Өкпе қабынуы – қауіпті дерт
Былтыр облыстық ауруханада пневмония ауруымен 207 науқас емделді. Олардың ішінде 30 пайызы дерттің ауыр түрімен тіркелді. Аймақтағы ауру көрсеткіштерінің өршуіне не себеп? Адам ағзасы үшін қауіпті саналатын бұл кеселдің дамуына қандай факторлар әсер етеді? Осы және өзге де сауалдар аясындағы мәселелер облыстық аурухананың жалпы терапия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, пульмонолог Әсел САҒЫНҒАЛИЕВАМЕН сұхбатта өрбіді.
– Әсел Сәулетқызы, пневмония қалай пайда болады? Алдымен, ауру туралы кеңінен түсінік берсеңіз…
– Өкпенің қабынуы болып саналатын пневмония кез келген уақытта пайда болуы мүмкін. Алайда, әдетте, қыс пен жазда жиі кездеседі, суық тиюден немесе тыныс алу жолдарының басқа инфекциясынан кейін пайда болуы мүмкін. Ауруды әртүрлі вирустар (аденовирус, риновирус), бактериялар (пневмококк, стафилококк, стрептококк) қоздырады.
Жедел пневмония кенеттен басталады, дене қызуы 39-40o С-қа, кейде одан да жоғары көтеріледі. Науқас қалтырап, алғашқыда құрғақ, кейіннен қақырықты жөтел пайда болады. Бүйірі шаншып, біртіндеп тынысы тарылып, ауа жетпейді, буындары сырқырайды. Бұл дерт — жиі кездесетін, өлімге әкелетін себептердің ішінде алтыншы орында, ал ауруханаішілік инфекциядан болатын өлім себебі ретінде бірінші орында. Соңғы 30 жылда оның жиілігі бес есеге көбейіп, казіргі кезде 1000 адамға шаққанда даму саны 10-13,8 шамасында.
– Дертті анықтаудың тәсілі мен негізгі белгілері қандай?
– Диагнозды нақты қоюдағы ең маңызды, әрі ең тиімді тәсіл – рентгенологиялық тексеріс. Ол өкпе тінінің инфильтрациясы, плевра қуысындағы сұйықтықты және өкпе тініндегі деструкция белгілерін анықтауға көмектеседі. Аурудың негізгі белгілері: бірден қалтырап, ыстықтың көтерілуі, дененің ысуы. Жөтел пайда болып, бетіне және ерніне салқын тигенде ұсақ жаралар шығады. Өте қатты ауырған бала минутына 50-ден астам ентіге дем алса, ол өкпе қабынуымен ауыруы мүмкін. Кеуде тұсы шаншиды. Мұндай жағдайда ауруханада стационарлық ем қабылдау қажет. Пневмонияны кең спектрлі әсер ететін антибиотиктермен, соңғы кезде цефолоспориндермен емдейді.
– Бұл дертке кімдер жиі ұшырайды? Сондай-ақ, аурудың алдын алу жолдары қандай?
–Бұл көбіне қызылша, көкжөтел, тұмау, бронхит, демікпе секілді тыныс ауруларынан, әсіресе, жас балалар мен қарт адамдарда болатын дерттерден кейін пайда болады. Әсіресе, жаңа туған сәбилер осы аурумен ауырғыш келеді. Жас балалар мен сәбилерде болатын пневмония өте қауіпті. Көп жағдайда ауру асқынып, отитке немесе плевритке ауысады. Өкпе жедел қабынса, ауруханада стационарлық ем қабылдау маңызды. Баланы пневмониядан қорғау үшін жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау қажет. Қолды жиі жуып, микробтардың таралуының алдын алған жөн. Телефонды, ойыншықты, есіктің тұтқасы немесе тоңазытқыштың тұтқасын ұстаған қолды, дененің басқа ашық бөліктерін ұдайы жуу қажет. Сонымен қатар, дифтерияға, сіреспе мен көкжөтелге, қызылшаға, паротитке, қызамыққа, тұмауға, желшешекке және пневмококқа қарсы егілу пневмонияның алдын алуға мүмкіндік береді.
– Атырау облысында тұрғындар арасындағы ауру жағдайы туралы білсек…
– Аймақта облыстық ауруханада 2017 жылы өкпе-тыныс жолдары ауруларымен 828 науқас тіркелді. Оның ішінде 304-і пневмониямен емделді. Ал, былтыр он айда өкпе-тыныс алу жолдары ауруларымен 597 адам емделді. Сондай-ақ, оған шалдығып, ем алған 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер саны – 34. Жалпы, пневмониямен 207 науқас емделді. Бұл пайызға шаққанда – 34,7%. Оның ішінде 30%-ы – пневмонияның ауыр түрімен ауруханаға түскендер. Бұдан басқа, облыстық ауруханаға жүкті әйелдер жіті респираторлы вирустық инфекция, бронхит, пневмониямен тіркелді. Жүкті аналар жүктіліктің 36 аптасына дейін ем ала алады. Өткен жылы 327 жүкті ана аталған ауруханада емделсе, оның 23-іне пневмония диагнозы қойылды. Облыстық аурухананың жалпы терапия бөлімшесінің құрамында эндокринологиялық, гастроэнтерологиялық, пульмонологиялық бөлімшелер бар. Пульмонологияға 19 төсек орын қарастырылған.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Алмаз КӘРІМЖАНОВ,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Атырау облысы бойынша филиалының бөлім басшысы.
*Аурудың алдын алудың ең басты тәсілі – шынығу. Адам ағзасының қорғаныш күштері жеткілікті деңгейде болса, өкпенің қабынуына жол берілмейді. Иммунитеттің жеткілікті деңгейін толық тамақтану қамтамасыз етеді.
***
*Ауру белгілері алғаш пайда болған жағдайда—ақ өз бетімен емделуге мүлдем болмайды. Міндетті түрде дәрігерге көрінген жөн.