Үздік шыққан дарындар тегін білім грантын алады (+ ФОТО)
Атырауда «Дарын» білімділер сайысы бастау алды. Облыста екінші мәрте ұйымдастырылған аталған білім додасының іріктеу кезеңі Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өтті. «Жастар жылы» аясында қолға алынған сайыста қала, аудан мектептерінің оқушылары тест сынақтарын тапсырды.
Жан-жақты, әрі білімге құштар, логикасы мен интуициясы дамыған оқушыларды көпшілікке таныстыру мақсатын көздеген жарысқа қатысуға 730 бала өтініш білдірген. Бұл кезеңнің шарты – оның ішінен ұпай саны жоғары деген алғашқы 32 оқушыны іріктеп алу. Кейін олар сегіз топқа бөлініп, өзара білім сайысын өткізеді. Жоба облыстық білім беру басқармасы, Атырау қалалық білім бөлімі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті және Атырау облыстық «Білім — инновация» лицейінің қолдауымен «Мирасқор» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асады. Ал, түсірілім жұмыстарына «Ембімұнайгаз» компаниясы демеушілік көрсетеді.
Бұған дейінгі білім сайысының алғашқы іріктеу сайысы бір күні бір уақытта қала және аудан орталықтарында өтті. Ұйымдастырушылар тарапынан аудандарға арнайы өкілдер барып, тестілеу өткізді. Аудандарда барлығы 96 мектептен 480 оқушы тестілеуде алған білімдерін сынады. Ал, Атырау қаласында 50 мектептен 250 оқушы бұл күні өз білімдерін сынап, тоғыз пәннен құрылған жүз сұрақтан тұратын тест сауалдарына жауап берді. Сегіз іріктеу, екі жартылай финал және бір финалдық ойын өткізуді жоспарлап отырған жоба қорытындысы бойынша жеңімпаз оқушыға республикалық университеттің біріне тегін оқу гранты берілсе, екінші, үшінші және төртінші жүлде алған үш қатысушыға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне тегін оқу гранты табысталады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА