерлік қатынастарды теңдестіруге байланысты болды.
— Мемлекеттік және корпоративтік қарыз алу көлемін реттеудің және бақылау жасаудың жаңа элементтерін әзірлеу әрі енгізу ұсынылады, — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысқа қарсы күресте өңірлік ықпалдастықтың маңызды рөл атқаратынын айта келіп, Қазақстан, Ресей және Беларусь құрған Кеден одағын мысалға келтірді.
— Қазақстан да Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің қорытынды кезеңінде тұр. Бұл орайда осында отырған мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан 2013 жылдың соңына дейін Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне қолдау көрсетуді сұраймын, — деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Қазақстан Президенті біздің еліміз G20-ның «Жасыл климат қоры» жөніндегі бастамасын қолдайтынын мәлімдей келе, «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Астанада өтетіні Қазақстанның «жасыл экономиканы» жаңғыртуының айғағы екеніне тоқталды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев айтылған ұсыныстардың назарға алынып, аталған салалардағы қызметтің жандана түсетініне сенім білдірді.
Еске сала кетейік, Ресей «Жиырмалық тобына» 2012 жылғы 1 желтоқсаннан төрағалық етуде, саммит-2013 жүргізілген жұмыстардың басты қорытындысы болып табылады. G20 саммитіне 20 елдің президенті, сондай-ақ 6 шақырылған мемлекеттер көшбасшылары және экономикалық саладағы 8 ірі халықаралық ұйымдардың басшылары қатысуда.
Қазақстан Санкт-Петербор саммитіне ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және ТМД өкілі ретінде шақырылды.

САПАРМЕН КЕЛУГЕ ШАҚЫРДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хені Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. «Жиырмалық тобы» алаңында екі ел басшылары екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі аспектілерін талқылады.
Қазақстан Президенті біздің мемлекетіміз Корея Республикасымен дәстүрлі тығыз ынтымақтастықты жүзеге асыратынын және оны одан әрі дамытуды мақсат етіп отырғанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Пак Кын Хені Корея Республикасының Президенті болып сайлануымен құттықтап, осынау жауапты, ауыр жұмыста табыстар тіледі.
«Бүгін елдеріміз арасында сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда қарқынды өзара іс-қимыл жүргізіп келеді. Бұрынғы Президент Ли Мен Бакпен бірге белсенді жұмыстар жүзеге асырылды. Корея компаниялары біздің елімізде жылу электр стансасының құрылысына қатысуда. Машина жасау мен мұнай-химия салаларында бірқатар жобалар іске асуда. Сонымен қатар, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия белсене қызмет етуде, соның нәтижесінде инвестициялық портфель 8 млрд. дерлік долларды құрады. Сондай-ақ, тегі корейлік 120 мың Қазақстан азаматы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін жақсы дәнекер болып табылады», — деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті екі елдің жемісті ынтымақтастығы әрі қарай да жалғаса беретініне сенім білдіріп, Корея Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде Корея басшысы Пак Кын Хе шақыру үшін алғысын айтып, ыңғайы келгенде республикамызға сөзсіз келетінін атап өтті.

Қазақпарат.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button