Қазақстанда тұңғыш рет жасөспірімнің ағзасына инновациялық имплант енгізілді
— Астанадағы Ана мен бала орталығында жасөспірімнің жақ сүйегіне титандық имплант енгізілді. Мұндай операция Қазақстанда тұңғыш рет жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
17 жастағы студент жол апаты салдарынан 12 жыл бойы аузын толық аша алмай, қиындық көрген. Операция сәтті өтті. Енді дәрігерлер бұл тың әдісті кеңінен меңгеріп, елдің барлық өңірінде енгізуге ниетті. Себебі, Қазақстанда 40-қа жуық бала осындай емге мұқтаж. Ал шетелде мұндай операцияның құны 50 мың доллардан асып жығылады. Студент балаға отандық дәрігерлер бұған дейін 3 рет операция жасаған. Бірақ нәтиже болмаған. Кейін Диас Ана мен бала орталығына жүгінген. Жасөспірім қазір өзін жақсы сезінеді. Аузын толық ашып, өздігінен тамақтанады, емін-еркін сөйлейді. Тіпті, 8 келі салмақ қосқан. Диастың оң жақ сүйегіне қазір протез салынды. Бірақ оны жасау оңайға соқпаған. Мамандар жасөспірімнің суретін арнайы компьютерлік бағдарламаға салып, 3D кескінін жасаған. Сосын протезді шетелден арнайы тапсырыспен алдыртқан. Ал бұрын-соңды болмаған емді әзірге орталықта, хирург Руслан Ся-Тун-Чин ғана меңгерген. Ол үшін маман Ресейде арнайы білімін шыңдаған. Әрине, білікті маман жыл сайын 180-нен аса операция жасап жүрсе де, мұндай күрделі емді алғаш рет қолданған. Бес сағатқа созылған операцияға Русланнан бөлек 7 маман қатысты. Ем-дом сәтті аяқталды. «Арнайы протез дайындамай, стандартты түрін қолдануға болады. Бірақ тәжірибе оның тиімділігі аз екенін көрсетіп отыр. Әрине, титаннан жасалған протездің орнына адамның сан еті сүйегін алып, жағына сәйкестендіріп қоюға болады. Бірақ уақыт өте келе сүйек құрылысы 20-30 пайызға сорылып, жақтың ұзындығы мен биіктігіне сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан біз балаға арнайы өзіне лайықтап жасалған протез салдық. Бала өссе де, протездің ешқандай кері әсері болмайды», — дейді жақ-бет сүйегі хирургы Руслан Ся-Тун-Чин. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операцияны жасөспірім 15 жастан асқан кезде ғана жасауға болады. Себебі, оған дейін баланың жақ-бет сүйегі өсіп-жетіледі. Ал елімізде мұндай ем-домға мұқтаж жандар баршылық. Ана мен бала орталығы оларға көмек қолын созуға дайын. «Алған импланттың бағасы бар, 3D салған бағасы бар. Сонда 2-3 млн шықты. Өзімізде жасасақ осынша ақша. Қазір проблема жоқ. Дәрігерлер көрді. Өз қолдарына сеніп, әрі қарай оны дамытса, енді үкіметтің көмегі болса. Дәрілері, шығын заттары болса, оны істейді», — Ана мен бала орталығы директорының орынбасары Шолпан Алтынова.