Қасым хан Сарайшыққа жерленген!
Көзге жылы, көңілге ыстық кіндік қаны тамған туған өлкесін бәрінен артық көруге әр адамзат баласы хақылы болар. Туған жердің бір түйір тасы жаттың ат басындай алтынынан да қымбат емес пе? Туған өлкеміз тарихындағы бірегей ескерткіш, бұл әрине – Сарайшық. Сарайшықтың тарихы қазақ халқының құрылу, бірігу, тарихы екендігі күмәнсіз. Сондықтан, Сарайшықтың әрбір тасын, әрбір кірпішін, қыш ыдыстары мен мыс тиынын ықылас қойып зерттеу, қастерлеп, жас ұрпақтың санасына сіңіру – біздің адамгершілік парызымыз.
Қазіргі кезде Сарайшық тек қана атыраулықтардың емес, бүкіл қазақ халқының, тіпті шет ел азаматтарының да сүйікті орнына айнала білді. Мұнда алыс-жақыннан ат ізін салушы көрермен қарасы көп. Қазақтың белгілі мемлекет, қоғам және өнер қайраткерлері, басқа да зиялы қауым өкілдері Сарайшыққа арнайы ат басын бұрып, тәу етуі дәстүрге айналды десек ешкім таласа қоймас. Жылына Сарайшық ескерткішіне ондаған, жүздеген мың көрермен келіп, халқымыздың өткен тарихынан қызықты мағлұматтармен қанығуда.
Ғасыр жүгін арқалап, өшпес із қалдырған ұлы тұлғалар тарихымызда аз емес. Жылдар жылжып өткен сайын тарихи тұлғалар туралы көп деректердің көзі көміліп, көп шындықтың орны толмай қалып жататыны бар. Сондықтан, қол жеткен әрбір дерек – зерттеушілер үшін маңызды. Міне, осындай деректердің бірі– біздің қолымыздағы 1861 жылы әскери топограф А.Алексеев сызған Сарайшық құландысының сурет сызбасы. Бұл сызба жоба «План развалин древней мусульманской крепости Сараиль-Джадить и части нынешних построек Сарайчиковской крепости» деп аталады. Мұнда қала орны ғана емес, аңыздарда айтылатын Секер көлінің орны да бар, оны «Ханский Ильмень» (Хан көлі) деген атаумен беріпті. Қаланың оңтүстік, оңтүстік-шығыс жағында орналасқан. Одан басқа суретте әулие орындары, яғни жерленімдер де көрсетілген. Әулие орнының бірі қаланың орталық бөлігі – цитаделі үстінде орналасқан. Деректер «бұл жердегі екі моланы Жәңгір ханның тапсырмасымен, татар саудагерлері ағаш қоршаумен қоршаған екен» дейді. Жәңгір хан шежіре бойынша Жәнібек ханнан, оның кенже ұлы, Қасым ханның інісі Үсек ханнан тарайтыны жалпыға белгілі болар.
Біздің ойымызша, бұл көп жазба деректерде айтылатын атақты Қасым ханның жерленген жері болуы әбден мүмкін. Қасым хан – қазақты жер жүзіне танытқан ұлы тұлға. Оның билігі тұсында Қазақ хандығы қазіргі Қазақстан аумағындай көлемге сәйкес ұлғайып, қазақ халқының этникалық аумағы біріктірілді. Оның тұсында «қазақ», «Қазақстан» деген этноним, саяси терминдер алғаш қолданысқа еніп, Қазақ хандығының аты сонау Еуропа елдеріне дейін белгілі болды. Алғашқы қазақ заңы, мемлекеттік құрылымның маңызды атрибуты – «Қасқа жол» заңы қоғамға енгізіліп, сол кездегі өмірге үйлесімді әдет-ғұрып ережелері жиынтығы жүйеленді. Тарихшы А.Исиннің зерттеуінше, Қасым хан 1521жылы қыста қайтыс болған.
«Тарихи Рашиди» шығармасының авторы Мұхамед Хайдар Дулати Қасым хан туралы «Ол өз билігін Дешті-Қыпшақтың үстіне жайды, оның қарамағындағы халқының саны миллионнан асты. Жошыдан басқа ешкім дәл ондай құдіретті боп көрген емес. Оның әскерінің саны жүз мыңнан асатын» деген мәлімет келтіреді.
Қадырғали Жалайыр болса: «Олардың әрқайсысы (Жәнібек ханның балалары мен немерелері) өз алдына билік жүргізді және аттарын шығара алды. Олардың есімдері әлі күнге шейін ауыздан түспейді. Алғашқысы – Жаған бикеден туған Қасым хан. Ол өз әкесінің ұлысында бірталай уақыт патшалық етті және көптеген көрші елдерді бағындырды, оның аты қазірдің өзінде барлық жерде ұмыт болған жоқ. Сарайшықта қайтыс болды, сонда жерленді, оның зираты күні бүгінге шейін сол жерде» деп жазба қалдырған. Тарихшы А.П.Чулошников те Қасым ханның мазарының XVII ғасыр басында Сарайшықта кұламай аман тұрғанын жазған екен. Ал, А.Алексеевтің мәліметіне қарағанда, Қасым хан мазары XIX ғасырдың ортасында да ел-жұрт тәу ететін орын болған.
Академик Әлкей Марғұлан «Сарайшық – Каспий өңірі ойпатындағы орта ғасырлық қала» мақаласында да: «Жазба қайнар көздерінен байқауымызша, XV-XVI ғасырлардағы тамаша сәулет ескерткіштері қазақ хандары Жәнібек пен Қасымға Сарайшықта тұрғызылды» деп жазған. Яғни, кеңестік және қазіргі кездегі тарихшы ғалымдар да Қасым ханның Сарайшықта жерленгеніне толық сенімді болды.
Сарайшықты зерттеумен жүйелі айналысқан архео-лог ғалым Зейнолла Самашевта бір топ авторлармен бірігіп жазған «Сарайшық тиындары» кітабында «Каспий және Жайық даласы, оның территориясына енді, хандықтың ордасы да бір мезгіл Сарайшық болды. Қасым хан тарихи деректер бойынша Сарайшықта дүние салды, осында жерленді» деп көрсетеді. Б.Кәрібаев және Қазақ хандығы тарихын зерттеуші басқа ғалымдар да осы пікірді қостайды.
«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» Ұлттық жобасының республикалық тізіміне енген көне Сарайшық қаласының орнында ғылыми зерттеулердің ұдайы жүруі қазіргі кездегі жаһандану процесіне жұтылмай ұлттық кодымызды сақтап қалуымызға күшті серпін береді деп санаймын. Сол жұмыстардағы басты мақсаттың бірі – қазіргі заманғы зират астында қалған Қасым хан мазары орнын анықтау мен қала цитаделін ашу. Әрине, ол үшін эстетикалық талаптарды сақтай отырып, жергілікті басқару органдарымен, халықпен келісіп жұмыс жасау керек.
1999 жылы көне қала орнына өткен тарихтың даңқты символы ретінде «Хан ордалы – Сарайшық» мемориалды кешені тұрғызылған болатын. Кешенде музей, мешіт және биіктігі 14 метрлік «Хандар кесенесі» орналасқан. Кәсіпорын 2018 жылы қыркүйекте республикалық дәрежедегі «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы болып қайта құрылды. Қазіргі музей ғимаратындағы жалғыз экспозициялық зал таршылық етіп, көрермендердің қажеттілігін толық өтей алмайтыны анық. Сондықтан, қазіргі заманауи орынның қажеттігі ескеріліп, келушілерге кең көлемді қызмет көрсететін сапар орталығын салу қолға алынуда. Мұнда келушілер үшін барлық жайлылықпен қатар, экспозициялық залдар, жәдігерді сақтау бөлмелері, камералық өңдеу зертханасы және қалпына келтіру үй-жайы да ескерілмек. Демек, болашақта Сарайшықта ғылым дамып, үлкен ғылыми орта қалыптасады деп сенгіміз келеді. Тарихшылармен қатар қолөнер және сәулетші шеберлерді осы орталықтан кездестіреміз деп ойлаймын. Сарайшықтың көне зергерлік бұйымдары үлгісінде жұмыс жасағысы келетін зергерлер үшін қазірдің өзінде көп материалдар жинақталған. Сарайшықтың қыш бұйымдары, нумизматикасы туралы арнайы баспа өнімдері жарық көрді. Болашақта көне қаланың сәулеттік өнері, басқа да қолөнер бұйымдары туралы зерттеу еңбектер шығатынына сенімдіміз.
Айбек ТҰРАРҰЛЫ,
«Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорығының
ғылыми қызметкері.
• Сарайшық тек қана атыраулықтардың емес, бүкіл қазақ халқының, тіпті шет ел азаматтарының да сүйікті орнына айнала білді.
• «Қасым хан тарихи деректер бойынша Сарайшықта дүние салды, осында жерленді» деп көрсетеді.
Қасым хаҚасым 1445 жылы шамасында дүниеге келеді.
Оның әкесі – Қазақ Ордасының негізін салушы Әз Жәнібек хан. Анасының аты – Жаған-бегім. Ол отбасында тоғыз ұлдың бірі болып өсіп, ер жетеді.
1510 жылы –Қасым сұлтан қысқы соғыста қазақтардың басты жауы Мұхаммед Шәйбани біржола талқандап, ұлыс шегінен асыра қуды. Сол кезеңдегі Түркістан уалаятына қарасты қалалардың көпшілігі Қазақ Ордасының құрамына енді.
1511-1520 жылдары – Қасым ханның билік құрған дәуірі. Ежелгі Көк орда жерінің басым бөлігі және Жетісу қазақ ордасының иелегіне айналды. Халықтың саны бір миллионнан асып, әскер саны үш жүз мыңға жетті.
Шамамен 1511 жылы – Қасым хан «Қасқа жол» деп аталатын ең алғашқы заң жүйесін қабылдады.
1512 жылы – Қасым хан Сайрам қамалын алды, Ташкентке жорық жасады.
1521 жылы – Жайық өзені бойындағы салтанатты қала Сарайшықта дүние салады.
Камал Ад-дин Бинай, «Шайбани-наме» кітабының авторы:
«Ол – Бұрындық ханның әскерлері ішіндегі атақты баһадүрі және мықты сұлтанның бірі болды».
Бабыр, билеуші:
«Қазақ халқының бұрынғы-соңғы хан, сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес. Оның үш жүз мың әскері бар еді».
Абдаллах бен Мұхамед бен Әли Насруллах, ортағасырлық тарихшы:
«Қасым хан бүкіл Дәшті-Қыпшақтың падишахы болды. Ол ұлы істер жасау үшін туған адам еді. Қасым ханның қисапсыз әскері қазақтар мен ноғайлардан құралған еді».
Мұхамед Хайдар Дулати, тарихшы:
«Қасым хан бүкіл Дешті-Қыпшаққа билік жүргізді. Оның қарулы халқының саны миллионнан асатын. Шыңғыстың ұлы Жошы ханнан соңғы жерде бұл жұртта Қасымнан асқан құдіретті хан болған жоқ».